Алғыс арқалаған Айтбай
Алғыс арқалаған Айтбай
Дәрігер мамандығын таңдау үшін, әлбетте, үлкен жүректілік қажет. Ақ желеңді абзал жан өзінің адам өмірінің арашасы екендігін жауапкершілікпен шынайы сезіне білуге тиіс. Есімі өңірімізге танымал, міне, осындай азаматтардың бірі хирург Айтбай Ибақ. Оның өмір жолы қат-қабат қиындықтарға, қайшылықтарға да толы. Әке-шешесінен ерте айырылған Айтбай әкесінің ағасы Ізтілеудің қолында тәрбиеленіп, өсіп-жетіледі. Алғашқы еңбек жолын Тараз қаласындағы қысқа мерзімді арнайы курста оқып меңгерген мамандығы бойынша Түймекентте 1959-1962 жылдар аралығында есепші болып бастайды. Алайда, еңбекке ерте араласқан алғыр жігіт білімін одан әрі жетілдіріп, қалайда дәрігер болу әсте ойынан кеткен емес. Өзін-өзі осы кәсіпке іштей дайындап та жүрді. «Емшілік менің тегімде болған екен. Арғы аталарымның емшілікпен ауыл-аймаққа танылғандары да болыпты. Содан ба, осы салаға бүйрегім бұрды да тұрды. Ауылдастарым да дәрігер болуымды қалайтын» дейді оның өзі. Ақыры оның дегені болды. 1962 жылы Ақтөбе мемлекеттік мединститутының емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп те шықты. Дәрігерлік жолын өзінің туған жерінде, Байзақ аудандық орталық ауруханасында бастайды. Аурухананың сол кездегі бас дәрігері Қадырбек Құлымбаев оны құшақ жая қарсы алып, соңыра арнайы курстарда оқып, білімі мен тәжірибесін жетілдіруіне де мүмкіндік жасайды. Әбден машықтан өткен Айтбай аудандық орталық ауруханада бастапқыда қатардағы оташы, көп өтпей хирургия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Сол тұста мұнда күрделі жоспарлы операциялар жиі жасала бастады. Бұл оталардың барлығын Айтбай Ибақұлы өзі басқарып, бақылауында ұстап отырды. Ал, 1978 жылы ауданның бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып, бұдан әрі де қызметін мінсіз атқарды. Ол сол тұста Алматы, Мәскеу, Ленинград сынды үлкен қалаларға, сондай-ақ, Германияға да барып білімі мен тәжірибесін шыңдап қайтады. Ал, 1985 жылдан бастап, облыстық ауруханада хирург-ординатор болып қызмет етуге кіріседі. Ол бүгінде зейнетке шықса да, қызметінен әлі қол үзген жоқ. 2010 жылдан бері Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуіне сәйкес, облыстық ауруханада дәрігер-хирург, сарапшы болып жұмысын жалғастыруда. Ол – өзі қалаған хирургия саласы бойынша бірнеше еңбектер жазған, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, тәжірибелі де кәсіби маман, жоғары санатты дәрігер. Өзінің өмірлік тәжірибесін жас мамандарға үйретуден әсте жалыққан емес. Еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Өз ісінің білгірі, білікті маман әр жылдарда «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, салалық мекемелер тарапынан Алғыс хаттарымен, Грамоталармен марапатталған. Қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Алғыс арқалаған жанның отбасы да көпке үлгілі. Зайыбы Сапура екеуі төрт ұл тәрбиелеп, жеткізді. Оның өмір жолы тұнған өнеге.
Шаухари НҰРМАХАН, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.