Білім

Ақмоншақ дипломдық жұмысын ағылшын тілінде қорғады

Ақмоншақ дипломдық жұмысын ағылшын тілінде қорғады

Ақмоншақ Көкей 1993 жылы Қаратау қаласында дүниеге келді.Үшінші сыныпты Тараз қаласындағы №8 Төле би атындағы мектеп-гимназиясында жалғастырды. Бұл білім ордасында ағылшын тілі ерте жастан оқытылатындықтан, Ақмоншаққа алғашқыда қиын соқты. Алайда, ол жеке үйретушінің көмегімен қатарластырып көп ұзамай-ақ қуып жетеді.

Талапты өрен мектеп қабырғасын тәмамдаған соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» мамандығы бойынша гранттық жүйемен оқуға түседі. Таяуда Ақмоншақ төрт жылдық ізденісінің жемісі болған қызыл дипломға қол жеткізді. Қызығы сол, «Қонақ үй шаруашылығының бәсекелестігін жақсарту жолдары» тақырыбындағы дипломдық жұмысын ағылшын тілінде сәтті қорғап шықты. – Жоғары оқу орнында оқып жүргенде көптеген конференцияларға қатыстым, біраз жетістіктерге де жеттім. Тіл білгеннің арқасында үш рет шетелге бардым. Осыны білетін жетекшім дипломдық жұмысты ағылшын тілінде қорғау туралы ұсыныс тастады. Мен келісімімді бердім. Бірақ, оңайға соққан жоқ. Өйткені, әртүрлі әдеби еңбектерге аударма жасауға тура келді. Экономикалық терминдер де жеткілікті болды. Есесіне сенімді ақтадым, – дейді А. Көкей. Ақмоншақ ағылшынша ғана емес, орыс және неміс тілдерінде де еркін сөйлейді. Ендігі кезекте ол испан және түрік тілдерін де меңгеруді қолға алыпты. – «Үш тұғырлы тіл» мәдени жобасының жастар үшін берер пайдасы мол. Қазақ болғаннан кейін ұлтымыздың тілін, тарихын, мәдениетін білу, құрметтеу баршамыздың азаматтық парызымыз. Ал, өзім негізі тіл үйренгенді жақсы көремін. Өйткені, тіл адамның қаруы сияқты. Испан және неміс, қазақ және түрік тілдері ұқсас келеді. Сондықтан да алдағы уақытта испан және түрік тілдерін меңгеріп кету қиындық туғызбайтынына сенемін, – дейді Ақмоншақ. Арманы асқақ Ақмоншақ білімін одан ары жетілдіру мақсатында магистратураға құжаттарын тапсырып қойыпты.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,

«Ақ жол».

Тараз қаласы.