Экономика

ТИГУ-дің тұңғыш жатақханасы – бұрынғы «Тараз» қонақ үйі

ТИГУ-дің тұңғыш жатақханасы – бұрынғы «Тараз» қонақ үйі

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің енді өз жатақханасы болады. Өңіріміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі саналатын университеттің басшылығы өз студенттерінің сұранысын қанағат­тандыру мақсатында облыс орталығындағы «Тараз» қонақ үйінің ғимаратын сатып алыпты. Бүгінде ескі қонақ үйді жатақханаға айналдыру үшін тиісті қайта жаңғырту шаралары басталып та кеткен. Жағдайдың мән-жайына жан-жақты қанығу үшін аталған нысанға арнайы барып, ондағы жұмыспен таныстық. Алдын ала хабарласып, келіскеніміздей, бізді ғимарат алдынан ТИГУ-дің тәрбие және стратегиялық дамыту жөніндегі проректоры Санат Әшірбеков күтіп алды.

Шаһардағы ең үлкен көше – Жамбыл даңғылы бойында орналасқан, 0,86 сотық жерді алып жатқан «Тараз» қонақ үйі ғимаратының жалпы аумағы 7656,2 шаршы метрді құрайды екен. Енді міне, алдағы уақытта бұл ғимарат 400 орындық Студенттер үйіне айналмақшы. Қазірдің өзінде ғимараттың кей бөліктерінде ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онда үстіміздегі жаңа оқу жылынан бастап-ақ бірқатар студенттер қоныстандырылмақ. Ол туралы Санат Сағынбекұлы айтып берді. – Алғашында жаңа жатақхана саламыз деп жоспарладық. Оның құрылысын жүргізу үшін ыңғайлы орын іздей бастадық. Университет иелігіндегі жерлерді қарастырып, құрылысты күз айында бастап, екі жылда толығымен аяқтаймыз деп кеңескенбіз. Алайда кейін қайта ақылдасып, қала орталығына таяу орналасқан осы нысанды қайта жаңғыртуды жөн деп таптық.

