- Advertisement -

Такси қызметіндегі мәселе де таудай

367

- Advertisement -

Жасыратын несі бар, шаһарымызда бүгінгі күні заңсыз таксистердің «алтын дәурені» жүріп-ақ тұр. Олар ресми тіркелмегендіктен салық төлемейді. Өйткені әзірге оларға тиісті органдар тарапынан тосқауыл жоқ. Мұндайлардың бірен-сараны болмаса, көпшілігі жүргізуші құжатын сатып алғандар (мен оған кәміл сенімдімін). Әрине, бұл тірлік табыс табудың бір көзі екендігі де рас. Екі қолға бір күрек таппаған кейбір адамдар осы кәсіптен нәпақа айырып, отбасын асырап та отыр. Зіңгіттей жігіттердің бой тасалап, қуыс-қуыстан жолаушы торып жүргендіктеріне көзіміз үйренгелі қашан?! Енді, мұндай күнкөріс тұрақты жұмыс жоқтығының белгісі екендігі айтпаса да түсінікті шығар.

Біз осы мәселені хал-қадірімізше қаузап жазу мақсатында Тараздың әр түкпірінде шоғырланып тұратын заңсыз такси тұрақтарына баруды жөн санадық. Әуелі, жолаушысын іліп әкететін заңсыз таксистерге «тиесілі» стихиялық орындарға тоқталайық. Атап айтқанда, Жансая аумағы (Тараз – Шымкент, Б.Момышұлы бағыттарына), Сельпо аумағы (Тараз – Жаңатас, Саудакент, Аса бағыттарына), Жамбыл даңғылы, 11 «А», Қ.Сәтпаев көшесінің қиылысындағы, сондай-ақ дәл осы даңғылдағы Автовокзалдың сыртқы аумағымен (Тараз – Меркі, Құлан, Шу, Мойынқұм бағыттарына), «Мәди» жанармай құю бекетінің аумағы (Тараз – Алматы бағыты), бұрынғы №2 Автопарк аумағы (Тараз – Алматы бағыты) және жоғарыда айтқан «Мәди» жанармай құю бекетінің қарама-қарсы жерде де заңсыз жолаушы тасымалдау тыйылмай келеді.
Әншейінде, алдыңнан өре шығатын такси жүргізушілері тілші екенімізді білген соң, бірден сөйлесуден бас тартты. Сұрағымызға жауап бермей, ат-тонын ала қашып жатқандарды тоқтату бір ақырет екен. Оларға тексеруге емес, жай ғана өздерінің ой-пікірлерімен бөлісуге келгенімізді жеткізіп-ақ жатырмыз. Соған қарағанда, соңғы кездері құзырлы органдардың жиі тексерулері таксистерді мезі қылған секілді. Әйтеуір, ретін тауып бір-екі таксистермен тілдесіп, айтарларын тыңдадық.

