- Advertisement -

Балық таусылмайтын байлық емес

299

- Advertisement -

Десек те оны еселеп өсіруге кедергі келтіретін қаскүнемдердің әрекетіне тыйым салынбауда.

Қазақ үшін мал етінің жөні бөлек, әрине. Ал, балық етіне қызықпайды, оның пайдалылығына аса мән бергісі келмейді. Мұнысы қалай? Ғылыми мөлшер бойынша бір адам жылына 14 килограмм балық өнімін тұтынуы қажет екен. Ал, қазір елімізде әр адам бар болғаны 3-4 килограмм балық өнімін пайдаланатын көрінеді. Осыған қарап-ақ, қазақтың қаншалықты «балыққұмар» екендігін байқауға болады.

13Ғалымдардың пікірінше, балықты көп жейтін адамдардың миларының белсенділігі де, есте сақтау қабілеті де жоғары болады екен. Балық еті – адам ағзасы үшін де өте пайдалы. Оны қолдану арқылы бауыр ауруларының алдын алуға болады. Балық белогында бой өсіруге ықпал ететін лизин қышқылы да мол. Балық өнімдерінен жасалған тағамдар ас қорыту бездерінің жұмысын жақсартады. Олардың құрамында йод, фтор, фосфор, мыс, кобальт сияқты химиялық элементтер бар.
Өткен ғасырдағы 1980-1990 жылдары облысымызда 550 тоннаға дейін балық ауланатын. Одан кейінгі жылдары бұл шаруа қожырап және броконьерліктің салдарынан балық аулау деңгейі төмендеп кетті. 2008 жылы – 158 тонна, 2009 жылы – 139 тонна 261 килограмм, 2010 жылы – 149 тонна 38 килограмм балық ауланды. Бұдан кейінгі уақытта біртіндеп балық аулау көлемі арта бастады. 2011 жылы – 166 тонна 258 килограмм, 2012 жылы – 163 тонна 754 килограмм, өткен жылы 167,6 тонна балық ауланса, биыл 410,17 тонна балық ауланады деп жоспарланып отыр.
12Облысымыздың табиғи жағдайы мен климаты балық шаруашылығын дамытуға қолайлы. Өңірімізде жалпы аумағы 19551 гектар болатын балық шаруашылығы су айдындары мен ұзындығы 2 мың шақырымнан аса үлкенді-кішілі өзендер бар. Осы су айдындары мен өзендерде тұқы, сазан, табан, мөңке, қызылқанат, шармай, жыланбас, аққайран, ақмарқа, алабұға, шортан, торта, қылыш, ақамур, көксерке, дөңмаңдай сияқты балық түрлері кездеседі.
Облыс аумағындағы өзен-көлдер мен су қоймаларында жоғарыда айтып өткеніміздей балықтың алуан түрі тіршілік етеді. Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне шағын және орта көлемдегі 108 су айдыны енгізілген. Оның 92-сі конкурстар өткізу жолымен табиғат пайдаланушы заңды және жеке тұлғаларға 10 жыл мерзімге бекітіліп берілген. Өткен жылы облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдындарынан 189,4 тонна балық аулау лимиті бекітілді. Бірақ, табиғат пайдаланушылар өздеріне бекітілген су айдындарынан 167,6 тонна балық аулады. Сөйтіп, жергілікті бюджетке 2 миллион 327 мың теңге түсірді. Тұрғын халықтың саны да, балық өнімдеріне деген сұранысы да барған сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, қол жеткен межелермен шектеліп қалуға болмайды.
Биыл «Қоршаған ортаны қорғау іс-шараларын жүргізу» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 3 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңы басшылыққа алынып, облыс аумағындағы су айдындарын төлқұжаттандыру мен түгендеу және бекітіліп берілмегендерінің биологиялық жай-күйін бағалау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы балық шаруашылығын бекітіп беруге арналған конкурсты былтыр желтоқсан айында өткізді. Осы шара арқылы табиғат пайдаланушыларға 7 су айдыны облыс әкімдігінің арнайы қаулысымен 10 жылға бекітіліп берілді. Одан басқа, облыс әкімдігінің хаттамалық тапсырмасы бойынша «Мыңарал» ЖШС-на Балқаш көліндегі бекітілмеген балық шаруашылығы учаскелерін алдыру үшін Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне конкурс өткізу жөнінде хат жолданды. Нәтижесінде, аталған өндірістік кәсіпорын №41 Қашқантеңіз учаскесіне, «Рыбпром» серіктестігі №36 «Орта арал», «Аяқ арал» учаскесіне ие болды.
Облыстағы су айдындарының басым бөлігі егіндіктерді суаруға қажет ылғал қорын жинақтауға арналған және мақсатты түрде пайдаланылып отыр. Жаздың ыстық күндері ауылшаруашылық дақылдарына ылғалды мол жеткізуге ұмтылатындар канал-тоғандардан балықтың арық-атыздарға өтіп, су тартылғанда көбіне қырылып жататындығын ескере бермейді.
Биыл балықтардың уылдырық шашу кезеңі 15 сәуір мен 31 мамыр аралығы деп белгіленген болатын. Осы уақыт аралығында балық аулауға тыйым салынды. Аталған басқарманың ормандарды қорғау жедел қызметі мен аудандардағы орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлерінен 18 жылжымалы топ құрылып, олар 87 рейд жүргізіп, 67 заң бұзушылық туралы хаттама толтырды. Соның ішінде 4 қылмыстық іс қозғалды, тыйым салынған кезде балық аулаушылардан 61 қармақ, 4 тор, 2 дана шанышқы

