Экономика

Жамбыл мен Түркістан өңірі: іскерлік байланыстар баянды болады

Жамбыл мен Түркістан өңірі: іскерлік байланыстар баянды болады

Өңірімізде жұмыс істеп жатқан инвесторлар қатары жылдан-жылға артып, инвестиция тартуды одан әрі жетілдіре түсу бағытында кешенді істер жүзеге асырылу үстінде. Соның бірі Түркістан облысының әлеуетті кәсіпкерлік құрылымдары өкілдеріне облысымыздың экономикалық мүмкіндіктері мен инвестициялық жобаларының таныстырылуы болды. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен еліміздің 3-мегаполисі саналатын Шымкент қаласында өткізілген алқалы жиын роуд-шоу түрінде өтті. Бұл іс-шараның басты ерекшелігі – инвестициялық мүмкіндіктерді тиімділікпен пайдалана отырып, сала ісін ілгері бастыруға септесетін жылжымалы кездесулер топтамасының ізашары болуында. Негізінен көрші облыстың инвесторларына өңіріміздің инвестициялық әлеуеті мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып көрсетіп, оларды түрлі іргелі жобаларға тарту көзделген еді. Ортаға салынған ой, пікір, ұсыныстар да мол болды.

Мәселен, өңіріміздегі іскер әйелдердің бірі, «Baiterek travel center» ЖШС-ның директоры Балагүл Махатова аталған басқосудан үлкен үміт күтетінін жеткізе отырып: – Мен 2006 жылдан бастап туризм саласында жұмыс істеп келемін. «Ақсу-Жабағылы» қорығының маңында, Жуалы ауданында этноауыл құрмақ ниетте бірнеше киіз үй тұрғыздық. 10 жылдан бері тау-шаңғы курорты мен этноауыл жобаларын қолға алу жөнінде бастама көтеріп, ұсыныстар айтумен келемін. Алайда тау-шаңғы туризмін дамыту аймағын құруға байланысты бастамамыз бүгінгі күнге дейін қолдау таппаған еді. Биыл облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл жобамызға қолдау білдіріп, үлкен кешеннің құрылыс жұмыстарын бастадық. Әзірге 7 киіз үй тұрғызылды. Жоспар бойынша мұнда әлі де 30 киіз үй орналастыратын боламыз. Бірақ олар қарапайым болмайды, суға, желге, суыққа төзімді етіліп жасалады. Жобаны германиялық сәулетші жасап берді. Енді үш қабатты қонақ үй салуды бастаймыз. Бұл керуен сарайлары тектес кешен болады. Жаңа үлгіде болса да, ата-баба дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктерімізден алшақтай қоймаймыз. Бүгінгі шараға осындай бастамаларымызға қызығушылық танытатын инвесторлар табылып қалар деген ниетпен қатысып отырмын, – деді. Жалпы басқосу барысында жамбылдық кәсіпкерлердің жиырмаға жуық жобасы көрсетіліп, бұл тұрғыда бірге жұмыс істейміз деген түркістандықтарға Әулиеата өңірінің инвестициялық мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. «Жамбыл облысының инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Дамир Егізбаев жиынды ашып жүргізіп отырды. Ол: – Біз таныстырып жатқан жобалардың саны – 18. Жалпы құны 170 миллиард теңгені құрайды. Олардың басым бөлігі агроөнеркәсіп кешені, құрылыс және туризм салаларына арналған. Ұсынылған жобалардың шын мәнісінде болашағы жарқын деп айтуға толық негіз бар, – деп атап өтті. Роуд-шоу форматында өткен бизнес-форумда аймақ кәсіпкерлерінің инвестициялық қолайлы ахуал қалыптастыру арқылы экономиканы өркендету жолдары жан-жақты талқыланып, сараланды. Таныстырылған жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты екені де қуантты. Өйткені бұл саланың өркендеуіне Жамбыл жерінің бірден-бір қолайлы аймақ екені еш талас туғызбаса керек. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Жақыповтың айтуынша, отандық инвесторлар жиыны дер кезінде өткізіліп отыр. Жалпы Әулиеата өңірінің инвестициялық мүмкіндігі зор. Мысалы, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлердің жаңа жобаларды жүзеге асыруы үшін мемлекет тарапынан 11 миллиард теңге субсидия бөлінген. «Бүгінде облыста инвестициялық жобалар ауқымы ұлғаюына байланысты қосымша 3 миллиард теңге қажет болып отыр. Осыған байланысты республикалық бюджетке өтінім жасадық. Қажетті қаражат жыл соңына дейін берілсе де, толық игереміз деген ойдамыз. Алдымызға қойған басты мақсаттарымыздың бірі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту болып отыр. Қолда бар техникаларымыз былтыр 4,5 пайызға жаңаланды. Ал биыл бұл көрсеткішті жоспарға сәйкес 5 пайызға жеткізу көзделуде», – деді ол. Бұдан бөлек, «Тараз химия паркі» мен басқа да бірқатар ірі кәсіпорындардың жобалары таныстырылып, олардың мүмкіндіктері кеңінен сөз болды. Түркістандық кәсіпкерлер де бірнеше ірі жобаларға қызығушылық танытып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді. Мәселен, жеке кәсіпкер Айдос Назаров: «Жамбыл өңірінің инвестициялық жобаларымен таныстық. Оларды толық зерделеу, зерттеу үстіндеміз. Бәрі де жақсы жобалар екен. Алдағы уақытта Т.Рысқұлов ауданындағы үдемелі алма бақ өсіру ісіне қатыссақ деп отырмыз», деген ойымен бөлісті. Ауқымды жоба аясында «Жамбыл облысының инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Дамир Егізбаев: – Дәл осындай роуд-шоу енді Алматы қаласында да ұйымдастырылмақ. Себебі таңдалып алынған екі қала да бізге жақын орналасқан және басқаларына қарағанда ірі орталықтар. Тәжірибеміз өз нәтижесін көрсетіп жатса, келер жылы мұндай іс-шараны тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелде де өткізу жоспарда бар, – деп түйді сөзін.

Альмира ОМАРОВА

Тараз – Шымкент – Тараз.