«Адал жол» марафоны – аудандарда
«Адал жол» марафоны – аудандарда
«Адал жол» марафон-эстафетасы аудандарға да жетті. Республика көлемінде өткізіліп отырған марафонның басты мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын күшейту, сыбайластықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын қалыптастыру. Аталмыш шара аясында бірнеше іс-шара ұйымдастырылып, оған аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелердің барлығы атсалысты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Жақсыбаевтың айтуынша, «Адал жолды» таңдауға шақырған марафон кезінде барлық мекемелерде сыбайластықтың алдын алуды көздеген көптеген іс-шаралар ұйымдастырылған. – 16 шілде мен 3 тамыз аралығында «Адал жол» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон-эстафетасы аясында аудан бойынша түрлі форматтағы 29 іс-шара өтті. Бұл шараларға өңіріміздегі 19 ауылдық округ түгелдей қатысып, белсенділік танытты. Біздің болашағымыздың жарқын болуы – жастарды қалай тәрбиелегенімізге байланысты, сондықтан бұл шараларды ұйымдастыру барысында жастарды көбірек тартуға айрықша көңіл бөлдік. «Жастар ресурстық орталығы» мен ауылдық округ әкімдіктері бірлесе жұмыс істеп, жас жеткіншектер арасында сурет салудан байқаулар және бірнеше акциялар өткізді. Өз кезегінде, бұл шарадан аудан әкімдігінің ішкі саясат, спорт, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері де қалыс қалған жоқ. Жалпы марафонға аудан бойынша барлығы 1500 адам жұмылдырылды, – деді Нұрлан Сегізбайұлы. Бүкіл аудан жұртшылығын қамтыған марафонның қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Клара Қожағапанова көрші Мойынқұм ауданының делегаттарын бастап келген аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеевке облыстық «Адал жол» марафон-эстафетасының кітабын табыстады. Айта кету керек, марафонға қатысушы аудан «Адал жол» кітабын өткізілген іс-шаралар барысындағы фотосуреттермен толықтырып, тілектер жазып, салтанатты түрде келесі ауданға беріп отырады. Осы шара барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мақсұт Нәлібаев «Нұр Отан» партиясының Шу аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының жеке сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар аудан активінің қатысуымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары мен талаптарын, мемлекеттік қызметшілердің әдептік нормаларын түсіндірген семинар өткізілді. Осылайша ағымдағы жылдың сәуір айында Тараз қаласынан бастау алған марафон Жамбыл, Талас, Сарысу, Жуалы, Меркі және Шу аудандарын аралап өтіп, Мойынқұмға жол тартты.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.