тәркіленді. Су айдындарының байлығына қолсұғушылардың бірқатарының ісі тиісті орындарға шара қолдану үшін жіберілді.
Қолданыстағы табиғат қорғау ережелері бұзылмауына жол бермеудің бір тәсілі – тұрғындар арасында үгіт-насихатты кеңінен жүргізу. Өкінішке қарай, бұл жұмыс жергілікті жерлерде ойдағыдай деп айту қиын. Осыдан барып, балықтардың табиғи жолмен өсіп, көбеюіне кедергі көп туғызылып жатады.
Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өткен жылы «Балық шаруашылығын жүргізу» жөніндегі келісім-шарттағы міндеттемелерін орындамаған табиғат пайдаланушыларды су айдындарын пайдалану құқығынан айырды. Мәселен, Т. Рысқұлов ауданы аумағында орналасқан «Юбилейное» су айдыны «Ұлы-Сұлтан» серіктестігінен, Байзақ ауданындағы «Юбилейное» су айдыны «Тараз-Тіршілік» ауылдық тұтыну кооперативінен, Шу өзені көлдер жүйесі №1 учаскесі «VIТА LТD» серіктестігінен сот шешіміне сәйкес, облыс әкімінің қаулысымен қайтарып алынды. Сондай-ақ, «Балық шаруашылығын дамыту» жоспарларын орындауға инспекция тарапынан қатаң талап қою барысында «Қайыңды», «Сарғау», Сарысу ауданындағы «Үлкен Қамқалы», Мойынқұм ауданындағы «Қаракөл», Т. Рысқұлов ауданындағы «Белогорька» су айдындарынан, Шу өзені көлдер жүйесі №2 учаскесінен иелері өз еріктерімен бас тартып, облыс әкімінің қаулысымен кері қайтарып алынды. Биыл бұлар қайта бекіту үшін конкурсқа қойылды.
«Уылдырық-2014» іс-шараларын орындау барысында бақылау және инспекция бөлімінің мемлекеттік инспекторлары 132 қаскүнем балықшыға хаттама толтырып, 731560 теңге айыппұл салды. Жыл басынан бері әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы хаттама саны 170-ке жеткен. Балықтардың уылдырық шашу кезінде заңды бұзған 5 адамның ісі сот қарауына жіберілді. Бұл көрсеткіштер былтырғы осы уақытпен салыстырғанда едәуір көп.
Істері сотқа жіберілген кейбір қаскүнем балықшының аты-жөнін атап өтсек. Шаруашылық маңызы бар су айдындарында уылдырық шашу кезеңінде балық аулаған Серік Сәрсенбаевтың ісі Талас аудандық сотына, ал, Ақжол Теңгебаевтың ісі Жамбыл аудандық сотына жолданған. «Белогорька» су айдынынан қолдан жасалған шанышқымен балық аулаған Валентин Чернопятовтың ісі Т. Рысқұлов аудандық сотына өткізілген. Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл су айдындарын өзара байланыстыратын Аса өзенінде және құймаларында балықтардың көші-қон жолы болғандықтан 1 наурыздан 1 шілдеге дейін балық аулауға тыйым салынған. Алайда, оңай олжа іздегендер бұл жайға қарамай, көбінесе түнделетіп балық аулауға шығады. Заң бұзушылыққа барған қаскүнем балықшыларға 37 мың теңгеден айыппұл салынды.
Балықтың уылдырық шашуы кезінде қасақана балық аулайтындарға не деуге болады? Өткен жылы Жамбыл ауданының Сұлукөл су айдынында электр тогын пайдаланып, балық ұстаған Өрнек ауылының екі тұрғыны үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олар токқа түсіп өлген балықтардың ірілерін ғана іріктеп алған. Ал, жараланған балықтар ұрық шашу қабілетінен айырылып, аурудан ұзаққа бармай қырылып жатады. Обалды білмейтіндер осындай қатыгездік әрекеттен де еш тартынбағаны ғой. Қолдануға тыйым салынған тормен балық аулағаны үшін Талас ауданының Ақкөл көлінде 2 азамат, Байзақ ауданының Қарабақыр су айдынында 4 азамат ұсталды. Бұлардың істері де, әрине, сотқа жолданып, олар тиісті жазаларын алды. Қалай десек те, қара бастың ғана пайдасын ойлап, табиғатқа залал тигізу – қиянат екенін естен шығармаған жөн.
Бүгінгі таңда қолданылып жатқан қатаң шараларға қарамастан, балық ресурстарының заңсыз кәсіпшілігі әлі де баршылық. Тәуелсіз зерттеулердің мәліметінше, тасадағы балық аулау үлесі өте жоғары. Оған тосқауыл қоюға тиісті орын мамандарымен қатар, жалпы тұрғындар атсалысуы керек-ақ.
Жуырда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Мойынқұм ауданында жұмыс сапарымен болып, Мыңарал балық зауытының жай-күйімен танысты. Сонда мойынқұмдықтармен кездесу барысында «Осы Балқаш көлінің балығы жергілікті тұрғындардың «көмегімен» қырғыз асып, қызығын солар көріп жатқан сыңайлы. Бар балығымызды неге өзіміз пайдаланып, пайдасын көрмейміз? Браконьерлерге болысып, табиғат байлығын талан-таражға салмайық», – деген еді. Қазір балық өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Демек, балық қорын молайту шараларын атқаруға жіті көңіл бөлу керек. Балық шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаржысы да тиімді пайдаланылғаны қажет. Су айдындарын пайдаланушылар тиісті талаптарды орындауда жауапкершіліктерін арттырғандары абзал. Өйткені, табиғат байлығын ел игілігіне жарату, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қомақты үлес қосу – басты міндет.

Лесбек Сайлаубек,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support