«Жаңа бапкермен бірге «Тараз» жақсы жетістіктерге қол жеткізеді»
«Жаңа бапкермен бірге «Тараз» жақсы жетістіктерге қол жеткізеді»
дейді украиналық легионер Дмитрий Башлай
Жуырда «Тараз» футбол клубының құрамы бірден үш украиналық легионермен толыққан болатын. Солардың бірі – 24 жастағы жартылай қорғаушы Дмитрий Башлай республикалық «Sports.kz» интернет-порталына берген сұхбатында жаңа командасының жиырмасыншы турдағы ірі жеңісі және Тараз қаласына келген кездегі алған әсерлері жайлы ой бөлісті.
– Дмитрий, жеңіс құтты болсын! Командаңыздың мұндай ірі есепті жеңісінің сыры неде? – Рахмет! Менің ойымша, жеңістің сыры – ауызбіршілікте. Бұл матчта біз шынында да командалық бірлікті көрсете алдық, соның арқасында алаңдағы барлық әрекетіміз сәтті шықты. Маңызды жеңіске осылай қол жеткіздік. – Қазақстандық футбол жанкүйерлері өзіңіз туралы өте аз біледі. Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз, қай жерде дүниеге келдіңіз, футболға қай кезден бастап бетбұрдыңыз? – Киев қаласында дүниеге келдім. Футболмен айналысуды бала кезімде Киевтегі «Локомотив» мектебінен бастадым. Кейін «Динамо» сапына ауыстым. «Тараз» сапына қосылғанға дейін «Нефтяник-Укрнефть» клубында ойнағанмын. Жалпы, 2007 жылдан бері кәсіби футболшы ретінде өнер көрсетудемін. – Неге футболшы болғыңыз келді? Басқа спорт түрлерімен шұғылданып көрген жоқсыз ба? – Әкем футболды қатты жақсы көреді. Өзімнен 5 жас үлкен ағам футболмен айналысатын. Бірде әкем екеуіміз бауырым футбол ойнап үйреніп жүрген спорт секциясына бардық. Маған доп бергені сол екен, алаңсыз доп қуып, ойнап кетіппін. Бапкер әкеме: «кіші балаңыз да футболға келсін» депті. Содан бері спорттың осы түрімен шұғылданудамын. – Кезінде киевтік «Динамо» клубында өнер көрсеткен Андрей Башлай сіздің ағаңыз ба? – Иә, ол менің ағам. – Тараздық команда сізді қалай қабылдады? Адаптациядан өту кезеңінде қиындықтар туындаған жоқ па? – Тараздықтар жылы қабылдады. Командадағы жігіттердің бәрі жақсы, ұжымда бір-бірінен көмегін аямайтын, қиын сәтте қолдау көрсетуге дайын тұратын жігіттер көп. – Жаңа командаға ауысқанда қасыңда өзіңе бұрыннан таныс спортшылар болса, жеңілдеу шығар? – Әрине, жаңа командаға бейімделу үшеумізге де жеңіл болды, жеке дара еш нәрсе істей алмас едік. Бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз, мәселелерді ақылдасып, бірге шешеміз. – «Тараз» футбол клубымен жасасқан келісімшарттың мерзімі қашанға дейін? – Келісімшарттың мерзімі аса ұзақ емес. Биылғы біріншілік аяқталғанша. – Тараз қаласына алғаш келгендегі әсеріңізбен бөліссеңіз? – Шыны керек, Таразды әлі толық аралап көрген жоқпын, тек шаһардың орталығында ғана болдым. Әсем, таза қала екен. Маған ұнады. – «Тараз» клубына келгенге дейін қазақ футболы жайлы не білетін едіңіз? – Шынымды айтсам, білетінім аз. Былтыр қарағандылық «Шахтер» командасының Чемпиондар лигасында қалай өнер көрсеткенін білемін, ішкі біріншіліктегі бәсекеге қызығушылығым болған емес. Қазір Қазақстан чемпионатында бақ сынап жатқан барлық команданың өнерін бақылап отырамын. – Евгений Яровенкомен бірнеше жылдан бері бірге жұмыс істеп келесіз, маман ретінде, адам ретінде қалай бағалайсыз? – Евгений Викторович әрқашан темірдей тәртіпті қолдайтын адам. Маман ретінде өзіне де, қарамағындағыларға да үлкен талап қоя біледі. Өз ісін білетін өте мықты бапкер. – Тараздық жанкүйерлерге айтар тілегіңіз? – Осындай кезеңде «Тараз» жанкүйерлеріне шыдамды, сабырлы болып, өз командаларына қолдау көрсетсе екен деп тілеймін. Клубта ауыс-түйіс көп болды, жаңа бапкер келді. Жаңа бапкермен бірге «Тараз» жақсы жетістіктерге қол жеткізетініне сенімдімін.
Раскоп Станислав, Sports.kz.