Мәдениет

«Қай биікте жүрсем де, Жамбыл жеріне деген құрметімді аласартқан емеспін»

«Қай биікте жүрсем де, Жамбыл жеріне деген құрметімді аласартқан емеспін»

Жамбыл жері таланттарға кенде емес. Есімі елге белгілі әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев солардың алдыңғы толқын ағалар легінен орын алады. Ол елдің жүрегін кеңінен жаулаған «Сырғалым», «Сағындым Кенен атамды», «Қара кемпір», «Сағындым Алматымды», «Үш қоңыр» атты танымал, өміршең әндердің авторы. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі Алтекең биыл жеті белден асып, жемісті жетпіс жастың биігіне жетіп отыр. Таразға келген сапарында жерлесімізбен газетіміздің тілшісі әңгімелескен еді.

«Махаббат, сұлулықты бағалау – мәңгілік тақырып»

– Қазақ даласын әнімен әлдилеген шығармаларыңызды күллі қазақ жанындай жақсы көреді. Биыл мерейлі жетпіс жасқа толып, мерейтойыңызды өзіңізді елден ерекше ардақтайтын қалың елмен, жамбылдықтармен бірге тойладыңыз. Құтты болсын! – Рахмет. Мен үшін Қазақстаным қандай қымбат болса, Жамбыл жері де баға жетпес байлығым ғой. Осынау қасиетті өлкенің үміт артқан бір перзентіміз. Жәнібек пен Керей алғаш Қазақ хандығының қазығын қағып, Жамбыл мен Кенен өлең-жырларымен тербеткен, қасиет дарып, құт қонған мекенде өмірге келгенімді мақтан тұтамын. Сондықтан мерейлі жасқа келгенде Таразға атбасын бұрып, шығармашылық есепті концертімді туған жерден бастадым. Бұл жерлестерімнің алдындағы үлкен бір сынағым десем де болады. Жамбылдық өнерсүйер, әнсүйер қауымның ыстық ықыласын, ілтипатын көріп толқыдым, тебірендім. Сол халықтың бағалауына лайық болып, еңбек еткеніме шүкір дедім. Осы концертте отыздан астам әнім орындалды. Жаңа әндер де жазылып жатыр. – Қандай жаңа шығармалар жазып жатырсыз, нақтырақ айта кетсеңіз... – Отаншылдық – менің басты тақырыбым. Осы орайда, патриоттық әндерді жазуды тоқтатпайтынымды айта кеткен жөн. Ол – дамыл таппай, тыным бермей, тулап жататын қанымыздағы қастерлі дүние. Одан бөлек, махаббат, сұлулықты бағалау – мәңгілік тақырып. Соңғы кезде «Менің-дағы бір аққуым бар шығар», «Қырғыз қызы әдемі» деген әндерім өмірге келді. Мен Қырғыз Республикасының да Халық әртісімін ғой. Сондықтан көрші жатқан айыр қалпақты ағайындардың да жақсылығын шығармашылығыма арқау ету – азаматтық міндетім деп пайымдаймын. Негізінен композиторлық Жаратушының бізге берген сыйы деп есептеймін. Оны бағалай білгеніміз жөн. Халқымызда «Бағалай білгенге бақ қонады», деген әдемі сөз бар. Терең ойлай алатын кісіге оның мағынасы да, ауқымы да кең. Жаратушының сол сыйын әр ән жазылған сайын сезініп, көңілімді қанағатқа жеңдіремін. Жақсы әннің жазылғаны – олжа.

«Бәрі Бескемпір ағамның мандолинінен басталды»

– Ән әлеміне қалай қадам бастыңыз? Өнер адамы болуыңызға жас кезіңізде ықпал еткен адам бар ма? – Меркі ауданына қарасты Қызылсай ауылында үшінші сыныпта оқып жүргенімде Бескемпір деген ағам маған сегіз ішекті мандолин сыйлады. Мен үшін Тараз қаласынан (ол кезде Жамбыл қаласы) арнайы алдырыпты. Бойымнан бір ұшқынды байқаған болар. Себебі оған дейін қолымнан тастамай жүретін ескі баяным бар болатын. Ол ағам орыстың частушкаларын, сезімге толы әндерін шебер орындайтын. Осы күні ата-анамнан бөлек, осы Бескемпір ағама риза боламын. Содан мандолин мен гармонымды қолымнан бір сәтке де тастамай жүріп, жиын-тойларда ән салдық. Екі музыкалық аспапты игеріп, ән салу өнеріне әбден машықтандым. Өнер дейтін сиқырлы әлем осылай өзіне тарта түсті. Мен де сол әлемнің ішіне дендеп ене бердім. – Қазақтың ұлттық аспабы қасиетті домбырамен де керемет ән шырқайсыз. Мемлекет басшысының Жарлығымен биылдан бастап 1 шілде – Ұлттық домбыра күні мерекесі болып белгіленіп, мерейімізді асқақтатты. Ұлттық аспапты қай кезден қолыңызға ұстадыңыз? – Бескемпір ағамның жөн сілтеуімен 15 жасымда сол кездегі Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне құжат тапсырып, оқуға түстім. Училище директоры Қырғызбай Айнақұлов деген кісі болатын. Талапшылдығымен, әділдігімен есте қалыпты. Осында жүріп ұстазым Әбілахат Төлешовтен домбыра тартуды үйрендім. Негізінен пианино сыныбында оқығанмын. Енді төрт аспапты үйрене бастадым. Әсіресе концерттерде Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай» күйлері орындалғанда делебем қозып, ерекше әсерге бөленетінмін. Осындай деңгейде күй тарта алсам деп арманға берілдім. Сөйтіп, домбыраның қыр-сырын толық ұғынуға талпындым. Сол қасиетті аспап өмір бойы серігім болып келеді. Ел Президентінің Жарлығымен Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі көне аспаптың абыройын арттырды, баршамызды рухтандырды деп ойлаймын. Бұл жұрттың жүрегіндегіні дөп басқан, дер кезінде қабылданған шешім болды. Училищені аяқтағаннан соң ұстаздардың кейбіреулері мені Мәскеу немесе Санкт-Петербургтегі (бұрынғы Ленинград қаласы) музыкалық жоғары оқу орындарына баруға үгіттеді. Алайда училищені кейіннен басқарған Шора Теміров мені жетелеп әкеліп консерваторияның дирижерлік бөліміне оқуға орналастырды. Мұндағы ұстаз – Алдаберген Мырзабеков. Одан да үйренгенім көп болды. Консерваторияға түсуімнің, ондағы деңгейі жоғары оқытушылардан тәлім алуымның арқасында Құрманғазы атындағы оркестрге жол ашылды.

«Таңдаулы әндерімнің бәрі Таразда өмірге келді»

