- Advertisement -

Сеңкібай

621

- Advertisement -

Кез келген халықтың өткенін саралап, бүгініне баға беретіні анық. Тасқа басылған тарихтың жарқын тұстары халықты ерлік пен елдікке үндеп, болашаққа бағдар сілтесе, қаралы беттері өткеннен сабақ алуға жетелейді. Мәселен, Сеңкібай Қабанұлы жайлы не білеміз?

Ол – Қарабақыр-Шәлке аумағында дүниеге келіп, 1799 жылы өмірден өткен даңқты батыр. Жасы тоқсанға таяған шағында ел-жұртын отырықшылыққа баулу үшін 32 шақырым тоған қаздырған қайраткер туралы кезінде соғыс және еңбек ардагері, марқұм Әмзе Момбаев жиі қалам тербеді. Ол кісінің «Осы жұрт Сеңкібайды біле ме екен?» атты мақаласынан үзінді келтірсек.
«Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Ту түбінде тұр еді,
Айбатты бұл күн Абылай,
Төбеде жыға шаншылып,
Әрі-бері жүр еді.
Батырлардың асқары-
Қазыбекұлы Қасқары,
Қаумен, Дәулет қасында,
Бақ-дәулеті басында.
Сеңкібай мен Шойбек бар,
Таңсық қожа, Мәмбет бар,
Осылардың қасында, – деп Бұқар жырау жырға қосқан Сеңкібай батыр туралы қазақтың алып ақындары Сүйінбай, Майкөт, Жамбыл да жырлаған. Мәселен, Сүйінбай Сыпатай батырдың асында Батырбек датқаға:
Сыпатай Дулаттағы ер кісі еді,
Ақылы кең дария көл кісі еді.
Жаныстан өтіп кеткен әзиз Төле,
Сеңкібай, Шойбекпенен тең кісі еді, – дегені талай жайды аңғартса керек. Сеңкібайды қазақ халқының атасы ұлы Төле бимен қатар атау тегін емес-ау.
Атасы Сеңкібайдың Қабан батыр,
Бақ-дәулет ұрпағына қонып жатыр.
Таластан тоған қазып, егін салып,
Суландырған даласын о да батыр, – дейді атақты Майкөт ақын. Жамбыл ақын да өзінің көптеген әріптестерімен айтысқа түскенде Сеңкібайды көп жағдайда құрметпен ауызға алып отырған екен.
Сеңкібайдың ер жеткен кезі жоңғар қалмақтарының жойқын шабуылдарынан кейінгі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қырғынымен тұспа-тұс келген сияқты. Шежіре қарттардың есебіне қарағанда 1702 жылы туып, 1799 жылы өмірден өткен тәрізді.
Бұқар жыраудың жоғарыда келтірілген куәлік жырына, сондай-ақ белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлы көп дерек алған Шапырашты Қазыбектің жазбаларына қарағанда Сеңкібай 1726, 1729, 1730 жылдардағы, кейіннен «Қалмақ қырылған» атанған Айрантөгілген даласында, Аңырақай шайқасында ерлігімен ерекшеленген. Оның жасы Мәмбет Күнбасұлы батырмен шамалас. Кейбір зерттеулерге қарағанда, Мәмбет 18 жастағы балаң жігіт болса, Сеңкібай 17 жаста екен. Екі батырдың ерлігі қалың жұртшылыққа қалмақ батырларымен жекпе-жекте әйгілі болған. Ол кезде Оңтүстік Қазақстанды отарлап, жерін иеленіп, қырылып қалған қазақтардың азын-аулақ ауылдарымен аралас, қоныстас отырған жоңғарлар барлық жағынан үстемдік орнатқан. Нарын, Орта Бақанас өңірінде болған соғыс алдында қазақ жауынгерлері Айнакөл басына шатыр тіккен. Осында қалмақтардың Шамал атты жайсаңы қалың әскерімен келген. Қазақтар мен қалмақтардың алғашқы жекпе-жегіне Сеңкібай да шығады. Ол жоңғардың алып батыры Қаңғырды найзамен түйреп өлтіреді. Мәмбет батыр Домбауылдың басын шабады.
