- Advertisement -

Сенаторлар Қызылшаның түсімі гектарына 1000 центнер болатынын естіп қуанды

466

- Advertisement -

Парламент Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев облысымызға жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары іссапарларының алғашқы күнінде Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында болып, бірқатар шаруа қожалықтардың жұмыстарымен танысты.
Алдымен Меркі ауданындағы Меркі ет комбинатына барған сенаторлар өңіріміздегі мал сойып, ет өндіріп жатқан бірден-бір ірі кәсіпорынның тыныс-тіршілігін барлады. Өнімі тек өз елімізге ғана емес, шетелдерге де шығарылатын кәсіпорынға Бахрейн мен Иран елдері негізгі тапсырыс берушілер қатарында екен. Комбинаттың күніне 1000-1500 қой, 250-300 ірі қара малын союға мүмкіндігі бар. Әзірге бұл мүмкіндік 30 пайыз ғана орындалып отыр. Өйткені союға әкелінетін мал аздау болып тұр екен.
– Шетелдіктер халал етті таңдап-таңдап алады. Талғамдарынан шыққан болуымыз керек, Бахрейн мен Иран бізге үзбей тапсырыс беріп келеді. Осы екі мемлекетке өткен жылы 214 тонна ет жібергенбіз. Биыл көлемді арттырдық. Бірінші жарты жылдықта сыртқа, осы екі елге 360 тонна ет жөнелттік. Жыл аяғына дейін экспортты 1000 тоннаға дейін жеткізу көзделуде, – деді комбинаттың вице-президенті Сұлтан Әлиасқаров. Ол мұнда барлығы 80 адам жұмыс істейтінін, айлықтары орта есеппен 60 мың теңге шамасында екенін жеткізді.
Жоғарғы палата депутаттары келесі кезекте аудандағы қызылша егумен айналысып отырған «Трансфер», «Сыпатай батыр» шаруа қожалықтарының егіс алқабына атбасын бұрды. Он гектар жерге тәтті түбір отырғызған «Трансфер» шаруа қожалығының басшысы Владимир Бондоренко әр гектардан былтыр 700-800 центнерге дейін өнім алса, биыл одан жоғары жетістікке қол жеткізуге тырысып жатқандығын айтады. Ол жаңа ылғалды сақтап тұратын тамшылатып суару технологиясының игілігін көруде. Ал 300 гектар жерге техникалық дақыл отырғызған «Сыпатай батыр» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Шайхиев халық қалаулыларына жұмыстың қалай атқарылып жатқандығын жан-жақты баяндап берді. Оның айтуынша, шаруашылық барынша жаңа, керекті техникалармен қамтылған. Қызылша алқабы толығымен жаңбырлатып суару жүйесімен суарылады. Сондай-ақ биылғы өнім әр гектарына 1000 центнерден түседі деп күтілуде. Бұл, әрине, жоғары көрсеткіш. Қазық жұмыстары қыркүйек айының аяғына басталмақ.
Сенаторлар осы күні түс ауа Т.Рысқұлов ауданындағы жылқы, ірі қара малдарын байлап, бордақылаумен айналысып отырған «Сүйін» шаруа қожалығына барды. Еңбекші ауылында орналасқан шаруа қожалығының қазір бордақылау кешенінде барлығы 100-ден аса мал бордақылануда. Кешен басшысы Әлихан Дәрменқұлов қоңды мал Алматы және Тараз қалаларының базарларында сатылып жатқандығын, реті келсе сойып, еттей жөнелтетінін де тілге тиек етті. Сондай-ақ жұмысшылар саны 10 адамды құрайды. Оларға тұрақты түрде 50000 теңге орташа еңбекақы тағайындалған. Төрт ағайынды Дәрменқұловтардың жасап отырған бұл жұмысына риза болған депутат Мұратбай Жолдасбаев мұндай тірлікті өзгелерге үлгі ету керектігін айтты. Аудандағы жұмыс сапарында халық қалаулылары «Аяна» жекеменшік балабақшасы мен «Шәушен» шаруа қожалығының мал сою, етті тоңазытып сақтау кешенінде де болды. 250 миллион теңгеге соғылған аталмыш шаруа қожалығының етті тоңазытып сақтау кешені 2016 жылы пайдалануға берілген. Онда отыз бес тоннаға дейін ет сақтап, тәулігіне 200 қой, 50 жылқы союға мүмкіндік бар. Санитарлық-тазалық талаптары да барынша сақталған. Сараптамалық тексеріс зертханасы да тиісінше жұмыс жасауда.
Парламент Сенатының депутаттары М.Жолдасбаев пен А.Нұралиевтің облысымыздағы жұмыс сапары өзге аудандарда жалғасын тапты.

 

Жанғазы АХМЕТ

Меркі, Т.Рысқұлов аудандары.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support