Әлеумет

Тәртіп пен тазалыққа мән берілуде

Тәртіп пен тазалыққа мән берілуде

Тараз қаласының әкімдігі «Ақ жол» газетінің 2014 жылғы 24 маусымдағы №94 санында жарық көрген «Зербұлақ» па, сорбұлақ па?» атты мақаласына орай төмендегіні хабарлайды.

Қазіргі таңда «Зербұлақ» демалыс орнында жазғы шомылу маусымы басталды. Шомылу кезеңіне дайындық аясында келесідей жұмыстар атқарылды. Жағажайда медициналық пункт ашылды, 6 дана нұсқау тақтайшалары қойылды, сақтандыру ережесіне байланысты иірімі терең жерлерді қоршауға қажет диаметрі 16 мм. арқан, 5 дана құтқару кеудешесі алынды, қатты дауыс шығарғыш құралымен қамтылды, су қақпақтары мен көл жағасындағы бетондар сырланды, су сорғылары іске қосылды, киім ауыстыратын орын және 3 дана жылжымалы әжетхана көл жағасына орнатылды, 300 текше метр құм жеткізілді, 10 қызметкер қарамағында 4 мотор қайығы және 3 ескек қайығы бар құтқару бекеті қызмет көрсетуде. Қоғамдық тәртіп сақшылары айнала ахуалын бақылауда, демалыс орны қоқыстан күнделікті тазартылуда.

Жазғы маусымда көл жағасында демалушылар саны күрт өсуіне байланысты, тәртіп және тазалық сақтау іс-шараларына айрықша назар аудару мақсатында Тараз қалалық ішкі істер басқармасына осы маңда тұрақты қадағалау жұмыстарын күшейту сұралып, ресми хат жолданды. Дегенмен, кейбір жайсыздықтар қала тұрғындарының өздерінің тазалыққа салғырт қарауынан да орын алуда. Осыған орай, тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырған арнайы банерлер, тартпалар, т.б. көрнекіліктер орнатылды. «Зербұлақ» көліне жақын «Үшбұлақ» каналының арнасы бірнеше жыл бұрын «Тайвань» алқабына қарай айналма (обводной) канал ретінде қазылып жүргізілген. Қазіргі таңда, ағын су осы арнамен жіберіліп, «Қарасу-2» каналына құйылуда. Көлге 9 су сорғысы арқылы су жиналуда. Ағымдағы жылы «Зербұлақ» көлін күтіп-ұстауға және шомылу маусымына 6 100 000 теңге көлемінде қаржы бөлінді. «Тайвань» алқабынан өтетін «Үшбұлақ» каналының арнасы «Тараз-ирригация» ЖШС күшімен 7 текше метр пластикалық құтылар жиналды. Аталған бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда.

Жандос ӨМІРЗАҚОВ, Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы.