Экономика

Бизнесті қолдау – биліктің басты міндеті

Бизнесті қолдау – биліктің басты міндеті

Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының 4-ші бағыты аясында іс жүзіндегі бизнеске сервистік қолдау көрсетуді бастады. Ол жеті бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізуге, сондай-ақ статистикалық есеп беруді жасауға байланысты қызметтер, кедендік рәсімдер бойынша қызметтер, менеджмент жүйесін енгізу бойынша барлық үдеріске консультация беру және толық сүйемелдеу, заң қызметтерін көрсету, маркетинг мәселелері бойынша қызметтер, ақпараттық технологияларға қызмет көрсету саласында консультациялар беру, мемлекеттік сатып алулармен, ұлттық компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларымен байланысты қызметтер. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бұл қызмет түрлерінің барлығы тегін көрсетілетін болады. 

Облыс аудандарындағы шағын және орта бизнес өкілдерін осы сервистік қолдау шараларымен ақпараттандыру мақсатында кеше құрамында кәсіпкерлер палатасының сарапшылары, қаржы институттары мен банк саласының мамандары бар үгіт-насихат топтары аудандарға аттанды. Осыған орай, үгіт-насихат топтарын шығарып салуға арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Жиында сөз алған кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов: «Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы ауылдағы шағын және орта бизнес өкілдерімен жанды байланыс орнатуды өзінің басты міндетінің бірі санайды. Еліміздің экономикасының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған елдегі еңбекші қауым кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау-көмек туралы жан-жақты хабардар болуы тиіс. Жасыратыны жоқ ауыл кәсіпкерлері шағын және орта бизнеске жасалып жатқан жағдайлар туралы қажет деңгейде ақпараттанып отырған жоқ. Ол өз кезегінде саланың дамуына кері әсер етуде. Міне, сондықтан да ауылдағы ағайынның сауаттылық деңгейін көтермей онда шағын және орта кәсіпкерлік кең қанат жаяды деп айту қиын. Себебі, кәсіпкерлікке қатысты мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан шаралар, түрлі жеңілдіктер мен қолдау-көмектер тиісті ақпараттық саясаттың жоқтығынан шалғай ауылдардағы шағын кәсіп иелеріне жетпей жатыр. Ал, бүгін аттанып бара жатқан үгіт-насихат топтары осы олқылықтың орнын толтырып, ел арасында кең көлемді түсінік жұмыстарын жүргізіп, тиісті кеңестер беретін болады», – деді. Үгіт-насихат топтарының аудандарды аралауы жыл аяғына дейін жалғасатын болады. Нақтылы кезеңде әр ауданда кемінде 15 адамнан құралған жұмысшы топтар қызмет атқаруда. Олар жыл соңына дейін барлық елді мекендерді аралап 500 кәсіпкерлік субъектіге сервистік қолдау қызметтерін көрсетпек. Бұл мақсатқа 79 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Фариза Әбдікерімова,  «Ақ жол».