Тойып секірген 91 бала
Тойып секірген 91 бала
төрт құбыласы түгел отбасыларынан шыққан
Облыстық ішкі істер департаменті жанындағы қоғамдық кеңес отырысында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзия Зәуірбекова қылмысқа қатысқан 167 баланың 91-і толық қамтамасыз етілген отбасыларынан екенін айтты.
«Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, жастар ортасындағы наркомания және токсикоманиямен күресте қолданылған шаралар» тақырыбында өткен қоғамдық кеңес отырысында ОІІД әкімшілік полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Қуанышбек Құлмановтың жасаған хабарламасында ең алдымен атқарылған жұмыстар, қол жеткен жетістіктер туралы айтылғаны айтпаса да түсінікті. Ауызды қу шөппен сүртетіндей емес, бірінші жартыжылдықта облыста жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстар өткен жылғы 133-тен 100-ге дейін азайған. Соның 59-ы Тараз қаласының, қалғандары Жамбыл, Қордай және Шу аудандарының еншісінде. Дегенмен, қылмыстық жауапкершілікке тартылған 181 кәмелетке толмағандардың 85-і орта мектеп оқушылары болғаны жаға ұстатады. Қалғандарының 47-сі орта-арнаулы, біреуі жоғары оқу орындарынан. Облыс әкімдігі спорт, дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков біраз деректерді алдыға тартты. Бірақ кеңес мүшелері тарапынан ұлттық ат спортының кенжелеп қалғаны, стадиондар мен шағын спорт алаңдарының құлыптаулы тұратыны туралы сын айтылды. «Спортпен айналысам деген жастарға спорт алаңдары мен стадиондар есігі ашық болуы керек. Олардағы ақылы қызмет онсыз да кежегесі кейін тартып тұрған жастардың кеудесінен итергенмен бірдей. Нарықтық экономика жетегінде жүріп жастарды спорттан жатырқатып алмайық. Қоғамдық спорттың дамуына қолдан келгенді аянып қалмайық» деген ортақ пікір айтылды кеңес отырысында. Кеңес мәжілісінде облыстық наркологиялық диспансердің І-санатты дәрігері Елена Игорьевна Ли полиция көшеден ұстап әкелген немесе ата-анасы арнайы емдетуге ертіп келген жасөспірімдерден басқаларды еріксіз түрде емдей алмайтындарын айтып шарасыздық танытты. Облыстық Салауатты өмір салты орталығының директоры Гүлжан Иманбекова біраз жұмысты жүзеге асырдық дегенмен, «қанша жасөспірімнің темекіден, алкогольден, есірткіден бас тартуына ықпал еттіңіздер?» деген сұраққа толыққанды жауап бере алған жоқ. «Наркоманияның алдын алуда жұмыс істеп жатырмыз» деген «Освобождение-Юг» қоғамдық қорының президенті Дәурен Бағжанов бірқатар дәйектер мен деректердің басын шалды. Мақаланың басында келтірген деректі алдыға тартқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзия Зәуірбекова қол қусырып қарап отырмағандарын да айтты. Бірақ, өкінішке қарай, оқушылардың қатысуымен жасалған қылмыстар азаймай отыр. Қоғамдық кеңес жасөспірімдер қылмысын жоюға бағытталған шешім қабылдап, осы мәселеге жауапты мекемелерге міндеттер жүктеді. Ол міндеттердің орындалуы алдағы күннің еншісінде және қоғамдық кеңес бақылауында.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».