Экономика

Еңбек – қиындықты жеңбек

Еңбек – қиындықты жеңбек

19Жасыратыны жоқ, бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылып, «екі қолға бір күрек табу» оңай болмай тұр. Сондықтан, еңбек нарығы ұдайы бақылауды қажет етеді. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты да азаматтарды қазіргі нарық заманының сұранысына сай, қоғамдық үдерістерге бейімдеу болып табылады. Осыдан үш жыл бұрын қабылданған бағдарламаның Тараз қаласында жүзеге асырылуына Тараз қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығының» тигізіп отырған үлесі мол. Біз осы орайда аталмыш орталық директоры Сәуле Қойбақованы әңгімеге тартқан едік.

18– Сәуле Әділжанқызы, өзіңіз басқаратын орталық «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы жұмыссыздық, жұмыспен қамту мәселелерін шешу мақсатында жыл басынан бері қандай шаралар атқарды? – «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының Тараз қаласында екі бағыты бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт – инфрақұрылымды және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету болса, екіншісі бағдарламадағы үшінші бағыттың бірінші компоненті бойынша оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдем жасау. Бірінші бағыт шеңберінде жалпы соммасы 633,8 миллион теңгені құрайтын 6 жобаны күрделі жөндеуден өткізу ісі жоспарлануда. Оның ішінде, 3 жоба білім беру, 2 жоба әлеуметтік қамту және 1 жоба денсаулық сақтау нысаны болып табылады. Бірінші шілдедегі мәлімет бойынша бес нысанға қарастырылған қаржының 77 пайызы игерілді. Аталған жобаларға жұмыспен қамту орталығынан 92 азамат жолданды. Бұдан басқа «Жамбыл облысының кардиологиялық диспансері ғимаратын күрделі жөндеу» жобасы бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бағдарламаның үшінші бағытының негізгі компоненті – жастар тәжірибесі. Бұл бағыттағы қаржыландыру жоспарына сәйкес, 68 мекемемен келісімшарт жасалған (оның ішінде 68 пайызы мемлекеттік мекемелер), айлық жалақының толық субсидиялануымен (30238теңге)195 жас түлек Жастар тәжірибесіне жолданды. Шілде айынан тағы 155 жас түлекті Жастар тәжірибесіне жолдау жоспарланып отыр. Есептік кезеңге бөлінген 17,2 миллион теңге қаржы толығымен игерілді.Сонымен қатар, 2013 жылы Жастар тәжірибесінен өткен 528 азаматты тұрақты жұмыспен қамту жұмыстары да бүгінде қарқынды түрде жүргізілуде. Нәтижесінде биылғы жылдың 1 шілдесіне 242 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. – Жұмыссыздық тудырған тауқыметті көбіне оқу орнын жаңа бітірген, іс-тәжiрибесi аз жастардың тартатыны анық. Бұл ретте жауабыңыз қандай? – Бұл енді заңдылық. Жаңадан оқу бітірген маманның тұрақты жұмыспен қамтылып, тәжірибе жинақтауы үшін біршама уақыт керек болатыны анық. Мәселен, биылғы жылдың 6 айында бағдарлама шеңберінде 476 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, оның 60 пайызы – жастар (немесе 287 адам) болып отыр. Ал, 61 пайызы - әйелдер (немесе 290 адам), 10 мүгедек, 39 адам 50 жастан асқан азаматтар. Бұған қарастырылған 54,1 миллион теңге қаржының 99,9 пайызы, немесе 54,02 миллион теңгесі бүгінде игерілді. – Әлі күнге қарапайым халықтың арасында бағдарламаның басты мақсат, міндеттерін толық түсінбейтіндер көп. Бұл орайда орталық қызметкерлері тарапынан кеңес беру шаралары қаншалықты жолға қойылған? – Рас, бағдарлама өзінің межелі міндеттеріне қол жеткізуі үшін орталық қызметкерлерінің аянбай еңбек етуі керек. Мәселен, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы- 2020» бағдарламасымен бөлінген 123,6 миллион теңге трансферттер шамасында 1366 азаматты жұмыспен қамту жоспарлануда. Бұл межеге жету үшін аянбай еңбек ету керек. Жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері күнделікті 30-40 жұмыс іздеушіге кәсіби тұрғыда кеңес беріп, сұхбат өткізуде, яғни, орта есеппен айына, аула аралау жолымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді назарға алмағанда, 700-800 адамға қызмет көрсетіледі. – Әлеуметтік жұмыс орындары деген ұғым қалыптасты бүгінде. Оған кімдер қатыса алады? – Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу үшін басым құқық он санатта қарастырылған. Олар: жалпы білім беру мектептерінің 11-сыныбын бітірушілерді, оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектерін қоса алғанда жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастарға, он сегізден жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, еңбек қызметімен айналысу үшін денсаулық жағдайы бойынша қарсы айғақтары жоқ мүгедектерге, ауылды жерлерде тұратын әйелдерге, зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 50 жастан асқан адамдарға, жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына дейін зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерге, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бұрын істеген және мемлекеттік жәрдемақыларды алушы болып табылатын адамдарға, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан босатылған адамдарға, бас бостандығынан айыру орындарынан және (немесе) мәжбүрлі емдеуден босатылған адамдарға, жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына, жұмыс беруші – жеке тұлға қызметін тоқтатқанға немесе қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты жұмыстан босатылған адамдарға беріледі. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан бағдарламаға қатысушылардың жалақысын мемлекеттің ішінара субсидиялауы жұмысқа орналасқан күннен бастап 12 ай ішінде жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдан бастап әлеуметтік жұмыс орындарының айлық жалақысын субсидиялау шарты өзгеріп, субсидиялау мөлшері бекітілген мөлшердің (50000 теңге) 35 пайызын (17500 теңге) құрады. Тағы бір ескеретін жайт, жұмыстан босатылған сәттен бастап бір жыл ішінде еңбек қатынастарында тұрған адамның жұмыс берушінің әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуына жол берілмейді. Биыл әлеуметтік жұмыс орындарына 15,3 миллион теңге қаржы бөлініп, 70 адамды қамту жоспарланған. Қазіргі таңда осы бойынша 76 жұмыссыз жұмыспен қамтылды. Есептік кезеңде бөлінген 6,1 миллион теңге толығымен игерілді. – Жұмыс таппасаң, мамандығыңды ауыстыруға болады. Яғни, кәсіптік қайта даярлаудан өтуге мүмкіндік бар. Бұл да бағдарламаның бір шарапаты. Осыған қатысты пікіріңізді ортаға салсаңыз. – Еңбек нарығындағы қажеттілікке сәйкес, жұмыссыздарды кәсіби даярлау және қайта даярлау жүйесін жетілдіру нәтижесінде олардың қажетті, сұранысы бар мамандықтар бойынша біліктілігін арттыру үшін кәсіптік оқыту курстарына тігінші, аспаз, кондитер, автокөлік жүргізушісі, автокөлік жөндеуші мамандықтарына қысқа мерзімді оқу курстарына 108 адам жолданған болатын. Тілек білдіруші азаматтардың қысқа мерзімді курстардан өтуі үшін республикалық бюджеттен 9,6 миллион теңге бөлінді. Бұл бағытта да көрсеткіштеріміз жоқ емес. Мәселен, бүгінгі таңда аспазшы мамандығы бойынша 20 адам біліктілігін арттыру курстарын тәмамдап, жұмыспен қамтылды. Қазіргі нарық өлшемі бойынша тек еңбек ету керек. Еңбек қана өмірдегі бар қиындықты жеңеді, адамды арман мақсатына, жақсы, табысты өмір сүруге жетелейді. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».