41–ші жылғы келіншек
41–ші жылғы келіншек
96 жасында өмірден озды. Жақында Талаптыға бардық. Шіліңгір шілденің ыстығында адам жәйдан жәй жүре ме, Шерағаңның, жазушы Шерхан Мұртазаның «41-ші жылғы келіншек» атты көркем әңгімесіндегі кейіпкері Хадиша, ал мына бес күндік жалған дүниедегі жеңгесі Болдықыз ана тоқсан алтыға келген жасында өмірден өтіп, ағайын-туыстарына көңіл айттық. Біздер «апамойлап», ауылдағы жетпістен асқан қайнылары «жеңгемайлап» көріскеннен соң, дастархан басында әңгімелесіп отырдық.
– Жарықтық, ешкімге ауыртпалық салмай бір апта жатты да көз жұмды. – Осы уақытқа дейін өзі тұрып, өзі жүріп кетті ғой. – Аллаға да жақсы адам керек, Ораза кезінде көз жұмғанын қарашы. – Құдай қаласа ертең, жұма күні «жүз жасқа келді» деп жерлегелі отырмыз. – «Жамбылдың жасын берсін» деген осы да... Мен жұмысқа келе салып Шерағаңның «41-ші жылғы келіншек» деген әңгімесі енген кітапты тауып алып, асыға үңілдім. « – Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің, Мақсұт? Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды. – Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт. Сен соғысқа кеткенде мен жиырма сегізде едім ғой. Ол үндемеді. – Қартайдым, Мақсұт. Ал сен дәл осыдан отыз жыл бұрынғы қалпыңда қалыпсың. Ол үндемеді. – Танымадың ба, Мақсұт! Мен Хадишамын ғой! Сені әне келеді, міне келеді деп отыр едім. Жұрт көрсе, сені менің балам дер. Сен, сірә, сол сөзден қорқып тұрсың ғой. Ол үндемеді. – Босағада тұрғаның қалай, Мақсұт! Төрге шық, өз үйің ғой. Хадиша Мақсұтты қолынан ұстап төрге алып шықпақ болып, ілгері аттайын деп еді – орнынан қозғала алмады...». Тірі адам тіршілігін жасайды. Күйеуі Оқа соғыстан оралмаған Хадиша-Болдықызды ауылдағы ағайындары әмеңгерлік жолмен қайнысы Қорғанбайға қосады. Оқадан Айман атты қыз туған Хадиша-Болдықыз қайнысы Қорғанбайдан да төрт бала көтереді. Бүгінде олардың бәрі өсіп-өнген, жетілген. Мазмұны мен стилін былай қойғанда, есті ел-жұрттың есінде ерекше атымен-ақ қалатын әңгіме баспадан 1972 жылы жарық көрді. Сол кезде Шерағаңның Хадиша-Болдықызы шамамен қырықтардың үстінде болса керек. Содан бері де қаншама су ақты. «41-ші жылғы келіншек» атанған апамызға қара орман қазағының тәуелсіз ел болғанын көріп, оның тәп-тәтті нанын жеп, тілеуін тілеу бақыты да бұйырды. * * * Талапты ауылының оңтүстігінде Алатаудың ақбас шыңдары көз арбайды. Солтүстігінде Теріс-Ащыбұлақ көлі қол бұлғайды. Одан арыда қарт Қаратау сілемдері бұлдырайды. Небір тарихқа куә болған олар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын қорына енген әзіз ана – «41-ші жылғы келіншектің» де қазасына куә болып, тым-тырыс тына қалған. Бірақ бұл олардың тым-тырыс тына қалғаны ма, әлде жұма күнгі жаназа намазынан кейін Хадиша-Болдықыз ананың Құдай қосқан қосағы Оқамен қайта табысатын сәтін демін ішіне тартып күтіп тұрғандары ма? Бұл жағы, әрине, жұмыр басты пенделерге беймәлім.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Ақ жол».
Талапты ауылы, Жуалы ауданы.