Саясат

Белсенді жастар бас қосты

Белсенді жастар бас қосты

Жыл сайын облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өтетін «Қазақстан халқы Ассамблея жастары – 2018» аймақтық жастар форумы биыл да өз жалғасын тапты. Үш күнге созылған жазғы лагерьге 23 этномәдени бірлестіктің белсенді жастары шақырылып, жоспарға сай әртүрлі іс-шара, ойын-сауық бағдарламалары, спорттық жарыстар өткізілді. Тәрбиелік мән-мағынаға ие қысқа метражды фильмдер көрсетілді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған революциялық емес, эволюциялық дамудың мәнін түсіну үшін елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін білу қажет. Осы тұрғыдан алғанда, бұл шараның тағылымдық мәні зор болғанын айта кету керек. Себебі жастардың бойындағы толерантты мінез-құлық өзара түсіністігінен, бір-біріне құрметпен қараудан қалыптаса бастайды. Ал ол өз кезегінде прагматикалық көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында нақтыланған міндеттердің де түпкі мәні осыған саяды. Ал қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін жастардың кәсіби білімі мен білік-дағдыларын арттыру керек. Негізгі мақсат – елімізді мекендеген әрбір ұлт пен ұлыстың мәдениеті мен өркениетін насихаттап, татулық пен тұрақтылықты, бірлік пен біртұтастықты сақтауға үндеу. Форумда сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев пен ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Альбина Тапаева жастарға осындай игі жақсы тілектерін жеткізді. Шараға жиылған этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары «Болашақ мұрагерлері», «100 жаңа есім», «Жаңғыру жолы» және «Мәңгілік Ел жастары» деген топтарға бөлініп, өзара жарысқа түсті. Олар алғашқы күні Альбина Тапаеваның «Қоғамдық сананы жаңғырту сияқты әлеуметтік және мәдени құндылықтарды трансформациялау» атты семинар-тренингіне қатысты. Спикер өз баяндамасында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының маңыздылығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы жұмысының қорытындысы бойынша қабылданған қоғамдық сананы жаңғырту, бірлік пен бірегейлікті нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды. Сонымен қатар жаһандық және өңірлік сын-тегеуріндер мен қатерлер жағдайындағы қазіргі кезеңдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын анықтау үшін өзара пікір алмасты. Екінші күні «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелеріне «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» акциясы шеңберінде Берікқара шатқалын аралауға мүмкіндік туды. Берікқара Жуалы ауданында орналасқан республикалық маңызға ие кешенді мемлекеттік тарихи нысан екені белгілі. Мұнда біздің елімізде ғана сақталып қалған, канадалық ботаниктердің назарын аударған өте сирек кездесетін терек өседі. Сондай-ақ Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген 51 түрлі өсімдік бар. Форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынған «Қазақтану» жобасы да насихатталды. Мекеме әдіскері Айжан Дыбысалы этносаралық және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері бойынша пікір алмасу, жұмыс тәжірибесімен бөлісу мақсатында жастарға «Бас тарту» дәстүрінен бейнеролик көрсетті. Қазақ халқына ғана тән мұндай кәде өзге ұлт жастарының салт-дәстүрімізге деген қызығушылығын оятып, мағлұмат алуға мүмкіндік берді. Еңбек саласында этносаралық қатынастарды реттеу әдістері, ақпараттық қоғам жағдайында этносаралық бірлік құндылықтарын қалыптастыру ерекшеліктері көпшілік назарына ұсынылған қысқа метражды фильмде толық көрініс тапқанын айта кету керек. Тәрбиелік мәні мен мағынаға толы фильмді жан-жақты талқылаудың арқасында ұлт бірлігі ұрпақ қолында екенін түсінген этномәдени бірлестік жастары ерекше әсерге бөленді. Форумның үшінші күні Вера Майкович қолөнер шеберлігі бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Сондай-ақ мәдени көпшілік іс-шаралар бөлімінің ұйымдастыруымен театрландырылған қойылымдар көрсетілді. Соңында белсенді жастар марапатталып, естелік сыйлықтар тапсырылды.

Назерке ОҢҒАР, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі баспасөз қызметінің маманы.