Жаңғыртылатын және жаңадан салынатын нысандар баршылық
Жаңғыртылатын және жаңадан салынатын нысандар баршылық
Өңірлік коммуникациялар қызметінде жобалық-сметалық құжаттамаларды сараптамадан өткізуге байланысты мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту, жобаларды сараптауды бәсекелестік ортаға беру жөнінде баспасөз мәслихаты өтті.
Жиында басты әңгіме арқауы болған мәселелерге байланысты облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ә.Ахатаев жан-жақты түсіндірме берді. Оның айтуынша, жобаларды сараптауды бәсекелестік ортаға беру бойынша бүгінгі күні жалпы елімізде аккредиттеуден өткен 123 эксперттік ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 6-ауы Жамбыл облысында тіркелген. Олар сараптамадан өткізуді ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі №299 бұйрығына сәйкес жүзеге асырады. Ал өңірімізде 2017-2018 жылдары техникалық және технологиялық жағынан қиын емес II және III деңгейлі ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткен жобалар саны – 183-ті құрайды екен. Бүгінде жоғарыда аталған басқарма бюджеттік әкімшісі болып табылатын 282 жобалық-сметалық құжаттама əзірлену үстінде. Оның ішінде 147-сі биыл, қалған 135-і мұның алдындағы жылдары басталған. Әділет Бегалыұлы, сондай-ақ облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес Тараз қаласының бір өзінде 27 нысанның мәдени-демалыс бағытындағы 10-ы қайта жаңғыртылатынын, 4-еуінің айнала-төңірегі абаттандырылатынын, жаңадан сағат стелласы орнатылып, Талас өзені жағалауында демалыс аймағы, даңқты спортшылар, түлектер, «Даңқ» залы аллеялары, Тектұрмас кесенесі аумағында тарихи кешен, А.Әшімов атындағы өнер орталығы, 1000 келушіге арналған Салтанат, Оқушылар сарайы, облыстық өлкетану мұражайы, көрме павильоны, жазғы фестиваль және 745 көрерменге арналған спорттық гимнастика кешендері, 2000 көрерменге арналған жеңіл атлетика манежі салынатынын атап өтті. «Бүгінде аталған құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде», – деді ол. Сонымен қатар салалық бөліністегі жобалардың 46-сы ауызсу, 26-сы тұрғын үй, 76-сы инфрақұрылым, 41-і білім, 23-і денсаулық сақтау, 9-ы спорт, 16-сы мәдениет, 30-ы ауыл шаруашылығы салалары бойынша жүзеге асырылмақ екен. Бұдан басқа 6 мемлекеттік нысан жобасы қарастырылған. Басқосу барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауаптар қайтарылды.
Баймаханбет Ахмет