Тұрағы жоқ
таксистердің тілегі

Жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің қазақтың нардай жігіттері мен атпалдай азаматтары екенін көріп іштей налисыз. Алдыңнан жүгіре шығып, жеткізіп салатын қызметін айтатын олардың тұрақты жұмысының жоқтығы өкінішті-ақ. Мәселен, Тараз-Шымкент, Б.Момышұлы бағыттарына қатынайтын Жансая аумағында таксистердің көпшілігі тепсе темір үзетін азаматтар. Келген жолаушының көңілін табуға бар амалын салып жатқан олардың тұрақты жұмыс туралы ойлауға да шамасы жоқ. Себебі жылдамдық танытпаса, сол мезетте-ақ келесі бір такси жүргізушісі мұның жолаушысын алып қоюуы әбден мүмкін.
Біз сөйлескен Тараз – Шымкент бағытына жолаушы тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алу тиімді емес екендігін айтады. Өйткені көліктің бұзылуынан және заңсыз жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің бәсекелестік туғызуынан Үкімет белгілеген айлық есептік көрсеткіш мөлшерін уақтылы төлей алмаймын деп қорқады. Заңды таксистердің шымбайына бататыны да осы. Бұдан бөлек, қаланың бір шетінен заңды түрде тіркелген жолаушы тасымалдайтын автотұрақ салынып, жұмысқа шығатын таксистерді күнделікті тіркеуге алып, талон үлестіріп отырса, бір жүйеге келер дейді пікір айтушы таксистер. «Жеке кәсіпкер өзі би, өзі қожа. Сондықтан оның күнделікті жұмысқа шығу, шықпауы екіталай. Талон үлестіру жеке кәсіпкерді жұмысқа тарту үшін де қолайлы екендігін көрсетеді. Әр жүргізушінің салық төлемі күнделікті жүрген жолынан есептелінсе…» – дейді олар.
Ал бүгінде заң аясында жұмыс жасайтындар заңсыз қызмет жасайтындардың тірлігін құп көрмейді. Мәселен, қалалықтардың көпшілігі жолаушы тасымалдайтын көлік қызметіне телефон шалып, олардың қызметіне үнемі жүгіне бермейді. Керісінше, көшеге шығып, кезіп жүрген көлікке қол көтергенді жөн санайды. «Халықтың көңілінен шығу оңай емес. Кәсіпкерлер қанша сапалы қызмет көрсетсе де, жұртшылық арзанға қарай жүгіреді. Сондықтан әрі арзан, әрі сапалы қызмет түрлерінің саны көбейіп, баға бір жүйеге келтірілген жағдайда ғана бәрі жақсарады», – деген ойда біз сөйлескен Орынбек есімді жеке кәсіпкер.
Ал Тараз – Астана бағытына жолаушы тасымалдаушылар жолдың нашарлығын тілге тиек етеді. Соның салдарынан жол апаттарының жиілеп отырғандығын, жеке көліктің тез бұзылып, оны қайта жөндеуге қомақты қаржысы кететіндіктерін айтады. «Көлікпен Астанаға бару үшін жол азабын тартуға тура келеді. Алайда біз бала-шағамызды асырау керекпіз ғой. Сол себепті, жол жүйкемізге тисе де, бұл тірліктен бас тарта алмаймыз. Заңсыз таксистер көбейіп кетті дейді. Енді, мұндай күнкөріс тұрақты жұмыс жоқтығының белгісі», – дейді қырықтың қырқасына шыққан жігіт ағасы.
Кейбір таксистердің айтуынша, кәсіпкер ретінде тіркелсек, кейін ол мекемені жабу оңайға түспейді екен. Өйткені бұлардың көпшілігі заңнан хабарсыз, сауаты шамалы. Сондықтан Үкімет тарапынан осындай қағазбасты жұмыстарды азайтып, оның үстіне Заң талаптары негізінде халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен таратса екен деген тілектерін жеткізді. «Көлігіммен жолаушы тасымалдауым үшін жеке кәсібімді аштым делік. Кейін тендерге өзгелер түсіп, ұтып алады. Себебі олардың таныстары бар. Соның салдарынан мен кәсібімді жабуым қажет қой. Құзырлы мекемелерге барып жеке меншікті жабу туралы құжат тапсыру керек. Күнделікті күйбең тірлікпен жүргенде оған шама бар ма? Содан кейін, яғни арада бір-екі жыл өткенде мойнымда қыруар қаржыны қамыт етіп аламын. Оның үстіне жеке кәсіпті жабу туралы жолдарын іздестіріп, салық басқармасына барасың. Қыруар құжаттарды жинап, әуре-сарсаңға түсесің. Құжатпен айналысатын ақылы қызмет орнына жүгінуге де болады, біз секілді қарапайым қара жұмысшы да ондай қаржы қандай болсын. Одан да аш құлақтан, тыныш құлақ», – дейді Ерлан есімді бір жүргізуші.
Негізі, бұл түйткілдегі таудай мәселенің ең ең маңыздысы – жан-жаққа қатынайтын таксилерге арнайы жер телімін бөліп, автотұрақ салынбауында. Бұл мәселе келелі жиындарда жыл сайын көтерілгенімен, әлі күнге шешімі табылмай отыр. Оның зардабын қарапайым тұрғындар тартып келеді, мұндай жерде орын алатын жол-көлік оқиғасын айтпағанның өзінде, жолаушы мен жүргізушілер жан-жағын ластап, көрер көзге қала сәнін бұзып-ақ тұр. Қалалық билікке талай басшы келіп кетсе де, аталған мәселені ешкім әлі күнге түбегейлі шеше алған жоқ.
Салық басқармасы және жол полициясы, сонымен қатар өзге де құзырлы мекеме қызметкерлері рейдтік шараларды жиілетіп, заңсыз таксилерге тексеру жүргізуден басқа қолдарынан түк келмей отыр. Әрине, олардың мақсаты – заңсыз таксилерді оңтайландыру. Алайда осы шаралардың нәтижесі қандай?! Осыны білу мақсатында құзырлы мекемелерге хабарластық.

