Спорт және туризм

Жамбыл облысы әкімнің кубогы

Жамбыл облысы әкімнің кубогы

30 тамыз – Конституция күні Тараз төрінде облыс әкімінің кубогі үшін журналистер арасында футболдан республикалық аламан өтеді. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы қолға алып отырған бастамаға қазірдің өзінде «Хабар» арнасы (Астана), Шымкент, Талдықорған және Батыс Қазақстанның «Жайық пресс» ұжымдары қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл дода бұрынғы додалардан өзгерек. Мәселен, осы күнге дейін айтылып жүргендей, облыс әкімінің кубогіне қатысушы командалардың құрамында жасы қырықтан асқан ойыншы болуы міндеттелген. Сонымен қатар БАҚ саласына қатысы жоқ, футболдағы мансабын аяқтағанына бес жыл толмаған азаматтар қатыспайды. Ереже бұзылған жағдайда команда жарыстан шеттетіледі. Додаға қатысушы командалар 28 тамыз күні кешкі 19.00-ге дейін өтініштерін тапсырып үлгеруі тиіс. Журналистер аламанында жеңіске жеткен команда облыс әкімі кубогіне, 700 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болса, екінші орын иегерлеріне 400 мың, үшінші орын иегерлеріне 200 мың теңге қаржылай сыйлық тапсырылмақ. Сондай-ақ «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша жеңіске жеткен азаматтар 25 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.