Міне, осыдан кейінгі жекпе-жектен соң Шапырашты Наурызбай мен жоңғар жайсаңы Шамал екеуі жекпе-жекке шыққанда қазақ қолбасшысы жауды шоқпармен бір-ақ ұрып сұлатады. Қазір осы Сеңкібай, Мәмбет, Шапырашты Наурызбай бабаларымыз жекпе-жекте жауын жайратып жеңіске жеткен жерде «Майтан» атты қалашық бар.
Ал «Шапырашты Қазыбек» атты тарихи очеркте «1726 жылы ұлы жүзге қараған қолда 17 мың адам болды. Оған басшылықты Жолбарыс хан жүргізуі тиіс еді, ұрыс барысында қолды батырлар бастап кетті. Дулаттардан келген 8000 қолды Төле бидің бірге туған бауырлары Сеңкібай, Шойбек, Шымыр-Қойгелді, Қарақалпақтан келген 2 мың қолды Жанкел, Қылышбек екеуі басқарды. Қалған 7 мың қол Жетісу қазақтары болатын. Осы 7 мың адамға жалпы басшылықты Қазыбек Тауасарұлы батыр жасады. Шапырашты Еміл, ағайынды Қаумен мен Дәулет, Шапырашты-асыл Наурызбай, әкелі-балалы Сатай мен Бөлек, Дулат-Жаныс Өтеген, Дулат-Ботпай Сәмен, Албан Хангелді, әкелі-балалы Қазыбек пен Қасқары осы қолдың басшылығында болды. Аталғандардың барлығы да жекпе-жекке түсіп, жаудан қазақ кегін алған көрнекті батырлар еді», деп жазған Қыдырбек Балғабекұлы әңгімесін 1758 жылы жоңғар қалмақтарының қазақ жерінен біржолата қуылғандығымен түйіндейді.
Қазақ жерінен жау кеткенімен дау кеткен жоқ еді. Ал дауды шешу үшін қашанда әділ би керек. Сеңкібайдың атасы Әлібектің, ағасы Төленің билік айтар қабілеті ерте танылған көрінеді. Сеңкібайдың 13-14 жастағы бозбала шағы еді. Ол туыстарымен бірге Ташкент түбіндегі ағасы Төле биге сәлем бере барғанда дау үстінен түседі. Бір қырғыз жігіті қазақтың жылқылы байынан бесіктегі баласын өлтіргені үшін құн сұрай келіпті. Қырғыздың айтуына қарағанда, бай қалың жылқысын қырғыздың киіз үйіне тым тақау қаптатып өткізген. Сол қалың дүбірден, шұрқыраған, кісінеген дыбыстан бесіктегі баланың жүрегі жарылып өлді деген сыңайда дау айтады қырғыз жігіті. Осы сөзді естіген Сеңкібай елеңдеп, қопаңдап, сөйлегісі келіп тыпырши береді. Осыны байқаған сезімтал Төле би Сеңкібайға:
– Інім, делебең қозып отырған сияқты. Мына дауға билік айтам десең, саған жолымды бердім, – дейді. Қаумалаған қалың жұрт «Айтсын, айтсын» деседі. Сонда Сеңкібай:
– Онда мынау қосақтаулы саулықтар түгел сауғызылып, сүті бір қазанға пісіріліп, талдырылып, айран ұйытылсын. Қырғыз жігітінің үйінің жанынан шұрқырап өткен қалың жылқы жақын, дайын тұрсын, – депті.
– Таңырқаған жұрт бұған келіседі. Ертеңгісін түс қайта жылқылы бай, қырғыз жігіті, Төле би, Сеңкібай бастап барлығы қазандағы қою айранды ашып көрсе, қалың қаймағы тұтасып тұр екен. Сеңкібай бала үй жанынан қалың жылқыны тағы да шұбыртып айдауды талап етеді. Қазанның қақпағы болса жабулы. Айғырлар арқырап, құлындары шұрқырап, биелері кісінеп үй жанынан дүркіреп өткенде жер сілкінгендей болады. Шұбырынды шаң басылған соң жиналған жұрт қазанның қақпағын ашып көрсе, қаймағы қалың айран төрт жерден қақырап айырылып кеткен екен. Сонда Сеңкібай:
