Саясат

Бюджеттік мекемелер сүт өнімдерін қайдан алады?

Бюджеттік мекемелер сүт өнімдерін қайдан алады?

Бүгінде мектеп, балабақша, емдеу-сауықтыру орындарында, басқа да бюджеттік қаржыландыру арқылы азық-түлікпен қамтамасыз етілетін облыстық, аудандық мекемелерде сүтке деген сұранысы жоғары екені белгілі. Ал олардың сұранысын кім қанағаттандырып отыр? Аудандардағы сүт өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін аталған мекемелерге қанша көлемде үлестіруде? Олардың арасында арнайы келісімшарттар жасалған ба, бағасы көңілге қонымды ма? Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ағымдағы жылдың алты айында атқарылған жұмыстарды зерделеу мақсатымен аудандарды аралағанда осы мәселелерге назар аударып, жауапты тұлғаларға ішінара кездескен келеңсіздіктерді ретке келтіруді тапсырған болатын. Кеше облыс әкімдігінде өткен кеңес отырысында осы мәселе төңірегіндегі түрлі түйткілдер жан-жақты қаузалды. Облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев төрағалық еткен жиынға Тараз қалалық және аудан әкімдіктерінің білім бөлімдері мен мүдделі басқармалар өкілдері, сондай-ақ сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорын басшылары қатысты. Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев өңіріміздегі сүт өнімдерін өндіру көлемі мен осы бағыттағы басқа да шаралар туралы айтып берді. Ол бүгінде облыста сүт бағытында құрылған 24 ауыл шаруашылығы кооперативінің тірлігі күннен-күнге түзеліп, ісі ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Әйтсе де мұндай нәтижеге жете алмай отырған аудандар да бар болып шықты. Ал облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, аудандардағы қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығы жоғары болғанымен, өндірілген өнім көлемі соған сай емес. Бұл ретте бәсекелестіктің ықпалын былай қояйық, жұмыстың өзін дұрыс жүйелеп, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалана алмай отырғандардың қамсыздығы қайран қалдырмай қоймайды. Тіпті Сарысу, Мойынқұм, Талас аудандарында сүт өндіретін шағын болса да қандай да бір кәсіпорынның әлі күнге ашылмағаны да алаңдатарлықтай. Яғни бұл олардағы білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріне қажетті сүт өнімдері өзге аудандардан немесе облыс орталығынан тасымалданады деген сөз. Осы орайда тағы бір ойландыратын нәрсе, ол – екі ортадағы делдалдар мен жеткізушілердің әрекеті. Өздері ешбір өнім өндірмей-ақ кәсіпорын мен мекеме арасында сауданың көрігін қыздырып, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің жұмыстарын да бір ретке келтіру керек секілді. Осы мәселенің маңыздылығына тоқталған Мәден Мұсаев конкурс немесе бір көзден сатып алу арқылы тегін және жеңілдікпен ыстық тамақпен, оның ішінде сүт өнімдерімен қамту, қызмет көрсету шараларына да жөнінде де кеңінен тоқталып өтті. – Облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты Тараз қалалық сервистік-технологиялық колледжі мемлекеттік сатып алуға ұсынылған сүттің 1 литріне 202 теңге белгілесе, «Шалқаров» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оны 195 теңгеден жеңіп алып, жеткізіп беріп отырған. Ал №1 қалалық балалар ауруханасы мемлекеттік сатып алуға сүттің 1 литрін 130 теңгеден ұсынса, «БекСтрой» жеке кәсіпкері 98 теңгеге ұтып алып, тасымалдауды жүзеге асырған. Дәл осындай сары май өнімінің әр келісіне порталға ұсынылған баға 1486 теңге болса, оны жеткізуші 610 теңгеге ұтып алған, – дей келе Мәден Тоқтарбайұлы мұндай жағдайлар әлеуметтік саладағы нысандарда да кездесетінін жасырмады. Айталық, №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы сары майдың келісі үшін (82, 5 пайыз) 1590 теңге ұсынса, жеткізуші «Лесняк» жеке кәсіпкері оны 519 теңгеден ұтып алып отырған. Иә, осы секілді мысалдарды жіпке тізгендей етіп айта беруге болады. Әйтсе де бұл цифрларға қарап көкейде көп сауал туындайтыны сөзсіз. Әсіресе олардың сапасын бақылап, қадағалап отырған біреу бар ма екен дейсіз еріксіз. Жоғарыда айтып кеткендей, өңір басшысының аудандарға арнайы іссапарларында және Тараз қаласы әкімдігінің актив жиналысында өңірдегі сүт өнімдерін қайта өңдейтін ірі кәсіпорындардың бағасы арзан әрі сапалы өнімдерін өткеруде қиындықтар туындап, соның салдарынан кәсіпорындардың қуаттылығына қарай жүктелімдерін арттыру мүмкін болмай отырғандығы сөз болған. Себебі бюджет есебінен бөлінген қаржы көлемі қайта өңдеуші кәсіпорындардың басым деніне жетпейді десек, кей кәсіпорындар жолын тауып көптеген бюджеттік мекемелердің қызметін ұтып алып, өзінің жылдық қуатынан артық өндіруге тырысып баққан. Сондай-ақ «БекСтрой», «Каппаров Разак», «Арай», «Сламкулова» жеке кәсіпкерліктері мен «БайзақСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздерінің қайта өңдеуші зауыты немесе цехы жоқ бола тұра мемлекеттік сатып алуларда ұдайы жеңімпаз атанып жүр. Ал олардың өнімдерді қайдан алып, жеткізіп беріп жүргендігі де ойлантпай қоймайды. Облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев кеңеске қатысқан барлық қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен кәсіпкерлерге осындай түйткілдердің түйінін тарқатуда бірлесе жұмыс жүргізуді тапсырып, мұның екі тарапқа да тиімді болатынын атап көрсетті.

Жанғазы Ахмет