Әңгіме арқауы ауызсумен, газбен және жылумен қамту болды
Әңгіме арқауы ауызсумен, газбен және жылумен қамту болды
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының алты айда атқарған жұмыстары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты баяндалды. Жиында жарты жылдағы көрсеткішке қатысты баяндаған басқарма басшысының орынбасары Нұрбай Тілегенов ауызсумен қамту саласындағы өзгерістерге тоқталды. «Облыста ауылдық елді мекендерді сумен қамту жұмыстарымен облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы айналысқан. Бұл мәселенің құзыреттілігі облыс әкімдігінің энергетика басқармасына беріліп, ережесіне өзгерістер енгізілді. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ауызсумен қамту жобалары Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері арқылы іске асырылады», – деді. Ал газбен қамту бойынша аймақтағы 377 елді мекеннің 181-і немесе 48 пайызы «көгілдір отынға» қол жеткізген. Бірақ олардың ішінде 88 764 тұрғын газ торабына қосылмапты. Жалпы алғанда, бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, 2018-2025 жылдары 173 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Сондай-ақ өңірдегі елді мекендердің барлық аумағы электр энергиясымен толық қамтылып, тұтыну көлемі сағатына шамамен 140-160 МВт-ты құраған. Ал 2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық бойынша арнайы жоспары әзірленіп, жауапты тұлғалардың тізімі және облыстық штаб отырысының кестесі бекітіліпті. «Жылу энергетика кәсіпорындары мен жаздық жөндеуге 784,8 миллион теңге қаралды. Қазір міндеттелген іс-шараларға сәйкес, кәсіпорындар жөндеу жұмыстарын жүргізуде.Сонымен қатар облыс орталығының тозығы жеткен жылу желілерін қайта жаңғырту мақсатында осы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жобаға 1 786,5 миллион теңге бөлініп, 3,2 шақырым жылу желілерін ауыстыру жоспарымызда бар», – дейді спикер. Ол, сондай-ақ биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша өңірде 535,5 миллион теңгеге 19 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын да тілге тиек етті.