Жаңа жәрдемақы кімдерге беріледі?
Жаңа жәрдемақы кімдерге беріледі?
Биыл 1 шілдеден бастап 18 жастан асқан бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасайтын адамдарға жаңа жәрдемақы енгізіліп отыр. Жәрдемақы бала кезінен бірінші топтағы мүгедек азаматтың немесе оның заңды өкілі өтініш жасаған күннен бастап осы топтағы мүгедектік белгіленген бүкіл кезеңге тиісті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен тағайындалып, төленеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысов мәлімдеді. Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, бір отбасында бала кезінен бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі адам екі және одан көп болған жағдайда, олардың әрқайсысына күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Егер оларға қарайтындар отбасында бірнешеу болса да, жәрдемақы күтімге мұқтаж немесе оның заңды өкілінің қалауы бойынша осы адамдардың біреуіне ғана тағайындалады. Жәрдемақының мөлшері – 29 699 теңге. Әлімқұл Тұрысов өз баяндамасында зейнетақы төлеу заңдылығындағы өзгерістерге де тоқталып өтті. Жалпы биыл 1 шілдеден бастап азаматтардың тек жалпы белгіленген зейнетақы жасына толған кезінде (ерлер – 63 жаста және әйелдер – 58,6/63 жасында) зейнетақы жүйесіндегі қатысу өтіліне қарай мемлекеттік базалық зейнетақының тағайындау тәртібі енгізілгені белгілі. Соған қарай енді зейнетақы жаңаша есептеледі. Мәселен еңбек өтілі 10 жылға дейін немесе одан төмен болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды, еңбек өтілі 10 жылдан астам әрбір жыл үшін 2 пайызды қосымша есептеу қарастырылған. Егер зейнетақы алушының еңбек өтілі 33 жылды құрайтын болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің 100 пайызын немесе 28 284 теңгені құрайды. Облыс бойынша базалық зейнетақы төлемін қайта қарауда 118000-нан астам адамның зейнетақысы қайта қаралған. Өңірде базалық зейнетақының орташа мөлшері 24665 теңгені құрайды. Брифинг соңында департамент басшысы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.