Салық салмағы немесе
Заң тіліне сүйенсек…

Әбдімәлік Жұматаев,
облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы автомобиль көлігі бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
– 2013 жылғы 13 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 2013 жылдың 24 маусымында қолданысқа енгізілген. Осыған орай, көліктік бақылаудың бірқатар функциялары жол полициясы органдарының құзыретіне берілген, атап айтқанда, тасымалдаушылармен Жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасы сақталуына бақылауды жүзеге асыру, автобус салондарына жүк тасымалына жол бермеу.
Көрсетілген функция жол полициясы органдарымен автомобиль жолдарында бақылауды жүзеге асыру кезінде қолданылатын болады, сонымен бірге көліктік бақылау органдарына автомобиль көлігіндегі шаруашылық субъектілеріне (кәсіпорындарға) тексеру өткізу кезінде осы функцияларды жүзеге асыру қалады.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы, Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдауды дамыту жөніндегі бірлескен жоспарының іске асырылу барысында, келесі жұмыстар атқарылды.
Қазіргі таңда 10 рет облыстық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметкерлері мен облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандарымен бірлесіп Тараз қаласындағы «Автобекет Тараз» автовокзалының маңайындағы, «Жансая» мөлтекауданының маңындағы автотұрағындағы, «Қайқармет» автотұрағының жанындағы алаңдағы және «ЕРК-Ойл» май құю стансасының маңындағы стихиялық тұрақтардан шыққан автобустарға бірлесіп сапарға шықтық. Оның барысында мемлекеттік нөмірлері 229NLA08, 722ЕНА08, 037ЕСА08, Н543ВС, Н246АТМ, H791OKM. H353UDM. H558HPM. H771OYM. 988BDA08 автобус жүргізушілеріне «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын» сақтау туралы түсініктеме жұмыстары жүргізілгенін хабарлай отырып нәтижесінде «ЕРК-Ойл» май құю стансасының жанындағы алаң және «Қайқармет» автотұрағының жанындағы алаң жолаушыларды отырғызу орны болып заңдастырылды. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан 80 хаттамалар толтырылды. Оның ішінде 8 хаттама ӘҚБтК-нің 572-бабы. (Автобус жүргізушілерінің жолаушыларды тасымалдау кезінде еңбек және демалыс режімін бұзуы.) 53 хаттама ӘҚБтК-нің 571-бабы, 2-бөлімі (Автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тасымалдау қағидаларын бұзуы), қалған 19 хаттама жол ережесінің бұзылуына қатысты баптар.
Жамбыл облысында 1-автовокзал, 8-автостанса халыққа қызмет көрсетеді. Олар Тараз қаласындағы «Автобекет Тараз» автовокзалы және «Садырбаев Б» ЖК, «Лирона» ЖК, «Арлан» ЖШС, «Dim Dimicn@ Company» ЖШС автостанциялары, Қордай ауданында орналасқан «Қордай жолаушы» ЖШС, Мойынқұм ауданында орналасқан «Рысымбетов П» ЖК, Байзақ ауданында орналасқан «Қарпыков М» ЖК, Сарысу ауданында орналасқан «Жанатас көлік» ЖШС.
Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша орналасқан автовокзал мен автостансалар тексеріліп стандарттарға сәйкестігі анықталды, Аудандардағы автостансаларды Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандарымен бірлесіп тексеру шілде айына жоспарланды.

Заңсыз таксистерге тосқауыл…

Уәлихан Сексенбаев,
облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары:
– Біз заңсыз таксистерге қарсы рейдтік іс-шараларды үнемі жүргізіп отырамыз. Автобекет маңына автоураган орнаттық. Ол үнемі жұмыс істеп тұрады. Жалпы, заңсыз жолаушы тасымалдайтындарға Автобекет маңында тұрмау керектігі ескертілсе, олар Автобекетке қарама-қарсы «Мәди» жанармай құю бекетінің маңына барады. Мұның бәрі сол маңдағы жеке кәсіпкерлердің ісі. Неге десеңіз? Біз жүргізушілерді тексергенде құжаттарының бәрі қанттай боп шыға келеді. Сондықтан біздің оларға құзыретіміз жүрмейді. Мәселен, Жансая аумағындағы «Мәди» жанармай құю бекетінің иесі: «Бұл менің иелігімдегі жер. Кімге берсем де өзім білемін», – дейді. Айталық, былтырғы жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 597-бабына сәйкес 781, ағымдағы жылдың бүгінгі күніне дейін 1763 автобус иелеріне айыппұл салынғанымен қаланың әр түкпірінде шоғырланып тұратын заңсыз таксишілердің саны азаяр емес.

Тараз қаласы.

Есен Өтеулиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support