Жаңалықтар

Жіліншіктегі сағат

Жіліншіктегі сағат

Шәмші Қалдаяқовтың арақ-шарапқа жаңадан «ауызданып» жүрген кезі екен, бір күні жазушы Нәбиден Әбуталиевтің үйіне келіп қонып қалыпты. Нәкең түнде оянып кетсе, Шәмшінің аяқ жағында терезеден түскен ай сәулесіне шағылысып, әлдене жылтырайды дейді. «Бұл не болды екен?» деп, шамды жағып қараса, алтын қолсағат. Аяғына тағып алыпты. Шешіп алып қараса, «Композитор жерлесімізге...» деген жазуы бар екен. Нәкең қолсағатты қайтадан тағып қояды. Таңертең Шәкең оянған соң: – Сағатты жұрт қолға тағушы еді, сенің жіліншігіңе тағып алғаныңа жөн болсын? – дейді. Сонда Шәкең күліп: «Халқыма рахмет құрметтейді, барған сайын костюм-шалбар, сағат сыйлайды. Бірақ мен байғұс соларды жоғалтып ала беремін. Немесе, ішіп жүргенімде біреулер қолымнан шешіп алады. Сондықтан да ешкім көрмесін, алмасын деп жіліншігіме байлап қойдым, – депті.

«...Деген екен!» және «Шәмші Қалдаяқов: хикаяттар» кітаптары бойынша дайындаған Серік Байшуақұлы.

Тараз қаласы.