Мәдениет

«Тыныштықты бұзатын «шындықтың» іште өлгені жақсы»

«Тыныштықты бұзатын «шындықтың» іште өлгені жақсы»

Тоқсаныншы жылдары айтыс сахнасында жарқырай көрінген Мұхамеджан Тазабекті өнер сүйер қауым жақсы таныса керек. Талай республикалық айтыс аламандарында топ жарған жерлесіміз қазір өзі айтыс ұйымдастырып, жас ақындарға қамқор боп, атамұра өнердің дамуына атсалысып жүр. Республикалық «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасын басқаратын азамат ақынмен қасиетті Рамазан айында Ораза, айтыс, ақындық өнер һәм азамат бейбіт өмір мен береке-бірліктің қадірі төңірегінде әңгімелескен едік.

6– Жақында Таразда дүбірлеп өткен республикалық айтыстың басы-қасында өзіңіз жүрдіңіз. Айтыс, Құдайға шүкір, абыройымен өтті. Қатысқан ақындардың да, тамашалаған көрерменнің де көңілінен шыққандай. Осындай игі шара, ұлттық өнерді дамыту жолындағы еңбегіңізге Алла береке берсін дейміз. Сұрағымыз былай. Кейінгі уақыттары Сізді айтыс төңірегінен жиі көре бастадық. Бұл ненің белгісі? – Бұл, бірінші кезекте, біздің тәуелсіздігіміздің нығайып, елдігіміздің еңсесі биіктей бастағанының белгісі. Жоқ-жітігін түгендеп, өз-өзін танып, құрметтеген ұлт міндетті түрде төл өнерін биікке көтеріп, кеңінен насихаттап, дамытуға күш сала бастайды. Сондықтан айтысқа мемлекет пен «Нұр Отан» партиясы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны, сөз жоқ, ел болашағының кемелдігін қамтамасыз етеді. Ал билік партиясы қаржыландырып, мемлекеттік телеарналар насихаттап отырған айтыстың төңірегінде ақындардың жүруі заңдылық іспеттес. Өйткені, өзім де айтыскер ақын болдым, сол ортаның отымен кіріп, күлімен шығып жүрдік, үлкенді-кішілі біраз айтыс өткіздік, ұйымдастыру, менеджерлік салада жүргенімізге де он шақты жыл боп қалыпты. Яғни, айтыс ұйымдастыруда тәжірибеміз жоқ емес. Әрі, білесіздер, айтыс - мемлекет мүддесі мен халықтың ой-арманын бір арнаға тоғыстыратын керемет өнер. Қарапайым халықтың көкейінде жүрген сан қилы мәселелер айтыскерлердің аузымен айтылып, елдің қамында жүрген азаматтардың құлағына дұрыс жетсе екен, мемлекетіміздегі ортақ мәселелерді жұмылып шешсек екен деген ниетіміз бар. Айтыс төңірегінде жүрген негізгі себебім де сол. – «Нұр Отан» – билік партиясы. Әлбетте, биліктің ұлттық өнерге, оның ішінде абайламасаң тіліп түсер алдаспан іспетті айтысқа қамқор болғанын құптаймыз. Бірақ осы қамқорлықтың өзі айтыскерлерге тұсау болмаса да, шідер сияқты боп тұрған жоқ па? Өйткені, шығармашылық адамына тән еркіндік жоғалғанда, өнер де тоқырай бастамаушы ма еді? – Шыны керек, бұрындары саяси партиялардың қатысуымен өткен айтыстар жан-жағы сызылып қойылған, белгілі бір шегі бар қалып сияқты боп көрінетін. Менің айтыс ұйымдастыру қызметінде жүргендегі бірінші мақсатым да осы орайлас – айтыстың табиғи қалпын бұзбауға көңіл бөлгім келеді. Өйткені, айтыс - бірнеше өнерді тоғыстырған өнер. Айтыста сіздің шешендігіңіз бен тапқырлығыңыз ғана емес, домбырашылығыңыз, әртістігіңіз, даналығыңыз тоғысады. Осындай зор өнерді қолында ықпалы бар партия қолдаса, міндетті түрде дамиды. Бірақ ол үшін айтыстың басы-қасында айтысты, жалпы қазақ өнерін түсінетін, мәдениетін құрметтеп, қазақтың ішкі бір қалтарысында, жүрек түкпірінде жатқан мұң-мұқтажын ұғынатын адамдар жүруі тиіс. Сонда ғана айтыстағы еркіндік, шынайылық жоғалмайды. – Кейінгі кездері интернет-форумдарда «суырып салма айтыс өнері «халал айтыс», «демократиялық айтыс», «билікшіл айтыс» боп бөлініп кетті» деген сыңайдағы пікірлер айтылып жатыр. Осындай сөздердің шыға бастауынан нендей ой түюге болады? – Интернет-форумда мұндай пікірлердің пайда болуы «айтыс жеміс бере бастады» деген сөз. Өйткені, қазақ «жемісі жоқ ағашқа тас атпайды» дейді. Жаңа айтқанымыздай, айтысты мемлекет қажет қылып, сол айтысқа елдің ықыласы зорайып келе жатса, қоғам назары біз ұйымдастырып жатқан айтысқа ауды деген сөз. Ал назар ауған қандай да болсын тірлік міндетті түрде жоғарылы-төменді әңгіме туғызады. Егер айтыс дамымай, кенжелеп, көш соңында жүрсе, оны ешкім талқыламас та еді, керек те қылмас еді. Қазір айтыс дамып, буырқанып, жаңа бір деңгейге көтеріліп бара жатқандықтан, әркімнің сан-саққа жүгірте беруі заңдылық. Бірақ бұл бүкіл қазақ айтысын Мұхамеджан ұйымдастырып, Мұхамеджан дамытып жатыр деген сөз емес. Бұл айтыстың төңірегінде, әлбетте, Жүрсін Ерман ағамыз жүр, Айтбай Жұмағұлов Қарағандыда, Айтақын Бұлғақов Талдықорғанда айтыс өткізді. Балғынбек Таразда айтыс ұйымдастырды. Айнұр Тұрсынбаева мен Серікзат Дүйсенғазин өз ауылдарында ақындармен кездесу өткізді. Яғни, әр азамат шама-шарқы келгенше айтыстың дамуына үлес қосып жатыр. – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі дүмпу дейміз бе, әлде бүгінгі күннің биігінен қарағандағы ой осылай ма, әйтеуір, айтыстағы Сіздің буынның аузы кере қарыс сияқты көрінеді. Өзінен кейінгі толқынға көңіл толмау жаңалық емес. Дегенмен, ізбасарларыңыздың сіздерге қарағанда әлжуаздау шыққанымен келісетін шығарсыз? – Сізге біздің мықты, қазіргі ақындардың әлсіз боп көрінуі – қазір адамдар тұтынатын ақпараттың көбейіп кеткенінен. Осы күні телеарна көп, шоу көп, концерт көп. Біз айтысқа қатысып жүрген жылдары «Хабардан» немесе «Қазақстаннан» айтыс көрсетілетін болса, одан асқан рухани кеш болмайтын. Жұрт күтіп отырып көретін. Қазір эфирде айтыс көрсетіліп жатқан кездің өзінде басқа арнаға ауыссаңыз, бір айтулы ақын-сазгердің шығармашылық кеші боп жатады, екінші арнада «Жайдарман», үшіншісінде Мейрамбек ән салып жатады. Яғни, халық назары әртүрлі нәрсеге ауып кетіп жатыр. Сол себептен де кейінгі жастар әлжуаздау көрініп, танымалдығы кем, толық мойындалмағандай көрінеді. Әрі бірнеше жыл айтыс ақындары теледидардан насихатталмай, танылмай қалды. Танымалдықтың төте жолы, білесіздер, теледидар. Ел таныған кезде жауапкершілік те өсе береді. Жұрт танымағаннан кейін ақындар да, бәлкім, өнеріне селқос қарап, күйбең тіршілігімен кетіп қалған болуы мүмкін. Ал біздің бір бақытымыз – біз сахнаға шыққан кез бүкіл халық боп төл өнерімізді сағына тосып көретін кезеңмен тұспа-тұс келді. Кемшілікке кеңшілікпен қарайтын заман еді. Өзі ұнатқан ақынға жата-жастана жанкүйер боп, жырын жаттап жүретін. Ал қазір ел ретінде дамыдық, өнердің басқа салалары да дамыды. Көрермен мен тыңдарман бөлінді. Тұтыну мүмкіншіліктері көбейді. Әйтпесе, қазіргі айтыскерлердің таланты бізден еш кем емес. – Қазіргі ақындар көрерменнің деңгейіне көп қарайлайтын сияқты. Айтарын барынша түсінікті ғып айтқысы келіп, тым оңай ұйқас, «жарамдылық мерзімі біткен» тіркес, комедиялық теңеулер іздейтін тәрізді. Салиқалы сөз айтудың орнына, жұртқа қалай жағам деген алаңкөңіл айтыскерлер байқалатындай. Осы пікірмен келісесіз бе? – Бір жағынан халықтың талабы да солай боп тұр. Айтысқа келгенде демалғысы кеп, ойланбайтын, оңай сөз іздеп отыратын да қауым бар. Ақындар да осыған ыңғайланатын шығар. «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деп ілгерідегі аталарымыздың айтқан сөзі бар. Яғни, ел ақын сөзін қырық-елу жыл айтып жүрмесе, нағыз аузы дуалы ақын боп есептелмейді екен. Ақындықта осындай қағидалар бар. Сол сияқты, қазіргі ақындар да бір күндіктің емес, мың күндіктің сөзін айтуға дайындалып жүру керек. Бәлки, залдағы көрермен шапалағын ала алмауың мүмкін. Бірақ ол сөз қағазға түсіп, кітапқа еніп немесе экраннан асықпай қараған кезде міндетті түрде лайықты бағасын алады. Мысалы, Жамбылдың 150 жылдық тойында мынадай сөз айтып едім: Жамбыл деген - жүз беттік киіз кітап, Әр беті тарих болып табылатын. Алғашқы бетін ашсаң, Ыстыбайдың Жаудан ыққан көші боп сабылатын. Соңғы беті Ұлы Отан соғысының, Жалаулы жеңісімен жабылатын. Осында бір сурет бар еді. Жамбылдың Ыстыбайдың көшінде дүниеге келгенін, фашистермен соғыспен қатар, оның өмірі де аяқталғанын өзімше суреттеген едім. Сын көзбен қарағаныңыз орынды, рас, осы сияқты суреттеулер, тың теңеулер, образдар, қазақ тілінің сән-салтанатын паш ететін тіркестер жетіспей жатқан сияқты. Ақындар ізденсе, сөз табылады. Жас ақындарға осындай насихат айтқан болар едім. – Жалпы, шығармашылық адамына, бәлкім, күллі адамзатқа тән бір нәрсе – қошеметке құмарлық қой. Кейбір ақындар публиканың бір ду қол шапалағы үшін, шу еткізетін ұтымды теңеу үшін мемлекеттің тағдырына әсер етуі мүмкін, бірақ атүсті, шикі ойға құрылған шумақты төбеден түскендей ғып қойып кеп жібереді. Яғни, айтарына жауапсыз қарау бар тәрізді. Бұл ойыма қалай қарайсыз? – Бұл – қазір сахнада жүрген ақындардың тым жас екенінің көрінісі. Тарихқа қарасаңыз, 1943 жылы өткен бірінші