Өзі қонақ үй болғандықтан біздің көп талаптарымызға сай келіп отыр. Қазіргі таңда университеттің әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерінің атсалысуымен нысанның 2-3-қабаттарында ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы қабаттардағы шаралар жуырда толығымен аяқталып, қыркүйектен бастап оған 160 студентті орнықтырмақпыз, – деді Санат Әшірбеков. Университет басшылығы ғимаратты 460 миллион теңгеге сатып алған. Проректордың айтуынша, күзден бастап нысанның шатырын толық жаңалау жоспарланған екен. Оған 200 миллион теңгедей қаражат қарастыру көзделіп отырған көрінеді. Ал қазір жобалау жұмыстары атқарылып жатқанын білдік. Шатыр толық жөндеуден өткен соң 4-5 -қабаттар және өзге де бөліктері қайта жаңғыртылады деп күтілуде. Жылу жүйелері мен қазандығын ауыстыру, артқы қасбетін қаптау, әрлеу секілді жұмыстар атқарылады. Ал қонақ үйдің алдындағы алаңша «Жасыл ел» мекемесіне қарайтын болғандықтан, мекеме қызметкерлері осы аумақты тазалау үшін сенбіліктер ұйымдастырып, көгеріштендіруге де атсалыспақ. – Қонақ үйдің әр қабатында 40 бөлме бар. Соның әрқайсысын екі адамдық бөлме ретінде жабдықтаймыз. Яғни бір бөлмеге қоныстанған студенттер екеуден артық болмайды. Бұл олардың алаңсыз білім алуына көмектеседі. Жалпы оқу ордамызда жатақханаға деген сұраныс 200-ден асатын. Біз осы сұранысты толық қанағаттандырып қана қоймай, университетке шетел және өзге өңірлерден келіп, дәріс беріп жатқан профессор-ғалымдар мен пәтерсіз жас мамандарды да мүмкіндігінше жатақханамен қамтуды ойластырып отырмыз. Оларды бұл уақытқа дейін қызметтік үймен қамтып келгенбіз, – деген Санат Сағынбекұлы жатақхана іске қосылғанда білім мекемесінің тәрбие бөлімі де осында көшетінін, тәртіп пен тазалыққа барынша ден қойылатынын айтып өтті. Тәртіп пен тазалық демекші, бұған дейін «Тараз» қонақ үйі көпшілікке «жын-ойнақтың» мекені ретінде жақсы таныс болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Оған себеп ғимараттың әр бөлігіне түнгі клуб, сауна, мейрамхана секілді көңіл көтеретін орындардың шоғырланғандығы еді. Тіпті қонақ үйдің қызмет көрсету сапасы, жайлылығы туралы да жақсы пікір көп айтылмаған. Біз осы мәселелердің қалай шешімін табатынын сұрағанымызда, проректор Санат Әшірбеков бәрінің оң шешілгенін жеткізді. Оның айтуынша, нысанды сатып алмай тұрып, қонақ үй иесінен олармен келісімді үзу талап етілген. Соның нәтижесінде ғимаратта ондай көңіл көтеруге арналған орындардың қарасы да қалмаған. Енді бұрынғы мейрамхана – жатақхананың асханасына, түнгі клуб пен сауна мәжіліс залы мен кітапханаға айналмақ. Сонымен қатар студенттердің өзін-өзі дамытуға арналған арнайы кабинеттер, сабаққа дайындалу, психологиялық көмек көрсету бөлмелері, түнгі абонемент, интернет-кафе, спорт зал мен жазғы алаңша және түрлі үйірмелер ашып, телефон балансын толықтыру терминалын орнату да көзделуде. Мұның бәрі студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізері сөзсіз. Ал жатақхана бағасы студенттерге қолайлы, өңіріміздегі өзге оқу орындарының жатақханаларынан аспайтындай етіп белгіленбекші. Қолға алынған бастама игі шаруа екені рас. Бірақ ол алты мыңға жуық студенті бар университетте жатақханаға деген мұқтаждық бар-жоғы 200 ғана орын екені таңғалдырады. Бұл сауалымызға проректор мырза осыған дейін жатақхана болмаған соң университетке ауыл балаларын аз қабылдауға тырысқандарын айтып, жауап берді. Облысымыздың аграрлық аймақ ретіндегі ерекшелігіне байланысты ауыл шаруашылығы саласындағы маман тапшылығын қанағаттандыру мақсатында университет базасында «Агрономия», «Өсімдік қорғау және карантин», «Ветеринариялық санитария» мамандықтарының ашылғанына да көп уақыт бола қоймағанын тілге тиек етіп, ендігі уақытта ауыл балаларының өтініштерін барынша қабылдауға дайын екендіктерін мәлімдеді.

 

Жанғазы АХМЕТ

Тілші түйіні:

Қалай десек те, Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасында көрсетілген «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасын жүзеге асыруды ТИГУ бірден қолға алып, мәселені шешуде нақты әрекетке көшкені қуантады. Әлбетте, жаңа ғимарат салу үшін үлкен қаражат қажет екені белгілі. Ал қаладағы осындай жарым-жартылай қаңырап немесе мүлдем бос тұрған нысандарды жалға немесе сатып алып, игілікке жарату істің ең тиімді тетігі десек қателеспейміз. Жастарды жатақханамен қамту мәселесінде өңіріміздегі өзге де жоғары оқу орындары осыны қаперге алса, құба-құп болар еді. Әйтпесе, еліміздегі жатақханаға зәру 100 мыңға жуық, ал облыста екі мыңға тарта студенттің сұранысы бірер жылда қанағаттандырылмайтыны анық. Әрине, бұл тек ресми көрсеткіш қана. Ал шын мәнінде ауылдан келіп, алыс ағайын-туысының үйін паналап, пәтер жалдап, білім алып жатқан жастар қаншама?! Соларды жайлы орынмен қамтамасыз етіп, алаңсыз білім алуына жағдай жасау – маңызды мәселе әрі Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы.