Саясат

Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ қайта жаңғыруда

Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ қайта жаңғыруда

Өңіріміздің рухани қазынасын байытуда атқарылып жатқан істерді естіп, көргенде облыс басшысына деген ризашылығымыз шексіз екенін алдымен айтқым келеді. Тарихқа, асыл тұлғаларымызға құрмет көрсету аса сауапты іс. Бабаларымыз сандаған ғасырлар бойы ұлан-байтақ жерімізді қорғап, жан-жақтан анталаған жауларымен қасық қандары қалғанша арпалысып өтті емес-пе?!. Әу бастан халқымыз армандаған тәуелсіздік жолындағы жүздеген көтерілістің бірегейі 1916 жылдан басталған ұлт-азаттық қозғалыстар екендігі ақиқат. 1916 жылдан тұп-тура 70 жыл өткен соң, 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінің болуы – ұлтжанды жастарымыздың қайрат-жігерін әлемге танытты. Сондықтан да оларға әрқашанда құрмет көрсету парызымыз. Тәуелсіздігіміздің қасиетті баспалдағы болған Желтоқсан көтерілісіне биыл 32 жыл болады. Желтоқсан көтерілісі десе, алдымен Қайрат Рысқұлбековтің есімі аталады. Өйткені қасіретті Желтоқсан мен Қайратты бөліп-жаруға болмайды. Себебі Қайрат Желтоқсан көтерілісінің алтын діңгегі. Сондықтан Қайрат Рысқұлбеков көтеріліске қатысқан жастардың жиынтық бейнесі. Қитұрқы қиянатпен оған «адам өлтірді» деп, жала жауып, ең ауыр ату жазасын тағайындайды. Дейтұрғанмен өркениетті елдердің зиялы қауым өкілдері сол кездегі Кеңес одағының көсемдеріне Қайраттың жазасын жеңілдету туралы жеделхаттар жібергендіктен ауыр жаза амалсыздан 20 жылға ауыстырылады. Міне, осыдан кейін Желтоқсан көтерілісінің батыры Қайраттың ұстазы Сейіткерім Қожаназармен ақылдаса келе, қыршын боздақ Қайрат Рысқұлбековтің өнегелі ғұмыры мен ерліктерін жастарымызға жан-жақты насихаттай отыра оның рухын қастерлейтін іс-шаралар өткізіп тұруға 1991 жылы наурыз айында арнайы қор ашқанбыз. Содан бері өскелең ұрпақтарымызды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде біршама игі істер атқардық. Ол жөнінде баспасөз беттерінде жарияланып отырғандықтан тағы қайталауды жөн санамадым. Дегенмен мына жайларды оқырман назарына ұсына кеткен жөн шығар. Семейдің СЕ-165/ 1 түрмесінде 1988 жылы 21 мамырда құпия жағдайда қайтыс болған Қайраттың қазасының себеп-салдарын анықтау мақсатында бірнеше жыл әуре-сарсаңға түсе жүріп, 1993 жылы 27 шілдеде оның мәйітін таңға жуық көрген дәрігер-сарапшы Болат Шалағановпен 21-камераға (бір түрме қызметкерінің айтуынша, камераның нөмірі ауыстырылған сияқты бірнеше азаматпен бірге кіріп, жан-жақты пікірлесе келе, жас боздақтың өміріне қастандық жасалғанына көз жеткіздік. Содан бастап сең қозғалғандай болып, Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің ұстаздарымен жоғарыдағы құзырлы орындарға Ашық хат жолдадым. Ал 1996 жылы 9 желтоқсанда Президентіміздің Жарлығымен Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілуі біздің ізденісімізге жаңаша рең, екпін берді. Ұлтжанды да өнегелі қасиеттерімен көзге түскен қазақ жастарына Қ.Рысқұлбеков атындағы сыйлық тағайындадық. Алғашқы сыйлықты 1993 жылы желтоқсан айында Омбыдағы қазақтың «Мөлдір» мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісоваға салтанатты түрде табыс еттік. Туған ауылы Бірлікте ескерткіш орнатылып, Гагарин көшесі, Алматы қаласындағы Обручев көшесі Қ.Рысқұлбековтің есіміне ауыстырылып, Астанадағы Ш.Құдайбердіұлы көшесімен Абылай хан даңғылы қиылысатын көшеге Қайраттың аты берілді. Өткен айда Тараз қаласына жолым түсіп, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлына жолыққанымда: – Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы ертеректен мәселе көтеріп жүргеніңіз белгілі, уақытыңыз болса оның ескерткіші орналасқан жердегі саябағын көріп кеткеніңіз жөн болар еді, – деген-ді. Облыс орталығына әр келген сайын жас боздақтың ескерткішіне тоқтап, рухымен тілдесіп, сырласқандай болып кететінім үйреншікті әдетке айналғандықтан, қаламгер бауырымның айтқанын құп көрдім. Саябақ түгелдей қоршалып, техникалардың күшімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Екінші келгенімде Қ.Рысқұлбеков ескерткішінің маңына орналасқан мейрамхана қызметкерлерінің бірі Нүпбай Батырбек атты інішек облыс әкімі А.Мырзахметовтің саябақты асықпай аралап, өздерімен де тілдескенін айта келіп, Қайраттың ескерткіші жаңғыртыла қайтадан сомдалып, ішкері жағына салынатын сәулетті ғимараттың алдына қойылатындығы жайлы жасалынған эскиз-жоспарын көрсетті. Құтты мекенім Төле би ауылына ерекше көтеріңкі көңілмен оралған маған жақында облыстағы белгілі қаламгердің бірі әрі мемлекеттік мұрағат қызметкері Мақұлбек Рысдәулет хабарласып, Қайрат Рысқұлбековке байланысты деректі құжаттар көшірмесін беруімді өтінді. Әрине, «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шаппақсың ба?» дегендей, уәделі ертеңгілік мерзімде қызмет орнында кездестік. Қайраттың өз қолымен түрмеден жазған хаттары мен басқа да құжаттарды алып барғанымда мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевқа да кездестім. Ол аймақ басшысы А.Мырзахметовтің облыс орталығын көркейту, жаңарту жұмыстарын қолға алып жатқанын ерекше шабытпен әңгімеледі. Қ.Рысқұлбековтің ескерткіші де қайта жасалынып, салтанатпен ашылатын құрылыс үстіміздегі жылы аяқталатынын да айтты. Бұл – бүкіл желтоқсаншыларға, оның ішінде, Әулиеата өңірінен шыққан және еркіндік үшін бұлқынған жастарға деген құрмет. Сол бір ызғарлы Желтоқсан күндері алаңға шыққаны үшін түрменің қасіретті дәмін татқан шулық Қали Қамбаров, Қайрат Рахметов, Кенжебай Отарбаев пен Мойынқұм ауданы, Қамқалы ауылының тумасы Жанас Қуатбекұлы Арынбеков, Жамбыл ауданы бұрынғы Пионер ауылынан Жамбыл Тайжұмаев сияқты азаматтарға мәңгілік ескерткіш екенін жақсы түсіндім. Мұндай іске қалайша қуанбайсың?! Әрине, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осының барлығы келешек ұрпағымызды отансүйгіштікке баулуда ауадай қажетті игі іс-шаралар екендігін басты назарға алған облыс әкімі Асқар Исабекұлына дән ризамыз. Жақсы істі біркісідей қолдаймыз. Бұл – бойға қуат, нұр құятын сауапты іс! Мәкен УАҚТЕГІ, Желтоқсан көтерілісін зерттеуші, ауданның Құрметті азаматы. Шу ауданы.