– Өзіңіз айтып өткендей, кейбір ұстаздарыңыз сіздің Мәскеуде, Санкт-Петербургта білім алуыңызды қалаған. Ал сіз консерваторияны оқып, одан кейін бірден елге қайттыңыз. Неге? – Мәскеуде білім алуымды ұстаздарым қалағанымен, елге оралуымды ата-ана, туыстарым мақұл көрді. Сондықтан консерваториядан кейін Таразға келдім. Облысқа музыкалық мамандар аса қажет кез еді. Оны да көңіліме түйген болармын. Бұл – 1973 жыл еді. Келе сала облыстық «Алатау» ансамблінің көркемдік жетекшісі қызметіне кірісіп кеттім. Кейіннен алты жыл облыстық филармонияның директоры қызметін атқардым. Халық сүйіп тыңдайтын «Қара кемпір», «Қара шал», «Қара бала», «Сырғалым», «Аяулы Таразым», «Кенен ата», «Сағындым Кенен атамды» атты әндерім Тараз топырағында өмірге келді. Қасиетті Жамбыл жері бағымды ашты. Тараз топырағынан үйренгенім көп. Қай биікте жүрсем де, Жамбыл жеріне деген құрметімді еш аласартқан емеспін. Талай шет мемлекеттерге табанымыз тиді, жолымыз түсті. Жамбыл жұртының ыстық ықыласын сол сәттіліктердің бәрінен жоғары бағалаймын. – «Қара бала» немесе «Бозторғай» деп аталатын әніңіз арқылы Мейрамбек Бесбаевты халыққа таныттыңыз. Мейрамбек бір сұхбатында «Алтынбек ағама кездеспегенде, болашағымның қандай болатынын елестете алмаймын» деп сіздің ағалық қамқорлығыңызға жоғары баға беріпті. – «Қара бала» («Бозторғай») әні талай жүрекке әсер еткенін білесіздер. Біраз аналар осы әннен кейін жүректері жібіп, балалар үйіне тастап кеткен сәбилерін алғанынан да хабардар болдық. Туындымның жүректерге жеткенін сезіну – мақсатымның орындалғаны. «Қара баланы» Мейрамбек Бесбаев сияқты сезініп, жеріне жеткізіп ешкім орындай алмады. Бізді осы ән, өнер табыстырды. Ол өзі де талантты бала ғой. Сол таланттың менің қолыма түскеніне, жас өнерпаздың жолын ашқаныма шүкіршілік етемін. Орайы келгенде айта кетейін, одан кейін шығыстан Тоқтар Серіковті таптым. Екеуін қатар тәрбиеледім. Олар құрдас, замандастар ғой. Егіз қозыдай болып бірге өсті. Бірге қалыптасты. Олар жеке-жеке орындауда да керемет әншілер. Екеуі қосылып шырқағанда да керемет үйлесіп кетеді. Мейрамбектің «МұзАртқа» сіңірген өлшеусіз еңбегін білесіздер. Тоқтар мен Бейбіт дуэтінің де тыңдармандар арасында бағасы жоғары. Өзіңнен кейін өнеріңді жалғастырар талантты буынды тәрбиелеуде ұялатын жерім жоқ деп ойлаймын. Мейрамбек пен Тоқтар қос қанатым секілді мерейімді көтеріп, абыройымды биіктетіп жүреді. «Айхай-25» әнін осы екеуіне арнап жазғанмын. Ол әнім де орындаушыларымен керемет үйлесті. Мұның бәрін өнер жолындағы сәттіліктерім деп бағалаймын. – Сәтсіздіктеріңіз бар ма? Компазитор ініңіз Марат Ілиясов екеуіңіздің араларыңызда бір дау туғанын білеміз. Нақтысын өзіңіздің аузыңыздан естісек... – Маратты жас кезінен білемін. Ол да сыйлас інім болып жүрді. Кейіннен оқуға түсуіне де ықпал еткенмін. Былайша айтқанда менен алыс жігіт емес. Екеуміздің дәл бұлай қатты кетуімізге еш негіз жоқ болатын. «Менің әнімді ұрлаған» дейді. Ешкімнен ән ұрлаған емеспін. Ол бауырым ағат әрекетке барды. Жасым да үлкен. Ерте ме, кеш пе, Марат өзінің қателігін түсінер деген ойдамын. Әрине, өнердің жолы жеңіл емес. Ауырлығын әуел бастан сезінгенмін. Сондықтан мұндай мәселелерге түсіністікпен қараймын. Көңіліме аса ауыр алмаймын.

«Елбасы Астанаға екі рет жұмысқа шақырды»

– Сіз туралы сөздер аңыз секілді тарап кеткен ғой. Елбасының өзі Астанаға жұмысқа шақырғанын естідік. Неге бас тарттыңыз? – Алматы облысына келген бір сапарында Мемлекет басшысының алдында өнер көрсеттік. Сол жерде «Үш қоңыр» әні орындалды. Концерттен кейін Елбасымен амандасып, аз ғана уақыт сөйлесуге мүмкіндік болды. «Алтынбек, Астанаға келсеңші», – деп сол жолы шақырғаны рас. «Аға, рахмет, ұсынысыңызды ойланайын», деп кеткенмін. Дәл содан бір ай бұрын Алматы облысының сол кездегі әкімі Шалбай Құлмаханов мені облыстық филармонияның директоры қызметіне тағайындаған еді. Бір жағы ол кісіні де сыйладым. Президент шақырғанда кетіп қалсам, Астанада жаман болмайтын едім. Қызметке жаңадан тұрған соң, аяқ асты тастап кете алмадым. Елбасы тағы бір жолы Алматы қаласындағы концертте ұсыныс тастады. Ол кезде республикалық «Қазақконцерт» бірлестігінің директоры едім. Ол жолы да елордаға барудың сәті келмеді. Зейнетке шықсам да, әлі сол «Қазақконцерт» бірлестігінің директорымын. Ешкім қуып жатқан жоқ. Нұрекең маған өкпелемеген шығар деп ойлаймын. – Белгілі адамдарға атақ қымбат па, танымалдылық қымбат па? Өнерпаз адамдардың еңбегінің атақпен өлшенетініне қалай қарайсыз? – Танымал болу өз алдына бір бөлек. Әркім еңбегіне қарай бағаланып, өзіне лайықты атағын алу керек деп ойлаймын. Әрине, алдымен елдің ықыласы мен құрметі, көпшіліктің бағалағаны маңызды. Бірақ белгілі бір дәрежеде атаққа қол жеткізгеннің де артықтығы жоқ. Ол – еңбегің. Кейде шөптің басын сындырмай-ақ, ештеңені тындырмай-ақ, ең жоғары атаққа қол жеткізетіндер бар. 1993 жылы Қазақстан Республикасының, 1994 жылы Қырғыз Республикасының Халық әртісі атағын иелендім. Мемлекеттік сыйлықтың иегерімін. Атақтың артынан жүгірген жоқпын. Еңбегіме қарай тиісті орындар ұсынып, бұйырғанын алдық. Еңбегімді бағалаған еліме, Елбасыма алғысымды білдіремін. Тараздан кеткеніме 30 жылға жуықтапты. Жамбыл жерінде жастық шағымды, жалындаған дәуренімді өткізген екенмін. Алматы қаласында да жаман болған жоқпын. Алматы – ол кезде еліміздің астанасы еді. Қазір де Алматының абыройы аласарған жоқ. Мен басқаратын «Қазақконцерт» бірлестігі – республикалық деңгейдегі беделді мекеме. Ол жерде Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Бағдат Самединова секілді қазақ халқының жүрегінен ойып тұрып орын алған танымал әншілер еңбек етеді. Былайша айтқанда, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздардың басы қосылған өнер ордасы. Аға буынға қолдау білдіріп, жастарды тәрбиелеп сол қара шаңырақта жүріп жатырмыз.

