Экономика

Шудағы мұражай жаңа ғимаратқа көшпек

Шудағы мұражай жаңа ғимаратқа көшпек

Газетіміздің өткен сандарында «Мұражай мұңын кім тыңдар?» деген тақырыппен мақала жариялаған едік. Ондағы мақсатымыз – Шу ауданында ұзақ жылдар бойы ғимаратқа жарымай отырған аудандық тарихи-өлкетану мұражайының аянышты хәлін баяндап, бұл жайында құзырлы мекемелерді құлағдар ету болатын.

Тоғыз жолдың торабынан ойып орын алған дәл осы Шу өлкесінің тас дәуірінен бергі тарихынан сыр шертетін аталмыш мұражай осыдан тура 32 жыл бұрын қоғамдық негізде пайдалануға берілген. Шудағы құнды жәдігерлердің жалғыз ошағы саналған бұл музей ашылғаннан кейін араға он жыл салып, отқа оранады. Сөйтіп, жалын шарпыған ғимараттағы құнды жәдігерлердің біраз бөлігі келмеске кеткен. Бұдан соң, мұражайдағы төрт мыңға жуық жәдігер іргесі 1914 жылы қаланған ескілеу ғимаратқа орналастырылады. Музейдің аянышты хәлі бұнымен біткен жоқ. Бірер жылдан соң, ауданның атқамінерлері 100 жылдық тарихы бар бұл ғимаратты славян қауымдастығының шіркеуіне беру туралы шешім шығарады да, содан кейінгі төрт жылдай уақыт мұражай қараусыз қалып, жетім баланың күйін кешкен. Кейіннен, ондағы жәдігерлердің жартысы ескі мекен-жайда қалып, қалғаны аудандық өнер мектебінің екі бөлмесіне жайғастырылады. Сонымен не керек, сол кездегі аудан әкімі Бақытжан Нүркеновтің тікелей араласуымен 2014 жылы жергілікті бюджет есебінен аудан орталығы Төле би ауылындағы тозығы жеткен «Қаракөз» мейрамханасы 3 миллион 700 мың теңгеге сатып алынып, мұражай сонда көшірілмек болады. Алайда оның құрылыс жұмыстары жалғасын таппай, ұзақ уақыт тұралап қалған. Міне, жоғарыда аталған мақалада осындай жайсыз жайттардың барлығын тізбектей келе, Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Клара Қожағаппанованың да пікірін жазған едік. Ол өз сөзінде: «Аудандық музейдің ғимаратында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтіп, 36 миллион 670 мың теңгеге әзірленіп қойды. Дегенмен аталған қаражат әлі бөлінген жоқ. Алдағы уақытта келер жылдың қаржылық жағдайы бекітілетін болады. Сол кезде бұл мәселені көтеріп, қаржы бөлінуі үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз» – деп қысқа қайырған-ды. Бір қуанып айтарлық жайт, шулық шенділер дәл осы музей мәселесіне шекеден қарамай, үстіміздегі жылы мұражайға арналған ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарын бастап та кетіпті. Қуанышты хабарды ести сала, нысан басына барып, ғимараттағы жөндеу жұмыстарын өз көзімізбен көруді ұйғардық. Байқағанымыздай, мұндағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Айна Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Мерей Рымбековтің айтуынша, мұнда қазір 15 адам жұмыс істеуде. Білуімізше, қызу тірлік маусым айында басталып кеткен екен. Мердігердің сөзіне сенсек, ғимараттың жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында толығымен аяқталмақ. Ал аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Ләйлә Уалиқызының айтуынша, тұрғындардың дені ауданда мұражайдың бар екендігінен хабарсыз көрінеді. – Тарихы тереңде жатқан өңірдің өткенінен сыр шертетін мұражайы болмауы мүмкін емес, әрине. Дегенмен аудан тұрғындарының көбісі біздің мұражай туралы білмейді. Оған басты себеп – тұрақты ғимараттың жоқтығы екені белгілі. Енді міне, бағымызға орай, жаңа ғимаратымыз жөндеуден өтіп жатыр. Сәтін салса, жуық арада сонда қоныс аудармақшымыз. Қазір мұнда небәрі 3 жұмысшы бар болса, жаңа нысанға көшкен соң, қызметкерлердің саны да артпақ. Сонымен қатар биылдан бастап, мектептерде «Өлкетану» пәні енгізіледі деп естідік. Бұл да, оқушылардың музейге деген қызығушылығын арттыруға өз септігін тигізеді деген сенімдемін, – дейді ол. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі кезде алақандай ғана екі бөлмеде отырған музейдің қорындағы 4142 жәдігердің тек үш мыңға жуығы ғана келушілердің назарына ұсынылып келсе, жаңа ғимаратта қолда бар құнды заттардың барлығын да қонақтарға көрсетуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жаңа нысан пайдалануға берілген соң, қолдарындағы құнды жәдігерлерін мұражайға өткізуге ниет танытып отырған тұрғындар да бар екен. Сайып келгенде, бүгінгідей өркениетке өкше тіреп тұрған заманда өткенімізден сыр шертетін тарихи орнымызды үйсіз-күйсіз қалдыру қай-қайсымызға да сын болар еді. Осыны ескеріп, мұражай мәселесіне бел шеше кіріскен жергілікті биліктің бұл ісі көпке үлгі болса екен дейміз.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.