– Сәбидің жүрек қабы,
Кілегей ғана қаймақ емес пе?
Шұбырып жылқы өткенде,
Қаймағы қалың қатықтың,
Қақ айырылғаны айғақ емес пе?
Құдайдың кең жері тұрғанда, ауылдың үстінен жылқы айдап өткен бай кінәлі. Бала құнын төлейді, – деген екен.
Төле би де, жиналған жұрт та бұл әділ билікке риза болып, бай құнын төлейді» – деп жазады Әмзе Момбаев.
Қазір Әмзе ақсақал бақилық болған. Бірақ ол зерттеп кеткен Сеңкібай батыр жайлы деректер толығып келеді. Бірде Сеңкібайдың жақын екі туысы – Жапар деген бай мен Пісібай деген кедей Сеңкібайға жүгіне келеді. Даудың мәнісі Пісібай Жапардың бір өгізін жаздай жалдап, егін салып, астығын базарға сатқан соң майына байға 10 тілла ұсынады. Бірақ Жапар мұны азсынып алмайды, Сеңкібай байға:
– Базарда бір өгіз қанша сом тұрады? – деген сауал қояды.
– Менің өгізімдей болса 4 тілла, ары кетсе 5 тілла, – дейді Жапар.
– Онда сенің талабың қиямет екен. Өгізің бір жылда өгіз тумайды. Саған 4 тілла да жетеді. 5-ші тілла өсімі болсын, – деп Сеңкібай он тілланың жартысын кедей Пісібайға қайтып береді. Өйткені кедейдің бала-шағасы көп екен. Міне, осындай әділ билік жасаған, туғанына да бұрмаған Сеңкібай ел ағасы атанған.
Төле бидің кеңесімен Талас өзенінің Тектұрмас тұсынан Сеңкібай сексеннен асқан шағында тоған қаздырып, оның тез аяқталуына жетекшілік еткен. Тіпті тереңдігі екі метрден асатын осы тоған-каналға иелікке таласа қалған жағдайда өз ұрпағына мұра болсын деген көрегендікпен арнаның басталар жеріне тереңге ағаш көмірін көміп, үстінен ауыр таспен бастырады. Шынында да ел көбейе келе тоғанға таласқанда Сеңкібай ұрпақтары арна басын қаздырып, атадан қалған белгіні тауып, жеңіске жеткен екен.
Сеңкібай көзі тірісінде орыс патшасына да, қоқан хандығына да мойынсұнбаған. Сондықтан да оның маңындағы ел еркін, бейбіт, бай тұрған. Сеңкібай мешіт, медресе тұрғызған. Сондай-ақ диқандыққа, үй салуға пысық өзбек, қырғыз ағайындар да одан пана тапқан. Кейін Сеңкібай би қайтыс болған соң балалары, ағайындары басына биік мазар тұрғызған. Амал не, 1970 жылы «Ровный» совхозының сол кездегі басшылары Сеңкібай қорымын қиратып, тегістеп, орнына пияз еккізген екен. Тіпті олар осы адамгершілікке жат әрекет кезінде екі бірдей адамның өртеніп кеткеніне де қарамаған. Ал мазар орны әлі күнге «Сеңкібай қорғаны» аталады. Батыр әрі би ұрпақтары қазіргі Сеңкібай ауылында (бұрынғы Еңбек бөлімшесінде) тұрып жатыр.

Бет қатталып
жатқанда:

Жақында ҚР көркемсурет академиясының академигі, мүсінші Аманат Назарқұл Сеңкібай батырдың ескерткішін жасап шықты. Батыр үлкен аттың үстінде еңселі болып тұр. Мүсінші бұл ескерткішті Байзақ ауданының көрікті жеріне қоюды ұсынып отыр екен деген хабарды естідік.

Гүлшаһар ӘБДІҚҰЛОВА,
журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support