Спорт және туризм

Қазақ пен Қырғыздың жансебіл боксшылары

Қазақ пен Қырғыздың жансебіл боксшылары

бірақ рингтегі жекпе-жек достыққа кедергі келтірмейді екен Жақында Индонезияда Азия ойындары басталатыны белгілі. Сары құрлықтың басты додасында ел құрамасы өз боксшыларына да сенім артады. Биылғы құрлықтық ойындарда былғары қолғап шеберлері 7 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Жамбылдық боксшылардан 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі Асланбек Шымбергенов пен 75 килограмм салмақтағы Әбілхан Аманқұл топқа түспек. Жамбыл боксы әрқашан зор жетістіктерімен мақтана алады. Ел боксының төлқұжатына айналған Жамбылдың бокс мектебіне, былғары қолғап шеберлеріне деген өзге ел өрендерінің де құрметі бөлек. Бірнеше күннен бері Қырғыз Республикасының құрамасы біздің облыстың сайыпқырандарымен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жолдастық жекпе-жектерге шығып та көрді. Әлбетте қырғыз боксшылары Таразға тұңғыш рет келіп тұрған жоқ. Олар маңызды аламан алдында Таразға арнайы атбасын бұрып, жамбылдық саңлақтармен тәжірибе алмасқанды мақұл көреді. Биыл да сол мақсатпен келіп отыр. Иә, Қырғыз Республикасының боксшылары Азия ойындары алдында 14 боксшысын Таразға алып келді. Олар Азия ойындарында 49-69 килограмм салмақ дәрежесіндегі оғландарын қосатын болғандықтан негізінен сол салмақтардағы боксшыларының физикалық әлеуетін байқап көруді жөн санағаны аңғарылады. «Оқу-жаттығу жиынының өтіп жатқанына бір аптадан астам уақыт болды. Осы дайындық жұмыстарынан кейін олар Азия ойындарына аттанады. Қырғыз бауырларымыз негізінен 6 салмақта бақ сынайды деп күтілуде. Азия ойындарында Қырғыз Республикасы ұлттық құрамасының жаттықтырушылары негізінен 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі Азат Үсенәлиевке сенім артып отырғаны жасырын емес. Сондықтан айыр қалпақты ағайындардың бізге келуінің мақсаты да мәлім. Облыс құрамасы сапында өте тәжірибелі, талай байрақты бәсекелерде топ жарған, әскерилер арасындағы әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы Олжас Сәттібаев деген мықты боксшы баламыз бар. Сол Үсенәлиевтің шеберлігін тексеру үшін арнайы Олжасқа бола келіп отыр. Азат бүгінгі жекпе-жекке қатыспайтын болды. Күні кеше ғана Олжаспен жұдырықтасып, мұрнынан ауыр соққы жіберіп алды. Нәтижесінде тұмсығынан қан тоқтамай, еліне қайтып кетті. Азат енді емделмек. Бірлескен оқу-жаттығу жиыны бізге не беруі мүмкін? Олар негізінен бірінші нөмірлі боксшыларын әкелді. Ал біз екінші-үшінші нөмірлі боксшыларымызды қойып отырмыз. Дегенмен біздің жігіттер қарсыластарынан басым түсіп жатыр. Тек қонақтар сапында 56 килограмм салмақ дәрежесіндегі Сарожидин Абдуллаев қана өзінің мықты екенін дәлелдеп берді. Қалған салмақтағы сайыпқырандарымыз қарсыластарынан айласын асыруда. Бұл – Жамбыл бокс мектебінің деңгейі жоғары екенінің айқын дәлелі. Біз қырғыз боксшыларынан жеңіске деген құштарлықты, мінезді, қайтпас қайсарлықты өз боксшыларымыздың бойына сіңіруді көздеп отырған жайымыз бар. Техника жағынан олардан алатын ештеңеміз жоқ. Ал біз негізінен Өзбекстанға атбасын бұрып, сол жақта дайындықты пысықтаймыз. Өзбекстан бізге жақын орналасқан. Жылына екі рет баруға қолайлы. Аталмыш елдің боксшыларынан алатын дүниеміз мол. Жаттығу процесінен де, боксшыларының техникалық-тактикалық дайындықтарынан да көкейге көп нәрсе түйіп аламыз. Олардың деңгейі жоғары. Былай қарап отырсақ, Қырғыз Республикасының мамандары Азат Үсенәлиевтің дайындығын пысықтау үшін басқа қалаға емес, арнайы Таразға бұрыннан келіп жүр. Азат пен Олжастың қарым-қатынасы өте жақсы. Екі боксшы ірі жарыстарда бірнеше рет кездескен. Барлығында Олжас жеңіске жеткен болатын. Азаттың да техникасы біздің Жамбылдың боксына келеді. Кішкентайынан Олжаспен бокстасып жүр. Оның да әсері бар шығар. Кейбір адамдар Олжасты жасы келген боксшы деп жатады ғой. Маған бір ұнайтыны – оның тәртіпке бағынатыны. Өз ісіне кәсіби тұрғыдан қарайды. Қытайға барды, Ыстықкөлде шынықты. Жаттықтырушылардан әр бала туралы сұраймын. Сонда олар Олжастың тыным таппайтынын айтады. Қолына гантелін алып: «Ағай мен былай етейін» деп шауып жүреді. Тіпті тамақтану кезінде де режімді сақтайды. Боксшы ретінде ғана емес, өмір көрген азамат ретінде де тәжірибесі мол. Нағыз қасқырға айналған боксшы. Осындай боксшының жүргені мен үшін жақсы. Өйткені жас буын соған қарап өседі. Оның сөмкесінен түрлі құрал-сайманын шығарып, тынымсыз жаттыққанын, ұдайы ізденісте жүргенін көрген жастар одан жақсы үлгі алады. Мен Азат нағыз бабында деп ойлағанмын. Алайда Олжас онымен қанша күн жұдырықтасса, Азат сонша күн, ашық айтсам, таяқ жеді. Бұл жағдайды қырғыздардың жас боксшылары да көрді», – дейді облыстың аға жаттықтырушысы Бекзат Сыпабеков ойымен бөлісіп. «Тараз-Арена» спорт кешенінің бокс залында өткен жекпе-жектерді біз де тамашаладық. Шынында да 56 килограмм салмақтағы Сирожидин Абдуллаев тәжірибелі екені көрініп тұрды. Әлбетте Әділхан Бағлан одан кем түсті деп айта алмаймыз. Дегенмен қырғыз боксшысының физикалық дайындығы тәнті етті. 49 килограмм салмақ дәрежесіндегі Ермек Мәдиев Мирлан Туркбайулуумен, 60 килограм салмақтағы Хасен Азизбеков Арген Кадырбекулуумен, 64 килограмдағы Мирас Сәрсенов Нұрлан Кабашевпен, 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі Абдурахман Абдурахманов Алмат Бекбауовпен қолғап түйістірді. Дайындық шайқастарында жамбылдық боксшылардың техникалық шеберлігі басым екені айқын аңғарылып тұрды. Мұны жас боксшылар жекпе-жектерінде де байқадық. Осыдан-ақ Жамбыл боксының шоқтығы биік екені сезілсе керек.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.