Экономика

Құрыш қолды шеберлердің еңбектері еленді

Құрыш қолды шеберлердің еңбектері еленді

Құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті. Шарада облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз сөйлеп, талай зәулім ғимаратта алақанының ізі қалған осы сала өкілдерін мерекесімен құттықтады. Оның айтуынша, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен биыл өңірімізде 28 миллиард теңгеге 107 нысанның құрылысын жүргізу көзделген, оның 90-ы жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Оның ішінде 20 тұрғын үй, 10 денсаулық сақтау, 10 білім, 31 инженерлік құрылым нысандары бар. Кейінгі алты айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 18,8 пайызға, тұрғын үй құрылысы 4,3 пайызға өскен. Астана қаласының 20 жылдығына орай бас қаланың «Достық» даңғылына 13 шақырым веложолдың салынуында да жамбылдық құрылысшылардың қомақты үлесі бар. «Алдағы уақытта облыста 37 тарихи-мәдени жоба іске қосылып, 15-шағын ауданда Салтанат сарайы, Неке сарайы, Қаржы оталықтары салынады. «Шахристан» орталығында өлкетану мұражайы, қолөнер шеберлерінің галереясы бой көтермек. Талас өзенінің бойынан «Демалыс» саябағы салынып, Қ.Рысқұлбеков атындағы, «Жастар» саябақтары жөнделеді. «Жеңіс» саябағының екінші бөлігіне күрделі жөндеу жүргізіледі. 10 миллиард теңге облыстағы автокөлік жолдарын жөндеуге қарастырылады. Облыс тұрғындары жүргізілген құрылыстардағы жаңа стандарт пен жаңа дизайндарға көңіл бөлуде. Осы жаңа ғимараттардың қаланған әр кірпішінде сіздердің қомақты үлестеріңіз бар. Қадірлі құрылысшылар, сіздерді мерекелеріңізбен шын көңілден құттықтаймын. Алдағы уақытта да өңірді көркейту жолында бірге еңбек ете беретінімізге сенімдімін», – деді Е.Дауылбаев. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары бірқатар мереке иелеріне марапат тапсырды. Атап айтқанда құрылыс саласының ардагерлері Қасым Шымыр ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің арнайы төсбелгісіне, Асан Битабаров «Құрметті құрылысшы» атағына ие болды. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрмет грамотасына «Айя-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мая Молдабекова, Алғыс хатына құрылыс саласының өкілі Қайрат Жүнісбеков ие болды. Сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Марат Рахымбердиев, «Нұртұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Талғат Тұрсынмұратов, құрылысшы Ғасырбек Бекбердиев марапатталды. Сондай-ақ кәсіби мереке иелерін облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов құттықтап, бірқатар озаттарға облыстың және Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамоталарын табыс етті. Мұнан соң құрылыс саласының ардагері Көпбосын Дүйсенбиев, «Айя-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мая Молдабекова сөз сөйлеп, әріптестерін мерекемен құттықтап, алдағы уақытта ел экономикасын көтеру жолында еселі еңбек ете беруге шақырды. Жиын соңы облыстық филармония ұжымы әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

Есет Досалы