«Ақындық өнерден де алыс емеспін»

– Сізді «Жүрсіннің жүйріктері» жобасындағы республикалық телеайтыста қазылар құрамынан көрдік. Басқа айтыстарда да қазылар қатарында отырасыз. Көпшілік арасынан «Бұл қалай?» деген сауалды естіп қаламыз. Осы уәжге өзіңіздің жауабыңызды естісек... – Әрине, көпшіліктің ойымен санасамын. Сауалыңның төркінін де түсіндім. «Әнші-композитор Алтынбектің айтыста несі бар?», – дейді ғой баяғы. Олардың сын көзбен қарағанына қарсылығым жоқ. Алайда мәселенің екінші жағына тоқталайын. Менің ақындық өнерім де бар. Оннан аса әнімнің сөзін өзім жазғанмын. Соңғы кезде жазылған «Қырғыз қызы әдемі» деген әннің мәтіні менікі. Көпшілік композитор деп таныған соң, ақындығымызды «жасырып» ұстаймыз. Әйтпесе, өлең жазып тұрамын. Қазылар құрамында отырғаныма күдікпен қараған кісілерге лайықты жауап бердім деп ойлаймын. Өзім айтыса алмасам да, айтыс өнерін жанымдай жақсы көремін. Қолына домбыра ұстап, сахнаға шыққан әр айтыскерге құрметпен қараймын. – Бүгінгі айтыскерлерден кімдерді бағалайсыз? Қазіргі республикалық айтыстардың басы-қасында жүрсіз. Жыр додалары аз ұйымдастырылып жатқан жоқ. Алайда айтыс аламандарына жамбылдық айтыскерлер аз қатысады. Бұл жасырын нәрсе емес. Мұны қалай түсінуге болады? Осы өңірдің намысын қорғап жүрген айтыскерлердің деңгейі төмен бе, әлде бір кедергілер бар ма? – Дұрыс байқағансың. Республикалық ірі аламандардан жамбылдық айтыскерлерді сирек көреміз. Бір кездері Аяз Бетпаев, Әзімбек Жанқұлиевтер ұстаз-шәкірт болып қатар шығып, өңір айтысын өрге сүйреді. Алтынкүл Қасымбекова, Мұхамеджан Тазабеков, Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Айтмұханбет Исақов, Айнұр Тұрсынбаева, Ахметжан Өзбеков Әулиеатадағы айтыс көшін ілгері жылжытты. Ол кезде басқа облыстар жамбылдық айтыскерлерге қатты қызығатын. Осы айтыскерлерден қазір Алтынкүл мен Айтмұханбет әлі айтысып жүр екен. Қазір осы өңірден бір топ жас айтыскерлер легі шығып келе жатқан секілді. Оларды бөліп-жарғым келмейді. Ортасынан шын үздіктері дараланып көрінеді деп ойлаймын. Мықты ұстаз-ақындар, мақсаты айқын жас буын барда Жамбыл айтысы әлсіремейді. Уақытша қалыптасу үстінде болғанымен, бұл өңірдің айтысының шарықтайтын шағы алда деп білемін. Жерлестерге қашанда тілеулес болып, өнерлері өрге жүзсе екен деген пікірдемін. Ал бүгін республика көлемінде айтысып жүргендердің ішінде Мұхтар Ниязовты ерекше атап өтуге болады. Ол «Жүрсіннің жүйріктері» республикалық телеайтысының да бас жүлдегері атанды. Екі мәрте республикалық «Алтын домбыра» айтысының жеңімпазы екенін білесіздер. Одан бөлек Дидар Қамиевті, Рүстем Қайыртай, Нұрмат Мансұров, Мейірбек Сұлтанхан, Серікзат Дүйсенғазин, Біржан Байтуов, Маржан Есжанова, Анар Жапарқұлованы ерекше атап өткім келеді. Аманжол Әлтаев пен Ақмарал Леубаеваның айтыстарын сүйсініп, тамсанып тыңдайтынымыз есімізден кетпейді. Басқа да бірқатар талантты айтыскерлер баршылық. Солар бар кезде қазақ айтысының абыройы асқақтай беретіні анық. – Ұлттық өнерге, ат спортына қалай қарайсыз? – Бала күнімізде ауылда атқа мініп өстік. Асауды құрықтамасақ та, жарықтық жылқы малының қасиетіне қанығып есейдік. Қазір де бәйге, көкпар өтеді десе, елеңдеп тұрамыз. Қазақтың болмысы сондай ғой. Өзім де ауылға барып талай рет көкпар бердім. Осы жолы да Меркі жерінде бір көкпар ұйымдастырдық. Қазақтың ұлттық ойындары – тоғызқұмалақ, көкпар, асық ату, қыз қуу, жамбы ату бәрі-бәрі жанданып, қалыптасып келеді. Бұған тек қана қуанамын. Қос қолымды көтеріп қолдаймын.