республикалық айтысты ашып берген Жамбылдың жасы жүзге жақындап қалған еді. Одан кейінгі Шашубай, Нартай, Кенен, Үмбетәліні қараңыз, елуден асып, алпысты алқымдап, жетпіске жақындаған кісілер болатын. Өмірден көрген-түйгені мол, әр сөзін таразылап сөйлейтін адамдар еді. Ал тоқсаныншы жылдардағы айтыстарды қараңыз, Көкен Шәкеев, Манап Көкенов. Олардың өкшесін басқан Әселхан, Әсия апаларымыз, Қонысбай, Шорабек, Ерік, Баянғали, Айтақын, Қатимолла ағаларымыз. Бәрі де отыз-қырықтан асып, елуге көз тігіп жүрген шақтарында айтысты. Қазір ше? Жасы қырықтан асқан ақын таппайсыз. Айтыстың шал-кемпірі боп жүрген Балғынбек пен Айнұр - отыз бес-отыз алтыда ғана. Сондықтан, қазіргі ақындар тым жас болғаннан кейін, әсіресе елдік мәселелерді жырлауда олқылықтары болатыны рас. Кесіп-пішіп, өмірдегі соңғы сөзі сияқтандырып айтқан соң, елдің көңіліне, көзқарасына қате әсер етіп жатады. Қазір қазаққа не керек? Ең бірінші, тыныштық қажет. Тыныштық болса, демографиямыз жақсарады, сауданың да көзін табамыз, күнделікті өмірді айтпағанда, мемлекет дамуының өзі тыныштыққа тіреліп тұр. Ал айтыскер ақынның «шындық» деп айтқан сөзі тыныштықты бұзуға түрткі болса, күнәһар боламыз. Бірақ бұл «өткір сөз айтпа» деген әңгіме емес. Өкінішке қарай, кейбір бауырларымыз бірден Елбасының жағасына жармасып, билікті сынаған боп отырып, халықты қоздырғысы келеді. Өйткені, ақын «айттым, бітті, құтылдым» деуге құқы жоқ, ақын - өз сөзінің салдарына да жауапты. Егер ақын сөзі бейбіт халықты аласапыранға, шеруге, бей-берекетсіздікке шақырып, ру мен руды қарсы қоюға соқтыратын болса, ондай өлең мен ондай «шындықтың» ішінде өлгені жақсы. Ақынға жан-жақты болған жақсы дер едім. Өйткені, өзіңіз де аңғарып жүр екенсіз, ақындарға саяси сауат, өмірлік тәжірибе жетіспейді. Кейбіреулер бір оқудың түбіне жетіп, профессор, доктор боп, сабақ беріп, салпақтап жүргенде, жап-жас айтыскерлеріміз миллиондарды қанжығасына байлап жатады. Яғни, Құдайдың беріп жатқан несібесін де еңбекпен тапқанға не жетсін. Ақындарымыз ұлттық этнографиямызды, қазақтың өмір салтын зерттесе, ел қазынасы болған тіл байлығымызды игерсе, өңірге тән менталитеттерді жете білсе, «әлемдік саясат қайда бағыт алып бара жатыр?», «біздің мемлекетіміздің ішкі-сыртқы жағдайы қандай?» деген сияқты сауалдардан да шынайы хабары, білімі болса, ақын адам сахнаға шыққанда, дәл, әрі әділетті сөйлейді деп ойлаймын. Әйтпесе, айтысқа екі тәулік қалғанда екі түн отырып өлең құрап, бес-алты ұрымтал сөз, он шақты әзіл жаттап, қарсыластың қалқан құлағын, не әдемі шапанын әжуалап, саясаттан хабар алу үшін «Жас Алаш» пен «Егемен Қазақстанды» бір оқи салып, домбыра арқалап домаланып келе бергеннен айтыстың да, айтыскердің де деңгейі өсуі неғайбыл. – Сіз осы Жамбыл топырағынан түлеп ұшқан ақынсыз. Өзіңізден кейінгі ізбасар інілеріңіздің аяқ алысын