«Қыздар, қыздар...» әні өмірге қалай келді?
«Қыздар, қыздар...» әні өмірге қалай келді?
Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде «Қыздар, қыздар...» әні жарқ ете қалғанда сазы мен сөзі үйлесе кеткен ғажап шығарманы өнерсүйер қауым жылы қабылдағаны әлі есте. Бұл әннің шыққаны кеше ғана сияқты еді. Қазір қарап отырсақ, лирикалық туынды да ретроға айналып үлгеріпті... Сағынғанда, сарғайғанда, тұла бойыңда әлдебір өткенді аңсау сезімі оянғанда қайтадан тыңдайсың, тыңдай бересің... Бәлкім, өнерге келгенде эстетикалық талғамы жоғары композитордың халыққа қандай дүние керектігін түйсінгендігі де осы туындының тууына себепші болған шығар.
Әлбетте, музыка әлемінде әншілердің дауысы түр-түрге, әр алуан санаттарға бөлініп жатады. Мәселен, лирика-колоратуралық сопрано туралы сөз бола қалса, баршаның ойына Күләш Байсейітова оралатыны сөзсіз. Әйгілі әншіден бөлек, талай опералардағы басты партияларды орындаған ел мақтанышы Нұржамал Үсенбаеваның да дауысы – лирика-колоратуралық сопрано. Нәзік үн әнші бойындағы назбен үйлескенде жарасым таба кетпей ме? Жоғарыда аталған дауыс иелерінің сахнада өз-өзін ұстауынан, әнді жүрекпен сезініп орындауынан соны байқай түсетіндейміз. «Қыздар, қыздар...» әнінің авторы, әрі орындаушысы, әнші-композитор Гүлнұр Өмірбаева аты аталған теңдессіз талант иелерінің заңды жалғасы, мұрагері ма дерсің... «Арулардың махаббаты, ізгі ары, Шешілмеген жұмбақтай ғой бізге әлі. Қыз Жібектей жаны сұлу, тым нәзік, Шіркін, қандай қазағымның қыздары. Қыздар, қыздар, сұлу қыздар, Неткен ғажап сұлусыңдар! Дархан көңіл, дәру қыздар! Қыздар, қыздар, сұлу қыздар!», – деп ол сызылтып, жүрек қылын шертіп шырқағанда тыңдаушы да әннің тұңғиығына батып кетері сөзсіз. Әннің сөзін жазған ақын Сайлаубай Тойлыбаевтың да қазақ қыздарының табиғатын, болмысын ашуға тырысқаны айқын аңғарылады. Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылында дүниеге келген Гүлнұр Өмірбаева – «Жаңа ғасырға жаңа ән», «Азия дауысы» фестивалі аясында ұйымдастырылған «Қазақ әні» байқауының Елбасы тағайындаған «Алтын домбыра» жүлдесінің, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай өткізілген «Елім менің» секілді көптеген республикалық, халықаралық ән аламандарының лауреаты, жеңімпазы. Бүгінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті «Өнер және мәдениет» факультетінің деканы қызметін атқарады. Гүлнұр көптеген ғажап әндер жазды, әлі де жазып келеді. Әсіресе бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, жиырма жасында бақилық болған ұлт мақтанышы Бекзат Саттархановтың рухына, ерлігіне арнап жазған «Бекзат» әні жоғарыда айтқанымыздай «Алтын домбыра» жүлдесін иеленді. Әр әнінің мелодиясы жүректерді шымырлататын Гүлнұр Өмірбаеваның тұтастай шығармашылығы қандай құрметке де лайық. Әйткенмен, ел сүйіп тыңдаған «Қыздар, қыздар...» әні қалай дүниеге келді? Сол туралы ой өрбітіп көрсек. «Жаңа ғасырдың басында өнер және педагогика факультетін бітірген соң аспирантураға қабылданған болатынмын. Сол кезде университетте «Томирис» ансамблінде еңбек ететінмін. Бірде ұстазым Галина Қарамолдаева «Қазақ қыздарының табиғатын танытатын, болмысын айшықтайтын әдемі ән жазшы. Ол сенің қолыңнан келеді» деді. Осы бір ғана сөз мені қанаттандырып жіберді. Ұстазымның бұл ұсынысы маған ой салды. Он ойланып, мың толғандым. Ән жазу деген оңай шаруа емес. Танымың аз, талғамың төмен болса, жеңіл дүние жаза салуға болады. Бірақ арзанқол дүние кімге керек? Сондықтан әбден іздендім. Тіпті қазақ қыздарының келбеті, мінез-құлқы, сұлулығы туралы ойлап жүріп, образға енгендей күй кештім. Бұл ән осылайша дүниеге келіп, халықтың көңілінен шықты», – дейді әнші-композитор өз ойымен бөлісіп. Қордай өңірінде дүниеге есігін ашқан Галина Қарамолдаева талай талантты ұл-қыздың талабын ұштаған ұстаз екені белгілі. Кезінде «Айгүл» вокалды аспапты ансамблінің қатарында жүріп, «Бәрінен де сен сұлу», «Гүлдерайым», «Қамажай», «Қаракөзайым» секілді көптеген тамаша әндерді шарықтата шырқап, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленгені мәлім. Елу жылдан астам уақыт ұстаздық еткен ол Тамара Асар бастаған эстрада жұлдыздарының дауысын қойып берген еді. Галинаның тәлімін алған Гүлнұр бір әннің өзін айлар, жылдар бойы ойланып жүріп дүниеге әкеледі. Қазақ сахнасына ерекше үнімен келген әнші-сазгер санға емес, сапаға назар аударады. «Қазіргі кезде ән жазып жүрген әріптестердің бәріне бірдей топырақ шаша алмаймын. Әйткенмен, жеңіл-желпі дүниелерді тыңдағанда кәдімгідей қарның ашады. Біз тыңдармандарға сапалы дүние ұсынуымыз керек. Әсет пен Шәмшіні, Ескендір Хасанғалиевті жұрт жадынан шығармайды. Жақсы ән жан сарайы екенін қаперден шығармағанымыз абзал», – дейді ол. Әнші-композитор Гүлнұр Өмірбаева ұстазы Галина Қарамолдаевамен тығыз қарым-қатынас орнатқан. «Галина апайымыз – жаны жайсаң, керемет адам. Ол кісімен әңгімелескен сайын жүрек көзі ашыла түседі. Білімі мен білігін ұрпақ тәрбиесіне, өнерге арнаған кісінің жүрегі де жұмсақ», – дейді Гүлнұр. Бір өңірдің тумалары, екі буынның өкілдері ару Алматыда жүріп, адамгершілік, шығармашылық байланыстарын үзген емес. Күллі қазақ даласы жылы қабылдаған «Қыздар, қыздар...» әнінің дүниеге келуіне ұстаздың түрткі болғаны сөзсіз. Галина Қарамолдаева ұсыныс айтпағанда, Гүлнұрдың бұл әнді жазбауы да мүмкін еді ғой. Қысқасы, танымал әннің дүниеге келу тарихы осындай. Қазақ ән өнерінде қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген Гүлнұр Өмірбаеваның әлі талай тамаша әндер жазатыны талас тудырмайды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Т.Рысқұлов ауданы.