Апатты мектептер мәселесі түбегейлі шешілмек
Апатты мектептер мәселесі түбегейлі шешілмек
Әлемдегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті барынша дамыған 30 елдің қатарынан көрінуді межелеп, қияндағы биікті бағындыруды діттеген еліміздің дегеніне жетуі үшін бүгінгі жас ұрпақтың білімді, білікті болып жетілуі шарт. Бұл ретте жалпы білім беретін мектептерге жүктелінер міндет те аса ауқымды. Нақ сондықтан да Елбасы барша қазақстандықтарға арнаған «Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Орта білім беру жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. ...Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», — деп еліміздің білім саласының алдында тұрған міндеттерді белгілеп берді. Әрі оның үдесінен шығу — білім ұяларын заманауи талаптарға жауап бере алатындай жоғары санатты педагог-кадрлармен қамтамасыз етуді, жетілдірілген материалдық-техникалық оқу базасымен жабдықтауды қажет ететіндігі белгілі. Ал, қазіргідей ішінара кейбір мектептердің ғимараттарында апат туындау қаупі орын алып отырған кезде, ондағы қалыпты оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылуы және оны оқушылардың өз деңгейінде қабылдай қоюы екіталай мәселе.
Міне, осындай кері тенденцияны болдырмау мақсатымен, облыс басшылығы соңғы жылдардың бедерінде аумақтағы қалалар мен ауылдардағы апатты жағдайдағы мектептердің ғимараттарының санын азайту үшін пәрменді шаралар қолданып келеді. Нәтижесінде бүгінде облыстағы апатты мектептердің саны бұдан он жылдан астам уақыт бұрынғымен салыстырғанда әлденеше есеге азайып, 24 бірлікті құрап отыр. Бір атап өтетін жай, осыдан аз ғана уақыт бұрын, Шу ауданындағы Бәйдібек, Сауытбек және Бірлік, Бөлтірік, Еңбекші ауылдарындағы жалпы білім беретін мектептердің ғимараттары да солардың қатарында аты аталатын. Бірақ, бүгінде тілге тиек етілген елді мекендердегі білім ұяларының орналасқан жайларына қатысты орын алып келген проблемалар шешімін табу үстінде.
Осы орайда тағы бір нақтылай кететін жай, кезінде Шу ауданындағы апатты жағдайдағы мектептерде балалары оқитын ата-аналардың мәселе көтеруі негізінде өңірдегі жергілікті атқарушы билік органдары жобалау мекемелеріне бес мектептің жаңа ғимараттарын салуға қажетті техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобалық-сметалық құжаттарын жасау жөнінде тапсырыс берген болатын. Соған орай, биыл Бәйдібек ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептің жобалық-сметалық құны 478 563 950 теңге тұратын, 150 орынға арналған жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, бәйдібектік мектеп оқушылары мен ата-аналары үлкен қуанышқа кенелген-ді. Ал, ағымдағы жылы Сауытбек ауылындағы Алға орта мектебінің, ал, келер жылы іргетасы биыл ғана құйылып, қабырғасы қалана бастаған қалған үш ауылдағы білім ұяларының ғимараттары да пайдалануға беріледі деп күтілуде. Десек те, бұл ретте көңілді күпті етер күмәнді жайлар да аз емес. Соның ең бастысы ретінде, қажетті қаржының бөлінгендігіне, мердігері белгілі болғандығына қарамастан білім нысандарының кейбіріндегі құрылыс қарқынының кестеде белгіленген мерзімнен кешеуілдеп, кенжелеп қалып келе жатқандығын айтуға болады. Соның нақтылы мысалы ретінде, Сауытбек ауылындағы құрылысы 2013 жылы қолға алынған, жобалық-сметалық құны 408 892 мың теңгені құрайтын, 150 оқушыға арналған мектептегі құрылыс жұмыстарының барысын тілге тиек етсек те болады. Өйткені, аталған нысанның құрылысын жүргізу құқын тендерде жеңіп алған «СК-Ретма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр бюджеттен бөлінген жүз миллион теңгенің тең жартысына жуығын игере алмай, өткен жылға белгіленген жұмыс ауқымының едәуір бөлігі биылға қалдырылған болатын. Бұл — шаруашылық жүргізуші заңды тұлғаның мектеп ғимаратын келісімшартта көрсетілген бастапқы мерзім — ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беруі үшін, еселенген күш-жігер жұмсауын, мүмкіндігінше қолда бар резервтік ресурстарын толығымен іске жұмылдыруын талап ететіндігі мәлім. Бір жағы содан да болар, «СК-Ретма» ЖШС-ның әкімшілігі өткен жылы құрылыс нысанына басшылық жасаған прораб Жұмабек Көшетовті де, құрылысшыларды да жаңа басшылықпен және негізі көршілес Өзбекстан республикасының азаматтарынан тұратын құрылыс бригадасымен алмастырыпты. — Осыған дейінгі мектеп ғимараты құрылысында қалыптасқан келеңсіз жағдайды жан-жақты талдап, зерделеудің негізінде мердігердің қабылдаған шешімі, әзірге тиісті нәтиже әкелуде. Құрылыс нысанына жауапты учаске бастығы Талғат Карантаев та, құрылыс шебері Марат Өтегенов те өздерін ұйымдастыру қабілеті зор, қолынан іс келетін маман ретінде танытуда. Дегенмен, жасыратыны жоқ, құрылысшылардың өздерінің кінәсінен өткен жылы атқарылмай қалған жұмыс ауқымы биылғы құрылыс қарқынына қол байлау болуда. Мектеп ғимаратының қабырғасын қалау, екінші қабатына кесекөлденең бетон плиталарды төсеу, шатырын жабу, есік-терезелерді орнату сияқты құрылыс үдерісіндегі ең өнімді жұмыстарды шілде басталғанша аяқтауымыз керек еді. Ол — мүмкін болмады. Ал, құрылыстағы санитарлық-техникалық тораптар мен электр желілерін тарту, сылау, әрлеу және басқа да жекелеген жұмыстардың көп уақыт алатындығы белгілі. Сондықтан, мердігермен келісе отырып, құрылыс нысанын пайдалануға беру мерзімін ағымдағы жылдың тамызынан қараша айына жылжытқанды жөн көрдік. Қазіргі таңда, мұнда 60 адам еңбек етуде. Олардың – 45-і өзбекстандық. Бұдан өзге, оныншы маусымнан бастап құрылыс нысанында Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттерінен құрылған «Жігер», «Сұңқар», «Жалынды жастар» студенттік құрылыс жасақтары жұмыс істеуде. Міне, осы аталған іс-шаралар мектеп ғимаратын келісілген уақытта пайдалануға беруге ықпал етеді деген сенімдеміз, — деді аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Бүркіт Өзбеков бізді құрылыс үдерісінің барысымен таныстырып. Ақиқатында да Сауытбек ауылына кіреберіс жолдың сол жақ бетіндегі Алға орта мектебінің болашақ екі қабатты типті ғимаратының құрылысында, ұзын-ырғасы 90-ға жуық адам қауырт еңбек етіп жатыр екен. «Студенттік құрылыс жасақшыларының келгені жақсы болды. Бұл — кірпіш қалау, бетон құюға қажетті қалыптарды жасау және бетон құю сияқты арнайы дайындықты қажет ететін құрылыс ісі қолынан келетін құрылысшыларды қосалқы жұмыстардан босатып, құрылыстың негізгі учаскелерінде пайдалануымызға мүмкіндік туғызды», — деді құрылыс қарқыны мен сапасына тікелей жауапты құрылыс шебері Марат Өтегенов. Біз оған құрылысшылардың денінің неліктен тек Өзбекстан Республикасы азаматтары арасынан ғана іріктеліп алынғандығы, ал, Сауытбек ауылының бірде-бір тұрғынының бригада құрамына жұмысқа қабылданбағандығы жайлы сауал қойдық. Ол, жергілікті тұрғындар арасында құрылыс ісіне машықтанған жандардың жоқтың қасы екендігін, соған қарамастан олардың қосалқы жұмыстар үшін төленетін еңбекақыны азырқанып, өздеріне жасалынған ұсыныстан бас тартқандықтарын мәлімдеді. Нақтылы кезеңде Шу ауданында «Ник-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бірлік ауылында жобалық-сметалық құны 930 327 мың теңге болатын 600 орындық мектептің, «Строй-Партнер» ЖШС Бөлтірік ауылында 564 489 мың теңгеге 150 оқушыға арналған мектептің, «Шу-Төле би-Құрылыс» ЖШС Еңбекші ауылындағы жобалық-сметалық құны 79 336 мың теңгені құрайтын мектеп ғимаратына қосымша бес оқу бөлмесінен тұратын жанама құрылыстың іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызуда. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сарсенбековтің айтуынша білім ұяларының алғашқысының ғимараты келесі жылдың 25 тамызында, екіншісі — 30 шілдеде, үшіншісі — 30 қарашада пайдалануға берілуге тиіс. Тек, соңғы жылдары мердігерлердің тарапынан жиі байқалып жүрген «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлаушылық» сияқты кереғар әрекеттер іске кедергі келтірмесе, аумақтағы апатты мектептер проблемасы түбегейлі шешіліп, әңгімеге арқау болып жүрген ауылдардың тұрғындарының көңілдері орнығатын, ал, ондағы педагогикалық ұжымдар мен мектеп оқушыларының көңілдері қуанышқа кенелетін болады.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Шу ауданы.