қадағалап отырасыз ба? – Біздің өңір – ақынның атын иеленген Қазақстандағы жалғыз облыс қой. Ілгеріде де, қазір де бұл аймақтан аз ақын шыққан жоқ. Бәріңіз білесіздер, заманында Аяз Бетбаев ақсақал күллі қазақ айтысының туын көтеріп жүрді. Шырын Мамасерікова апамыз Алашқа мәлім айтыскер болды. Серік Қалиев ағамыздың орны бір төбе. Одан кейін Шорабек Айдаровтың дәуірі болды. Әзімбек Жанқұлиевтің жырларын ел әлі жатқа айтады. Ұстазым әрі ағам Айтмұхаммед Исақовтың, Алтынгүл Қасымбекованың, Базарбай Асқаров, Ербол Қанбатыров, Үміт Битенова дүбірлеткен уақыттар болды. Айнұр Тұрсынбаеваның да айтыстағы туы осы Таразда тігілген. Құрдасым Ахметжан Өзбеков біраз жылдар айтыс сахнасында атой салды. Олжас Отар да өзіндік өрнегін көрсеткен ақын. Алик Бекмұсаев өнер тұлпарынан түскен жоқ. Асхат Қылышбектің айтыскерлік шеберлігіне кеше өздеріңіз куә болдыңыздар. Өткенде Ақтауда, кеше осы Таразда бәйге алған Әсет, оның замандасы Дархан, Айымгүлдер болашағынан үлкен үміт күттіреді. – Ал өзіңіз айтыскерлік потенциалымды толықтай сарқа пайдаландым деп айта аласыз ба? – Қай шығармашылықтың өкілі де «қабілетімді толықтай пайдалана алмадым» деп айтып жатады ғой. Менің шығармашылық мүмкіндігім ел көргеннен жоғары болуы мүмкін. Бірақ менің азаматтық мүмкіндігім оған жеткізбейтін еді. Жалқаулық, еріншектік, ағалардың тәрбиесін тыңдамауым, еркелеп қашып жүргенім, уақыттың қадірін жете ұғынбауым, бәрі-бәрі қосыла келе, бәрібір, менің шығармашылық мүмкіндігімді толық ашуға жібермес еді. «Қабілетімді толық пайдалана алмадым, әйтпесе...» деп көлгірсігім келмейді. Сол кездегі мүмкіншілігім қалай болды, соны көрсеттім. Әлбетте, жанашыр ағалардың ақылын тыңдап, жалқаулықты жеңіп, тағы біраз көз майын тауысқанымда, бұдан да жақсы ақын болар ма едім?! Бірақ сол сахнаға шығып жүрген кездегі деңгейім, рухани ахуалым қалай болды, солай шықтым. Қандай сөздерді тудыруға шамам жетті, менің бар өнерім сол еді. – Сізде амбиция бар ма? – Амбиция адам мінезінің, сипатының, ішкі таным-түсінігінің қоғамға көрініс беретін тұсы болар. Солай болатын болса, мен барлық амбициямды, ерік-жігерімді мүмкіндігінше Алланың заңдылығына сәйкестендіруге тырысамын. Егер менің бір қырларым Алла бекіткен шекарадан шығып кетіп жатса, маған зиян. Ал кейбір сипаттарым Алла дінінің ішінде боп жатса, маған да, елге де пайдалы болар деп үміттенемін. – Әлхәмдулилла, Сіз басқарып отырған «Асыл арна» телеарнасының құрылғанына биыл 5 жыл. Арна ашылғандағы мақсатына жетті ме? – «Асыл арна» негізгі мақсатын орындады. Енді арнаны ары қарай кемелдендіру үшін жұмыс жасап жатырмыз. Мақсатын орындады деуімнің бірінші себебі – біз коммунистер билеген тұста Алла, Мұхаммед деп айтуға қорқып жүрген қоғамнан едік. «Шіркін-ай, емін-еркін намаз оқысақ, баба дәстүрі еркін насихатталса» дегенді армандаған халық едік. Тәуелсіздік алғаннан соң, 17 жылдан кейін «Асыл арна» ашылды, Құдайдың сөзі – Құранды халыққа күндіз-түні насихаттай бастады. Мешіт ішінде қап кетіп жатқан имамдар сөзінің қалың жамағатпен қауышуына себеп болды. Біздің негізгі миссиямыз да осы, яғни Діни басқармадағы білікті имамдардың айтар уағызын мешітке баруға мойны жар бермей жүрген, не уақыты жетпей жатқан жандардың үйіне жеткіздік. Жұрттың бәрін намаз оқытып, орамал таққызып, бір күнде Ораза тұттырып, отыра бере уағыз айтатын тақуа адамға айналдыру – мақсатымыз емес. Мың жылдардан бері мұсылман боп келе жатқан біздің халықтың кешегі Кеңес заманында ұйықтап кеткен ұят, мейірім, жомарттық, кішіпейілдік, кешірімділік сияқты Ислам арқылы бойына дарыған қасиеттерін оятсақ дейміз. Осы мақсатымыз орындалу үстінде. Егер осы арманымыз орындалса, «Асыл арна» ашылғандағы мақсатына жеткені. Ал одан ары қарай, адамның діни тұлғасының кемелденуімен, діни сұрақтарына толық жауап берумен айналысатын арнайы оқу орындары бар, уақыты мен өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнап жүрген азаматтар бар, мешіттер бар, Діни басқармамыз бар. – Әлеуметтік желілерде Сіздің «Кім айтыпты мінсіз деп Нұрағамыз!..» атты бейнеролигіңіз кең талқыланып, жиі қаралып жатыр. Шыныңызды айтыңызшы, осы бейнероликті жарыққа шығаруда нені мақсат тұттыңыз? – Тарих беттерін парақтасаңыз білесіз, әр кезеңнің, белгілі бір уақыттың маңызды мәселесі болады. Қазіргі біздің қоғам үшін ең маңызды мәселе – билік пен халықтың тіл табысуы, билік пен қауымның біртұтас екенін сезінуі. Мынадай көзқарас пайда болды. Биліктің жақсы бір ісін айтсаң, жағынып сөйлеп жатқан секілді боп көрінесің. Керісінше, билікті орынды-орынсыз сынай бастасаң, халықшыл, көпшіл боп саналасың. Бірақ шын мәнінде олай емес. Билік пен халық – тұтас ұғым. Мысалы, судан ауаға көтерілген бу, бу болып суға қайта түсетіні анық. Сол сияқты, шенеунік те халық ішінен шықты емес пе? Биліктің тамыры халықта жатыр. Мен, сен, ол, яғни біз қандай болсақ, біздің қандай кемшілік, не артықшылығымыз болса, билігіміз де осындай қабілеттегі адамдардан құралады. Сіз айтқан роликті де біреуді даттау, не мақтау үшін емес, әділін айту үшін жасадық. Себебі, қолымызда бар нығметтердің қадірін білмей, нантепкі жасап жүрген жерлеріміз аз емес. Осы билікті құлатқаннан, біреу кеп сізге жақсы мемлекет құрып бермейді. Сол бейнежазбада айтқанымыздай, көкпар тартып, домбырамен өлең айтып, Жамбылдың жырын жаттап, Теміртаудың қазанында шыңдалған, тамыры ауылға байланған, қажыға барып, Ислам дінін өркендетуге демеу боп отыратын Президент біздің бағымызға енді туа ма, тумай ма? Қазақ «Бұдан жаман күнімде де тойға барғам» деп бекер айтпаған. Тойға бару – адамның қуанып-шаттануы болатын болса, битке өкпелеп, тонды отқа тастамасақ деймін. Қазір – аласапыран уақыт. Сан қилы идеологияның анталап