Жуалы – жер-суы дуалы

408

Бірде Дінмұхамед Қонаев атамыз Жамбыл өңіріне келген кезде, жер жәннәті – Жуалыға да табан тіреген деседі. Жуалының ғажайып сұлу табиғатын көрген ол сонда: «Жуалы – жер-суы дуалы» депті.
Иә, шын мәнісінде бұл сөздің жаны бар. Бұл өңірдің асау тұлпардай ештеңеге бой бере қоймайтын ауа райының өзі адамды таңғалдырумен келеді. Қысы – қаһары қатты ханның мінезіндей суық. Абайдың «Ақ киімді денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап, келіп қалды» – деген өлеңіндегі аязды Жуалы өңірінен көресің. Өзге жерлерде жадырап күн шығып тұрғанда, бұл мекен апталап соққан ақ боранның астында жатады. Шалғайдағы ауыл тұрғындары алай-дүлей соққан ақ боранның салдарынан орталықпен қатынас жасай алмай қалатын кездері де баршылық.
Жазы суретшінің салған картинасы. Адамның қиялындағы табиғат әсемдігі Жуалы өңірінде. Жазы – жанға дауа, ауасы – дертке шипа. Желпілдеп соққан самал желі сені алысқа, тым алысқа, арманға жетелейді. Қысы қандай суық болса, жазы сондай қоңыр салқын. Жазының ерекшелігі, оның әр күнінде, әртүрлі уақытта салқын самал желі есіп тұрады. Батыстан соққан Берікқара желі де ешкімге оңай тимейді. Бұл жел соққан кезде жұртшылықты біраз әуреге салады. Неге десеңіз, желдің соншалықты сойқандығы үйлердің шатырын ұшырып, өсіп тұрған тал бұтақтарын сындырып, ел-жұртқа бір қиналысты сәттерді тудырады.
Қазақ батыры Б. Момышұлының да ержүрек, қайтпас қаһарлы болғандығы да осындай өңірде туып, табиғатпен біте қайнасып, ер жеткендігінде шығар, бәлкім. Қазақ халқын дарындылығымен мойындатқан Ш. Мұртаза, ауған соғысының ардагері Б. Ертаев та осы өңірдің тумалары. Өзі кішкене ғана мекен болғанымен, аты таудай қасиетті жер. Бұл өңірдің табиғаты ғана ерекше емес, сонымен қатар, киелі жерлері де баршылық. Атап айтар болсақ, Ақтасты, Қосағаш, Ащыбұлақ, Қыз әулие және басқалар. Айтылған киелі атаулардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Жуалының сыры мен жырын айтып тауысу мүмкін емес.

Айымбала Мешелова,
ТарМУ-дің филология магистранты.

Comments are closed.