«Руханиятты қолдаған әкімнен жақсылық күтуге болады»

– Күн сайын жолыңыз түсе бермейді. Осы келгеніңізде туған жеріңізден қандай өзгеріс байқадыңыз? – Әрине, туған жерге үнемі жол түсе қоймайды. Соңғы жылдары әр келгенімде Жамбыл жерінен оң өзгерістерді, өркендеуді байқаймын. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Жәнібек пен Керей ескерткішінің, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының бой көтеруі көңілімізді марқайтты. Жыл басында өңірге Асқар Мырзахметовтің әкім болып тағайындалғаны белгілі. Содан бергі аралықтағы өзгерістерге көз тояды. Тараздағы «Жеңіс» саябағының адам танымастай өзгеруі, Халық батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішін, «Мәңгілік алауды» сол «Ерлік» мемориалдық кешеніне ауыстыруы – сүйсінерлік іс. Соғыстан оралмаған және бейбіт күнді көздері көріп өмірден озған майдангерлерге арнап жасалған «Данқ аллеясы» монументалды кешені талайдың көңіліне қонды. Халықтың өшкені жанып, үміті оянғандай күй кешкен секілді. Асқар Исабекұлын көп жылдан бері білемін. Оның жүзеге асыратын жұмыстары алдағы уақытта да азаймайды. Қызметке келе сала Жамбыл Жабаевтың рухына арнап, республикалық ақындар айтысын өткізді. Бұл – облыс әкімінің үлкен азаматтығы. Жамбыл Жабаевқа арналған айтыстың жылда дәстүрлі түрде өтетінін айтып қуантты. Айтыс жиі өтсе, жамбылдық айтыскерлердің ойы өседі. «Жаңадан келдім. Айтысты қоя тұрыңдаршы», – десе, ешкім қолынан қақпайтын еді. Руханиятты, айтысты қолдаған кісіден көп жақсылық күтуге болады. Менің де мерейтойыма қолдау білдіріп, үстіме шапан жауып, астыма «темір тұлпар» мінгізіп құрметтеді. – Жерлестеріңізге айтар тілегіңіз бар ма? – «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі», – дейді. Мен Жамбыл топырағында, мерейлі Меркі жерінде туғанымды мақтан тұтамын. Туған өлкеме деген құрметім зор. Таразда өткен концертімнен түскен қаржыны осы шаһардағы №30 орта мектептің шотына аударып, ІТ сынып ашылуына қолұшын бердім. Жақында сол ІТ сынып ашылды. Жамбыл өңірі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеу үстінде. Мәдениет пен өнердің де дамуына мол мүмкіндік бар. Облыстық филармонияға Кенен Әзірбаевтың есімін береді екен деп естіп жатырмыз. Таразда өнер колледжі ашылады екен дегенді құлағымыз шалды. Асқар Исабекұлы бұл мәселелерді оң шешеді деген ойдамын. Қашанда қазақ елінің туы биікте желбіреп, мәртебесі жоғары болғанын қалаймын. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Есет Досалы.