Мал азығы мол болсын
Мал азығы мол болсын
Берікқара пішеншілерінің тірлігі баянды
Таласта төрт түліктің басы көбейіп келеді. Қазір мұндағы қой-ешкі саны – 388162 басқа, мүйізді ірі-қара – 24517, жылқы – 8124, түйе 1950 басқа жетті.
– Мал басының бұрынғыдан едәуір өсуі жемшөп дайындаудың да көлемін арттыруды қажет етеді, – деді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубаев бізге мән-жайды түсіндіріп, – мысалы өткен жылы 60000 тонна ірі сабақты шөп дайындасақ, биылғы меже 91840 тонна. Оның 30000 тоннасын көршілес аудандардан сатып аламыз. Биылғы көктемнің кеш шығуы мен күннің күрт ысуынан шөп көтерілмей, механизаторлар шөп орағына кешеуілдеп шыққанынан хабардар едік. Сондықтан да жемшөп дайындаудың барысымен танысу үшін, Берікқара ауылына сапар шеккенімізде көңілімізді алаң еткен сауалдардың болғаны рас. – Баяғы колхоз-совхоз жоқ,-деді ауылдық округ әкімі С. Талқанбаев, -Бірақ, қол қусырып қарап отыратын кез бе? Ауылдағы шаруалар бірлесіп шабындықты орып, жинап алу үшін, тас түйін іске кіріскен. Соның бірі – таяуда ғана өз алдарына шаңырақ көтеріп, біріккен «Аралтөбе» ауылдық тұтыну кооперативі екен. Кооператив мүшелері бес трактормен пішен дайындауда. Бұдан кейін Билікөл маңындағы Тұрлыбай сазына қарай жол тарттық. Ойдым-ойдым өскен жиде мен қалың ну қамыстың аңғарынан шөпшілерді зорға таптық. Пырдай болып алқапта жатқан, тайланған шөптен көз тұнады. Алқап басында бригадир Ерболат Сатымбеков бізге мұнда жемшөп ең алдымен кооператив мүшелеріне тиесілі жер телімінен дайындалатынын айтты. Олар артылған пішенді Қаратау қаласының тұрғындарына сатады екен. Пішеннің бір түгі – 250-300 теңгеге бағаланады. Жоңышқаныкі одан екі есе қымбат. Бұл – нарық заңы. Шынын айтқанда, Берікқара ауылындағы бар шабындық ауылдың тұтыну қабілетін толық қанағаттандыра алмайтын секілді. Сондықтан Берікқара өндірістік кооперативінің пішеншілері Аралтөбедегі жоннан мал азығын дайындауға кіріссе, келесі бригада көршілес Жуалы ауданынан 200 гектар жоңышқа алқабын жалға алып, сонда мал азығын дайындауда. Қысқасы, берікқаралықтар жемшөп дайындаудың барлық мүмкіндіктерін қарастырып, күн-түн демей еңбек көрігін қыздыра түсуде. Соның нәтижесінде ауыл бойынша дайындалуға тиісті 9000 тонна пішеннің әзірге 4,5 мың тоннасы әзірленіпті. Пішеншілер осы қарқынмен өздері көздеген межеден шығатындарына сенімді.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Талас ауданы.