- Advertisement -

ІТ орталық білімгерлері игіліктен кенде қалмайды

234

- Advertisement -

Өйткені олар шәкіртақы алып, жатын орынмен қамтылады

«Нұр Отан» партиясы жүзеге асырып жатқан ірі жобалардың бірі – «Білікті мамандарды даярлауға арналған ІТ орталықтар» бастамашыл жобасы. Бұл уақыт сұранысына сай қолға алынған шара екені даусыз. Осы жоба аясында партияның облыстық филиалы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен Тараз қаласында тағы бір ІТ орталық ашылды.
Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруды және білікті ІТ мамандарды даярлауды мақсат тұтқан орталық М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында орналасқан. Жоспарға сай онда жыл соңына дейін 50 адам оқытылмақшы. Алдымен осы қаладағы және аудандарда ІТ мамандығы бар, бірақ жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандарға мүмкіндік беріледі. Олар осы орталықта әрі қарай білімдерін жетілдіріп, бағдарламалауды үйренеді. Оқу мерзімі аяқталғаннан кейін мамандарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері қарастырылады.
Мамандарға 3 ай мерзімде 5 курс бойынша сұранысқа ие цифрлық саладағы «Java», «Python», «PHP», «C/C++» және басқа да бағдарламалармен жұмыс істеуді үйретеді. Бұл туралы ІТ орталықтың ашылу салтанатында аталған университеттің оқытушысы, информатика магистрі Ербол Мусинов айтып өтіп, орталықтың жұмысымен жан-жақты таныстырды.
– Еліміздегі көшбасшы партия өңір тұрғындарына цифрлық дағдыларды үйрету және ІТ кәсіпкерлікті дамыту ісінде де көш бастап тұр. Осы бастамашыл жобалар Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарына қатысуға партияның толық дайын екенін көрсетеді. Биылдан бастап «Нұр Отан» 22 бастамашыл жобасын іске асырып отыр. Осы жобаның біреуі – ІТ мамандарын дайындайтын орталықтар ашу ісі. Осы бағытта республика бойынша 20 орталық ашылу керек болса, соның бірі біздің өңірімізде жүзеге асты – деді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат.
Бір айта кететіні, ІТ орталықта білім алатын мамандарға ай сайын 16 мың теңге шәкіртақы және жолақысы төленбек. Сонымен қатар жатын орынмен қамтамасыз етілетін болады.

 

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support