Ақпарат тық орталық ашылды
Ақпарат тық орталық ашылды
Елбасымыз өз Жолдауында «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деп, нақты бағдар берген болатын.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі төрт бағытының біріншісі ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға бағытталғаны белгілі. Бұл орайда ауылдық жердегі клубтардың базасынан тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді адамның өзі баруын қажетсінбейтін электронды форматта алуы үшін ақпараттық орталықтар ашу жоспарланған еді. Осы мақсатта облыс басшысы Асқар Мырзахметов жауаптыларға тікелей тапсырма берген-ді. Сол тапсырмаға сәйкес жуырда аудан орталығынан шалғай жатқан Түймекент және Диқан ауылдық округтерінде ақпараттық орталықтар ашылды. Орталықтың салтанатты ашылуына аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев қатысып, елді мекен тұрғындарына орталық арқылы он сегіз қызмет түрі көрсетілетінін айтып, қызметкерлерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде Түймекент ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Оразалы Бозай ауылдық кітапхана ішінен ашылған орталықтың елге тигізер пайдасына тоқтала келе, игі іске ауыл тұрғындары атынан алғысын жеткізді. Аталған орталықты техникалық қамсыздандыру үшін бір компьютер мен оның құрылғылары, сканер, принтер, картридж сатып алынған. Бір округке аудан бюджетінен барлық құрылғылар жиынтығын алуға 600,0 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Сонымен қатар ақпараттық орталықта ауыл тұрғындары кең жолақты интернет жүйесіне қосылып, кітапханадағы кітаптарды электронды түрде оқуға да жағдайлар қарастырылған. Енді ауыл тұрғындары қажет болған жағдайда аудан орталығы Сарыкемерге бармай-ақ, салық есептілігін тексеру, бет есебін қарау (лицевой счет), жеке кәсіпкер болып тіркелу, жеке және заңды тұлғалар табысы жайлы декларация өткізу, ветеринариялық анықтамалар алу, ауыл шаруашылығы жануарларына ветеринариялық паспорт бере отырып, бірдейлендіруді жүргізу (малға сырға салу) және осы секілді өзге де көптеген қызметтерге қол жеткізбек.Ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында аудандағы алты ауылдық округтің Мәдениет үйінен осындай орталықтар ашу жоспарлануда.
Мұхтар МАНЕКЕЕВ.
Байзақ ауданы.