Білім

Оқушылар сабаққа баруға дайын ба?

Оқушылар сабаққа баруға дайын ба?

Тамыз – ата-аналар мен жас жеткіншектер, мұғалімдер үшін қарбаласқа толы кезең. Алда жаңа оқу жылы күтіп тұр, ал оған тиянақты дайындық керек. Жалпы жыл сайын өткізілетін жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясының да осы тамызда басталатыны сондықтан. Тоғыз жылдан бері үзілмей келе жатқан қайырымдылық шарасы аясында биыл 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен өтедi. Екі айдың ішінде облыстағы тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қазіргі кезде бір баланың өзін мектепке дайындау ата-ананың қалтасына едәуір салмақ түсіретіні анық. Ал отбасында бірнеше бала болса ше? Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жеткіншектер бар. Олар қайтпек? Осыны ескергендіктен жыл сайын республика көлемінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Дәстүрлі жалпы республикалық акция аз қамтылған және көп балалы отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге жаңа оқу жылына дайындалуға көмектесу мақсатында қолға алынған. Сондай-ақ бұл қайырымдылық шарасы әлеуметтік себептермен мектепке балалардың келмеуінің алдын алуға септігін тигізеді. Былтыр аталмыш акция шеңберінде 29411 балаға демеушілер тарапынан 221 миллион 360 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілсе, биыл көп балалы отбасылар мен ерекше қолдауды қажет ететін 28307 балаға көмек көрсетіледі деп көзделіп отыр. Қайырымдылық шарасына үлес қосуға ниеттілер мектептерге киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтар табыстай алады. Ал көмек алуға үмітті ата-аналар мен балалар тізімі әр білім ошағында түзіліп, бекітіледі. Баласының болашағына бейжай қарамайтын ата-ана егер сабаққа қажетті киім-кешек, құрал-жабдық аламын десе, сол жерге барып, өтініш білдіруіне болады. 1 тамыздан басталған қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөнінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыс әкімдігі тарапынан бекітілді. Жоспарға сәйкес барлық аудандар мен Тараз қаласында «Бақытты балалық шақ мекені», «Ауыл (қала) балаларына мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: балаларды мектепке дайындаймыз» атты қайырымдылық акциялар, мектеп жәрмеңкелері, «Бірінші сыныпқа бірінші рет», «Балаға мейірім сыйла», «Мейірімді қолдар» және өзге де мерекелік іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ акция аясында дәлелсіз себептермен мектепке бармай жүрген және сабақтан жиі қалатын балаларды анықтау, есепке алу мақсатында құқық қорғау органдары және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, компьютерлік клубтарда, саяжайлар мен базарларда, вокзалдарда және басқа да көңіл көтеретін орындарда «Жасөспірім», «Жұмыстылық», «Түнгі қаладағы (ауылдағы) балалар» атты рейдтер ұйымдастырылады.

Зульфира СЕЙДУАЛИЕВА, облыстық білім басқармасының бас маманы.