«Айболиттен» басталған арман
«Айболиттен» басталған арман
Ақмарал Советқызы ұжымында абыройлы
Кім-кімде өмірлік мұратына айналар кәсібіне әрқалай жолмен келеді. «Ал менің дәрігерлік мамандықты таңдауыма бала кезімде әкем сыйлаған «Айболит» ойыншығы бірден-бір себепкер болды деп ойлаймын. Қуыршағымды қайда жүрсем де қолымнан тастамайтынмын» дейді №2 қалалық емхананың күндізгі стационар бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-терапевт Ақмарал Пешекова бала кезін жымия еске алып. Шынында да, үсті-басы мұнтаздай таза, халаты да, бас киімі де аппақ осынау қуыршақ-кейіпкердей болу бала арманына да айналыпты. Айналып қана қойған жоқ, біраз жылдардан кейін орындалды да. Асқақ арман Ақмарал Советқызын еліміздегі жетекші білім ордаларының бірі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне алып келді. Аталмыш оқу орнын «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген бойда ол алғашқы еңбек жолын «Химпром» зауыты медициналық-санитарлық бөлімінің цех терапевті болып бастайды. 1997 жылы бұл бөлімнің негізінде №2 қалалық емхана құрылады да, келесі жылында А. Пешекова осындағы күндізгі стационар бөліміне ауыстырылады. Қазір де осы қызметінде.
Білген адам білімді өмір бойы іздейді. Осынау қағидатты берік ұстанған жоғары санатты дәрігер-терапевт А. Пешекова білімін үстеп, ізденуден жалыққан емес. Ол кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп те отырады. Оның күндізгі стационар бөлімінде ревматоид артридіне қарсы қолданылатын «Тауредон» препаратымен емдеу тәсілін енгізуі бүгінде өзінің жемісті нәтижесін беруде. Оның айтуынша, стационар айына жүзге жуық емделушіні қабылдайды. Ақмарал Советқызы өз ұжымында айрықша абырой-беделге де ие. Қызметке жаңадан келген медбикелерге үнемі бағыт-бағдар берумен қатар іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен де ерекшеленуде. Антына адал ақ желеңді абзал жан емімен де, жылы сөзімен де ем дарытып, адамдарға қуаныш сыйлауынан танбақ емес.
Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ, «Ақ жол».
Тараз.