Сары қымыз сапырып...
Сары қымыз сапырып...
Байзақ ауданы елорда мерейтойы аясында ұлттық сусындарды насихаттады Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Ел жүрегі – Астана!» атты Байзақ ауданының мәдениет және өнер күні өтті. Ауданның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған шарада «Шұбат, қымыз – деніміздің саулығы, еліміздің байлығы» атты аудандық фестиваль ұйымдастырылды. Оған қатысқан қонақтар мен жиналған жұрт әуелі қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысса, білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі мекемелердің қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарды да қызығушылықпен тамашалады. Сондай-ақ ауылдық округтердің өкілдері жайған дастархандағы ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татты. Мәдениет және өнер күнінің шымылдығы «Қымызмұрындық» дәстүрін көрсетумен ашылды. Округтерден келген шаруалар бал татыған қымыздарын ұсынып, оны дайындау жолдарын түсіндіріп, ұлттық сусынға қатысты мақал-мәтелдерді айтып, сайысқа түсті. Қымыз ішуден жарысқа қатысқандар арасынан он екі кесені тоқтамай сімірген суханбайлық А.Көпжасаров бас жүлдеге ие болды. Ұлттық сусынды барынша бабына келтіріп әзірлеген Диқан ауылының тұрғыны Ш.Нұржігітова жеңімпаз атанса, суханбайлық Р.Сарқұлова мен әнші Ж.Сәлімбаева жүлделі орындардан көрінді. Мерекелік шара барысында аудандағы балабақша ұжымдарының қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. №2 Байзақ спорт мектебі жеткіншектерінің қатысуымен қой көтеру, асық ату, ләңгі тебу, ханталапай, шекемтас сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар Алғыс хаттармен марапатталды. Бұдан соң қонақтар Мәдениет үйінің фойесіне қойылған сурет және кітап көрмесін тамашалап, тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерімен танысты. Астананың 20 жылдық мерекесін дәріптеген шара соңы аудан көркемөнерпаздары дайындаған «Ел жүрегі – Астана» атты концерттік бағдарламаға ұласты.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы.