Экономика

Қолда бар судың бағасын біл

Қолда бар судың бағасын біл

Ауданда ағын судың жетіспеушілігі – басты проблемалардың бірі болып отыр. Үстіміздегі жылдың қуаңшылығы жағдайды күрделендіре түсті. Меркі, Аспара өзендері арқылы таудан ағып келіп жатқан су биыл едәуір азайды. Мәселен, өткен жылы Меркі өзенінде су мөлшері секундына 6-7 текше метр көлемінде болса, бүгінде ол екі есе аз. Аспара өзенінде де су жетімсіз. Соңғы кезде алаңдаушылық туғызған бір жағдай – үлкен Шу арнасы бойынша қырғыз ағайындардың суды тиісті мөлшерде бермей қойғаны. Жағдай осындай болып тұрғанда әр литр суды шаруақорлықпен пайдалану қажеттігі айтпаса да түсінікті. «Меркі тәжірибе шаруашылығы», «Жеміс-жидек», «Сыпатай батыр», «Тілеміс батыр» серіктестіктері, «Ләйлебек», «Агрокомплекс» (Жамбыл ауылдық округі) шаруа қожалықтары, «Ақарал» өндірістік кооперативі, «Гүлдер» шаруа қожалығы (Ақарал ауылдық округі) сияқты шаруашылықтар суғару науқаны басталысымен дақылдардың күтімін жақсартуға баса көңіл бөлуде. Яғни, бөлінген суды орнымен пайдаланып, ысырабына жол бермеуге күш салуда.

Суды ұтымды жұмсаудың бір жолы – су шаруашылығы мекемелерімен келісімшарт жасасу. «Аспара» мемлекеттік кәсіпорнымен өткен жылы 27 шаруашылық осындай мәміле жасаса, биыл олардың саны 40-қа жетіп отыр», – деді осы мекеме басшысы Айдын Сансызбаев. Әрине, күні бұрын келісіп, алдын ала ақының бір мөлшерін төлеп қойса, тұрғындар да суды кезекпен ала алады. Ауа райы ыстық, су жеткіліксіз болып тұрғанда оны ұрлап пайдаланғысы келгендерге не жорық? Меркі, Жамбыл ауылдарының жоғары жағында Чон каналы бойынша – Ақарал-Ақтоған бағытында осындай келеңсіз көрініске жол берілуі өкінішті-ақ. Қиындықтан шығудың сенімді жолы біраздан бері әңгіме болып келе жатқан үлкен жаңа су қоймасын салу. 50 миллион текше метрге дейін су жинай алатын бұл қойма құрылысы 2016 жылы басталып, 2019 жылы игілікке жарай бастайтын түрі бар. Оған дейін әлі біраз жылдар бар. Демек, әзірге қолда бар суды үнемді пайдалана тұруға тура келеді. Осыған қарай ауылшаруашылығы дақылдарын бар суды жөнімен пайдаланып, уақтылы ылғалдандырып отырсақ қана шығынды ақтар түсімге қол жеткізе аламыз.

Бақтыбай АБАЙ, журналист.

Меркі ауданы.