Жаңалықтар

Дәуірлік «дирижер»

Дәуірлік «дирижер»

– Құрдас, өз басым, иншалла, қазіргі имамдық қызметіме ризамын. Пайғамбар жасына келдік, соңғы он жылда бұражола молдалыққа мойын бұрғанымыз ақылдылық болды. – Айтпа! Е, оған дейін кім болмадық. – Кеңес заманы кезінде кеңседе күніміз өтті... Осы сен компартияға ерте өттің-ә? – Е, трәктірді тыр-тырлатып жүргенімде өткізіп кеп жіберген. – Бізді қойшы, ана Пықыптың жолы болғыш... Өзі не бітіріп еді? – Мамандығым кинолог дейтін... Мектепте директор болып жүргенінде, бірде қызып алып маған «мамандығым мұғалімдікке үш қайнаса сорпасы қосылмайды» деп сыбырлап айтып, кеңкілдеп кеп күлген... Сәл-пәл біледі-ау дегендерден «кинологын» сұрап көріп едім, көбі білмейді, ана қиқар Қилыбай «ит төңірегі» деген соң қоя қойғанмын. – Пәлекет қашанда ат үстінде. Тәуелсіздік орнаған жылы үлкен бір театрға директор да болды-ау. Сол кезде репитиция жасап жатқан әртістеріне: «Қалай, тренировка өз дәрежесінде ме?» деген сөзін ел-жұрты «мәтелге» айналдырып алды емес пе. – Ол маған бірде: «Ең төменгі қызметім дирижерлік болды... Бірде-бір аспапта ойнап көрмесем де отыз адамдық «группаға» дирижерлік еттім» деген. – Ит-ай-ә, «группа» деді ме... – Бірде газетте бас редактормын дейді... Таңырқаған маған: «Бас редакторға мақала жазу міндет емес. Орынбасарларың оңды болса болды» деді. Сол жылы теология ғылымына ден қоюдамын. Арап ғарпін үйреніп жүрмін деген... , – Ол да құрдас, Пайғамбар жасына да келді. Соңғы кезде қайда еді? – Облыстық университетте басшы деп естігенмін. Оған дейін онкологиялық аурухананың директоры болған. Бірнеше ауруды жазыласыз деп жаза басып, одан әрең-пәрең алғанын артығымен беріп жатып кұтылып, әйтеуір аман қалыпты. – Ойпыр-ай-ә, театр директоры, бас редактор, бас дәрігер, ректор!.. Нағыз дәуірлік «дирижер». – Тұра тұр! Орталықтан күтіп отырған өкіл-имам бала облысымызға болатын бас имамды ертіп кірді... Өй, мынау өзіміздің Пықекең ғой!.. – Бәрекелді! Пықыптың айналып келіп өзімізге «дирижерлікке» келгені дұрыс болды!..

1Берік САДЫР.