Төрде отырып төрелік айтқанда
Төрде отырып төрелік айтқанда
Ақиқаттан ауытқымас болар
Қашанда пәтуалы сөзге бас иіп, ақылға тоқтайтын халқымыз, әділдіктің ақ туын желбіретіп, қара қылды қақ жарған қазыларды құрметтеп өткендігі тарихтан аян. Түрлі керіс пен келіспеушіліктің, оның ішінде жер мен жесір дауы, өлім-жітімге байланысты құн даулау да бар, түйінін шешіп, екі жақты бітістіре білген билердің жұртшылық жадында сақталуы да содан шығар-ау.
Иә, айтары жоқ ақиқаттың ақ жолын іздеген әрбір пенде мен оның жанашыр-жақтастары және қалың көпшілік төрде отырып, төрелік айтатын қазы-билердің аузын бағып, солардан қандай да бір әділдік күтетіні хақ. Әлбетте, «қара қылды қақ жаруға» тиісті қазылар жағы әркез кесімді де келісті үкім етсе, қанеки! Өкінішке қарай, төрелігін айтатын судьялардың арасында заң талабы мен ар өлшеміне нұқсан келтіріп жүргендер де жоқ емес. Солардың солақай шешіміне қанағаттанбай, одан жоғары сатылық сотты жағалап жүргендерді көргенде яки келтірілген прокурорлық наразылықтардың ұзын-ырға мәтініне көз жүгірткенде, осыны сезінгендей боласың. Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында Талас аудандық соты тарапынан келіп түскен орындау қағазын сот орындаушысы Жамбыл Үсіпбердиев оны орындаудан, яғни іс қозғаудан бас тартқан. Сөйтіп оны соттың өзіне кері қайтарған. Аға сот орындаушының мұндағы басшылыққа алған уәжі – Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 9-бабы, 1-тармағы 4-тармақшасының талабына сәйкес, өзіне келіп түскен орындау қағазында тиісті құжаттар түгел емес. Өз кезегінде аудандық сот оның бұл әрекетін әкімшілік құқықбұзу деп тауып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 524-бабы бойынша 20 айлық есептік көлеміндегі 37040 теңгеге айыппұлға тартқан-ды. Ендігі жерде аға сот орындаушысы сатылап шағымдана отырып, сондай-ақ Талас аудандық прокурорының наразылығы бойынша өзінің әкімшілік құқықбұзушылық субъектіге жатпайтынын дәлелдеп те шықты. Сонымен, үстіміздегі жылдың 13 ақпаны күні осы мәселені түпкілікті шешкен облыстық сот отырысында Талас аудандық сотының Жамбыл Үсіпбердиевке қатысты қаулысы дұрыс емес деп табылып, ол бұзылуға жатады деген ұйғарым шығарылды. Яғни, мұнда аудандық прокуратураның наразылығы да қанағаттандырылып отыр емес пе? Төрткүл дүниенің төріне озып, өркениет көшіне ілесуді көздеген кез-келген елдің көздеген мақсаты – адам құндылығын бәрінен де жоғары қоятын демократиялық негіздегі зайырлы, құқықтық мемлекет құруға саяды. Егемен еліміздің де осы жолды қалтқысыз таңдағаны Ата заңымыздың бабында айрықша атап көрсетілген. Ал жоғарыда аталған солақай сот шешімдері тәуелсіз Қазақстанның сара бағытымен еш үйлеспейді дегіміз келеді.
Серік МҰХАЕВ, облыс прокурорының аға көмекшісі, кіші әділет кеңесшісі.
Талас ауданы.