Құқық

Сыбайластықты әшкерелеп... сыйақы ал

Сыбайластықты әшкерелеп... сыйақы ал

2012 жылдың соңында Үкімет қаулысымен «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiсi туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары» бекітілгені белгілі. Шет мемлекеттерде қылмысты ашуға ықпал еткен азаматтарды марапаттау түрі баяғыдан қалыптасқан. Осы арқылы әрбір азамат сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық пен қылмысты ашуға қатыса алады.

Аталған қаулының негізінде осы бағыттағы қылмысты ашуға көмектескен азаматтарға республикалық бюджеттен сыйақылар беріледі. Ол оның ауыр, жеңілдігіне байланысты. Мәселен, кішігірім құқықбұзушылық үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), сыбайлас жемқорлық саласындағы кішігірім қылмыс 40 АЕК, орта дәрежелі қылмыс 50 АЕК, ауыр дәрежелі қылмыс 70 АЕК, аса ауыр дәрежелі қылмыс 100 АЕК деп белгіленген. Яғни, дәрежесіне байланысты бекітілген сыйақы жәрдемдескен адамдарды көтермелеу үшін беріледі. Бұл азаматтардың жеке басы анықталып, шағымдары арнайы комиссияның тексеруімен анықталғаннан кейін, сот үкімі шыққан соң ғана аталған біржолғы төлемақы есепшоттарына аударылады. Осы орайда қызықты деректі мысалға келтіре кетсек. 1996 жылы АҚШ-та Бриг Ленф атты азаматқа аса ірі көлемдегі қылмыстың бетін ашуға көмектескені үшін 103 миллион доллар сыйақы берілді. Ол швейцариялық банктер арқылы жыл сайын мемлекет бюджетіне жүздеген миллион доллардың түспей жатқандығын дәлелдеген. Тіпті, аталған мемлекетте автокөліктің бейнетіркегішіне түскен құқықбұзушылық туралы жазбаларды тапсырғаны үшін де төленуі тиіс айыппұлдың жиырма пайызы соларға сыйақы ретінде төленеді. Ата заңымызда атап көрсетілгендей, әрбір адам мемлекеттің қамқорлығында. Сондықтан, қомақты қаржыны иемденіп қалу үшін тұрғындардың бір-біріне көпе-көрнеу жала жабу, арандату жайттарына мүлдем жол берілмейтіндігін ескертеміз. Әрбір факті тексеруден өтіп, дәлелденуі тиіс. Сол себепті, «осылай оңай жолмен байып кетем» деген арам пиғыл болмауы керек. Егер азамат заңға қайшы әрекеттерге бармаса зайырлы, демократиялық мемлекетіміздің қорғауында болатындығын естен шығармағаны жөн. Бір атап өтерлігі, облысымызда сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаушы адал ниетті азаматтардың саны артып келеді. Мәселен, 2013 жылы 12 адамға 1 миллион 315 560 теңге біржолғы төлем берілді. Ал, биыл жарты жылға жетпей-ақ 7 адамға 796 мың 360 теңге сыйақы берілді. Егер, сіз де сыбайлас жемқорлық сипатындағы жағдайлармен бетпе-бет келіп қалсаңыз, қаржы полициясының «144» сенім телефонына немесе 45-35-09 телефоны арқылы хабарлаңыз да, тиесілі сыйақыға ие болыңыз.

Мақсат БАЙДАЛИЕВ, облыс бойынша экономикалық  қылмысқа және сыбайлас  жемқорлыққа қарсы күрес  департаментінің бөлім бастығы,  қаржы полициясының подполковнигі.