- Advertisement -

Хакім Абай толық адам іліміне неге терең үңілген?

530

- Advertisement -

Қазақтың маңдайына біткен кемеңгері, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күніне орай жерлесіміз, белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметовтің хакімнің толық адам ілімі мен Баласағұнның жәуәнмәртлік ұғымының байланысы жайында жазған еңбегін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Абайдағы толық адам ілімінің бастау көздерін тауып, оның тарихи жолдарын анықтау аса қажет болып тұр. Көпке дейін зерттеушілер Абайдағы толық адам ілімінің төркінін мұсылмандық шығыстан іздеп, «Кабуснамадағы» жәуәнмәртлік туралы пікірмен ұштастырып келдік. Сөйтсек жәуәнмәртлік ілімінің төрт негізі, яғни оның іргетасы ХІ ғасырда қазақ жерінде, яғни қазіргі Жамбыл облысындағы Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласынан шыққан ғұлама ақын жазғаны анықталып отыр. Ал «Кабуснама» кітабы «Құтадғу біліктен» кейін ХІІ ғасырда жазылған. Осыдан кейінгі ғасырларда жәуәнмәртлік ілімі туралы жазылған еңбектер қарасы молығып отырады. «Мұсылман әлемінде ХІІ ғасырға дейін кемел адам ілімі болған емес» деп Иранның атақты ғалымы Мұртаза Мұттакари Мәскеуде басылым көрген «Усовершенный человек в исламе» деген ғылыми монографиясында пікірін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп айтатыны бар.
Жәуәнмәртлік сөзін біздер Будаговтың сөздігіне сүйеніп «юный, шедрый» деген парсы сөзі деп келдік. Жәуәнмәртлік сөзі парсы тіліндегі сөз емес, көне түрік тіліндегі «зомарт», яғни «жомарт» деген сөз деп өзінің этимологиялық зерттеуінде әзербайжан ғалымы, профессор, филология ғылымдарының докторы М.Шералиев ғылыми тұрғыдан дәлелдеп отыр. Тіпті 1501-1510 жылдары мәмлүктер билеген Мысыр жерінде қыпшақ ақыны Шәріп Әмеди Фирдоусидің «Шаһнама» дастанын қыпшақ тіліне тұңғыш рет толық аударған болатын. Түп нұсқасында 110 мың өлең жолы болса, Шәріп Әмеди аудармасы 122 мың жол болып шыққан. Бұл туынды «Қазыналы Оңтүстік» кітапханасында 37 том көлемінде басылым көріп жатыр. Осы басылымда:
«Жомарттық елінің кеніші ғой ол,
Барша адамзат ұлының жаны ғой ол», деген өлең жолындағы «жомарт» сөзі көне түрік тілінде айтылатын «зомарт» сөзі болып тұр.
Тұранның ұлы қағаны Алып Ер Тоңа туралы халық аузында жырланған тарихи жырда жәуәнмәртлік сөзі «ақи» (жомарт) деген сөзбен берілетінін:
«Қойғын маған ақилық
Болсын менің лақабым», деген сөз жау қолынан уланып өлер алдындағы өсиеті ретінде Алып Ер Тоңа аузымен айтылады. Осы «ақи» сөзі «Құтадғу білік» дастанында да осы мағынада қолданылады. Бұдан шығатын қорытынды, жәуәнмәртлік ілімінің бастау көзі Шу өзені бойындағы қазақ жерінде жатыр деген байламға келеміз.
«Абай толық адам іліміне айрықша мән беріп, неге ой толғанысына түскен?» деген сұрақ алдымызға көлденең қойылады. Қазақ қауымының саяси-әлеуметтік жағдайы 1867-1917 жылдар аралығында Ресей империясының қазақ еліне арнайы саяси мақсатпен жүргізген мейлінше кертартпалық ел билеу жүйесінің нәтижесінде туындаған территориялық принципке негізделген болыстық сайлауға орай туындаған қасіретті құбылыс. Өйткені «Қазақ заманы қалып, орысқа қараған соң, бір тағылымды ел, білімді жұртқа еріп, іргелі баспақ түгіл, бұрынғыдан жаман кейін кеттік… Енді біздің көксерлік ісіміз – тасталған сүйекке таласқан мойнақша орыстың знагіне таласып, ата-бабамыздың елдік, жұрттық сақтап келген бірлік берекесін жыртып алғанымыз» деп жазған еді «Сарыарқа» газеті. Қазақтың осы береке-бірлігін отаршылдар саналы түрде саяси мақсат қоя отырып бүлдіргенін Сібірдің генерал-губернаторы болған М.Сперанскийдің патшаға жазған хатында «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі. Соны бір-біріне ұрып жарады екен. Сол сияқты қазақтар үш жүзге, руға бөлінеді. Біз соларды бір-біріне ұрып жаруымыз керек» деп, бар шындықтың бетін ашып беріп отыр. Қазақтарды оп-оңай тобықтан бір-ақ ұрып жығатын бұл саяси тәсілді кеңестік билік те пайдаланғанын саналы қазақтар білген. Отаршыл Ресей патшалығы ендірген ел билеу жүйесіндегі осы қасіретті терең сезінген ақын С.Торайғыровтың:
«Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны…
Ақ пейіл, бауырмалдық қалып кетіп,
Желбуаз, «сұрқия» боп қызынғаны.
Мас болып партияға қызып алған,
Даланың табиғатын бұзып алған.
Елдігіне, жеріне һәм дініне,
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан», деген ой-толғанысында халқымызды отаршылдық жұтқа ұшыратқан орны толмас қасіреті жатыр. Қазақ елінің мінез-құлқының бұзылуы тікелей отаршылдық саясаттың нәтижесі екенін Абай білді. Білді де осы қасіреттің отына күйер елінің алдын алу үшін толық адам ілімімен емдеп, мінез-құлқын бұзылудан аман алып қалатын жолын ізденді. Бұл жол Абайды толық адам іліміне алып келді.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Неге ғана бұзылды сартша сыртың…
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын»,
деп халықтың мінез-құлқын бұзудың түп-төркіні қайда жатқанын дәл меңзеп отыр емес пе?

Мекемтас
МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support