Ұлттық сананы жаңғырту – үлкен міндет
Ұлттық сананы жаңғырту – үлкен міндет
Үшінші он жылдыққа қадам басқан егемен еліміз осы жасампаз жылдарда Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында әлемдік өркениетте өзінің лайықты орнын алып, мемлекетімізді әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында ауқымды істер атқарылды. Болашақты болжап, келешекті көре білген Елбасы өткен ғасырдың 90-жылдары Кеңес өкіметі тарағаннан кейінгі күрделі әлеуметтік-экономикалық кезеңдерде ұлтын өрге, халқын мұратқа жетелеп, «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген берік ұстанымның арқасында қиын сәттерде ұлт көшін барлық кедергілерден аман-есен алып шықты. Еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының белді мүшесі болып сайланғаны, ширек ғасырға тең уақытта Ата Заңға сай демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет қалыптастырғаны – біздің басты табыстарымыздың бір парасы ғана. Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып қос палаталы Парламент құрып, Ұлы Дала төсінде ұлтының келешегін көздеген заңдар қабылдады. Осы жылдары еліміздің қорғаныс және қауіпсіздік әлеуеті артып, ішкі және сыртқы саясаты қалыптасты, мемлекет болудың алғышарттарының бірі – тәуелсіз шекарамыз шегенделді. Ұлттың паспортына айналған ана тіліміз мемлекеттік статусқа ие болды. Ең бастысы Елбасы Н.Назарбаевтың батыл шешімі арқасында Сарыарқаның төсінде жаңа Астанамыз бой көтеріп, елордамыз әлемдік аса өзекті қоғамдық-саяси, мәдени, рухани және экономикалық мәселелерді кеңінен талқылайтын үлкен диалог алаңына айналды. «Мәңгілік Ел» идеясынан қуат алған мемлекетімізде ата-баба аманатындай болған татулық пен ынтымақ, өзара түсіністік пен келісім орнатқан әлемде баламасы жоқ қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы екенін айта кеткен жөн. Ішкі тұрақтылықтың арқасында еліміз нарықтық экономикаға бет түзеп, құлдыраған өндіріс орындарына жан бітіру мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіп, шетелден ірі көлемдегі инвестициялар тартылды. Себебі шетел инвесторлары өз қаржыларын қауіпсіз әрі өсімі бар қолайлы аймаққа салуды көздейтіні белгілі. Шағын және орта бизнес қанат жайып, Елбасы сөзімен айтқанда, кәсіпкерлік ұлттық экономиканың локомотивіне айналды. Әлеуметтік салада да ауқымды өзгерістер орын алды. Ардагерлеріміз бен зейнеткерлерімізге, ана мен бала өміріне арналған мемлекеттік қолдаулар жүйесі қалыптастырылды. Бәрінен маңыздысы – Президенттің осы реформаларды кедергісіз жүзеге асыру үшін жемқорлыққа қарсы стратегия қабылдағаны. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің дамуына, оның экономикасының қарыштап өсуіне кедергі келтіріп, демократиялық үрдістерді тежеп, қоғамның саяси тұрақтылығына қауіп төндіреді. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың қоғам дамуына тигізер зиянын екінің бірі біледі. Дегенмен егемен ел болып орныққан ашықтық пен жариялылық дәуірінде де кей азаматтар жағымсыз жайттарға жол беріп жүргені жасырын емес. Солардың арасында ұлттың және қоғамның байлығына қол сұғушыларға кешірім жоқ. Мемлекет басшысы болашағынан үлкен үміт күтіп, ел тізгінін сеніп тапсырған кейбір басшылардың биік лауазымдық қызметтерге ие бола тұрып, ұлттық мүддеден жеке басының мүддесін биік қойып, халық есебінен баюды ойлаған кейбір келеңсіз тірліктері түңілдіреді. Қоғам дертіне қарсы күресте Елбасы айтып өткендей, көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Жалпы біздің елімізде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол бермеу мақсатында республикалық, облыстық, аудандық, қала берді ауылдық деңгейде өткізілетін түрлі форматтағы мақсатты шаралардың қатары аз емес. Бір айта кететіні, мұндай жоспарлы істің ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Жемқорлыққа қарсы күрес қағидалары Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында да көрініс табуда. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының арнайы заңымен қатар, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиялық бағдарлама міндеттеріне сай жүргізіледі. Қазақтың «Үй өзімдікі деме, үй сыртында кісі бар» деген сөзінің терең философиялық мәні бар. Ұлттық меншікке қол салушылар осыны қаперге алғаны жөн. Қызметтің үлкені – елге сіңірген еңбегің. Ал елдің қамын ойламай, «көк қағазға» көзі тоймай, зәулім үй «түсінен шықпай», жеке бастың жағдайын «жете» ойлаған жандарға ұлттық рух пен намыс, ар мен ождан, ақыл мен парасат, отаншылдық пен ұлтжандылық, туған халқын сүю секілді қасиеттер жетіспейді. Тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру кезеңінде елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес бір сәт те толастаған емес. Бүгінде қоғам дертіне қарсы ымырасыз күреске «Нұр Отан» партиясы білек сыбана кіріскен. Көшбасшы партия жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімсіздік жағдайын орнықтыруды мақсат тұтады. Осы бағытта белсенді күрес жүргізіп отырған партияның аймақтық және аумақтық филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестер мен комиссиялар және партия атынан Парламент және мәслихат сайлауларында депутаттық мандатқа ие болған халық қалаулылары да бар. Жалпы алғанда, тиісті мемлекеттік құрылымдармен қатар, «Нұр Отан» партиясы мен жергілікті мәслихаттардағы депутаттық фракцияларының мүшелері бұл бағыттағы жұмысты ұйымдастыруда өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған жол бермеу және мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызмет этикасын сақтауына жете мән беруі қажет деп санаймын. Өйткені сыбайлас жемқорлықпен күрес барша қоғамның ортақ міндетіне айналса және бұл шараға әрбір қазақстандық үлес қосса ғана, бұл іс жемісті болары анық. Елбасы Н.Назарбаевтың қоғам алдына қойып отырған басты міндеті – мемлекеттік қызметте жүрген барлық қызметшілердің бойында сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұрар қасиеттерді сіңіру және сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеу. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке нұқсан келтірмей, антына адал болуға тиіс. Жалпы қоғам дертін түбірімен жою үшін қоғамдық сананы өзгерту қажет. Елбасының 2017 жылдың 12 сәуірінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында қалың қоғамды прагматизмге шақырып, революциялық емес, эволюциялық даму жолдарын таңдауға үндеуі көпшілікке ой салса керек-ті. Мемлекет басшысы отандастарымыздың дүниетанымы мен көзқарасын өзгерту арқылы рухани және ұлттық сананың кемелденуін көздеп отыр. Сондықтан да туған Отанымызға адалдық таныту мен ұлттық сананы қалыптастыру – кезек күттірмес мәселе.
Бақыт САУРАНБАЕВ, «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, партияның аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің төрағасы.
Меркі ауданы.