тұрған шағы. Осындай кезде біз аса мұқият болмасақ, біраз жақсылығымыздан ажырап қаламыз. Бейбіт күнге зар болған әлемдегі өзіміз күнде теледидардан көріп отырған елдердің қателігін қайталамауымыз керек. – Он екі айдың сұлтаны – Рамазан айы ортасынан ауып барады. Ауыз бекіткен мүміндер шілденің шіліңгір күндеріне тап болды. Бұл Оразамызды қалай жақсылап тұтсақ болады? Жалпы, «күн ыстық, жұмыс ауыр, шөлдейміз» деген сияқты себептермен Ораза ұстамаған адамдар әлі де болса ауыз бекітсе бола ма? – Рамазан айындағы ең басты нәрсе – Алланы дұрыс тануға мүмкіншілік ашылады. Себебі, Раббысын дұрыс таныған адам – өзін дұрыс таниды. Раббымыз – біздің қамқоршымыз, жәрдемшіміз. Кейде Алланың қадірін білмей, бүкіл құдірет қолында тұрған Алладан сұрамай, емексіп, жүрегімізді басқа нәрсеге бұрып кетіп жатамыз. Кім бүкіл күш те, құдірет те, несібе де, өмір де, байлық та, атақ та қолында тұрған Аллаға ғана жалбарынып, Алладан шынайы сұрап, Алланың бұйрықтарын орындасақ, сөзсіз екі дүниенің де игіліктеріне қол жеткіземіз. Алланың мейірім есігі кез-келген адамға кез-келген уақытта ашық. Адам жүрегіне иман ұялап, Құдай алдындағы құлшылығын бастағысы келген уақыттың да ерте-кеші жоқ. Тап бүгіннен бастап ауыз бекітсеңіз де, Алла қаласа, қабыл болмақ. Қазақ айтады ғой, «көз - қорқақ, қол - батыр» деп. Бұл – адам баласы ең бірінші ниетін дұрыстауды түсіндірген дүние. Яғни, кез-келген істі бастарда дұрыс ниеттенсек және Алла үшін тәуекел етсек, орындалмайтын іс болмайды. Ораза да дәл солай. Шілденің шіліңгірі, шөлдеу, тамақтан тыйылу, аз ұйықтау дегенді ойлағанда адамның қорқып кетуі де заңдылық. Бірақ «бұл Алланың бұйрығы, мен Құдайдың құлымын ғой, мен сол бұйрықты орындамағанда, басқа қашып құтылар жерім жоқ қой, бүгінгі отырған үйім де, жеп отырған наным да, ертең баратын көрім де сол Алла мүлкінің ішінде ғой, сондықтан, шамам жеткенше Алла бұйрығын орындайын» деп ойлағанда, жүрек негізі тынышталады. Қорқыныш кетеді. Сөйтіп, «бісміллә» деп бастаса, Оразаны да, басқа бір қиын істі де Алла өзі жеңілдетеді. Қазақтың «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөзінде бір шындық бар. Адам 30 күн арнайы, әрі жүйелі түрде өзін тәрбиелейтін болса, ол әрекеттер адамның әдетіне айналып кетеді. 30 күннен кейін ары қарай сәл демеу білдірсеңіз, сол 30 күндік тәрбие нәтижесін келесі Оразаға дейін сақтап жүре аласыз. Жамандыққа бастайтын – адамның нәпсісі. Нәпсің ашкөздікке, артық сөйлеуге, тәкаппарлыққа, менмендікке, өзімшілдікке итермелейді. Аштық секілді нәпсіге қатты тиетін нәрсе жоқ. Біліңіздер, күнә көбіне тоқшылықта жасалады. «Жоқтық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» дегендей ғой. Кімде-кім «тұлғамды қалыптастырамын, өзімді тазалап, ішкі-сыртқы дүниемді түзету ретінде Алланың маған жіберіп отырған нығметі» деп осы Ораза кезінде тыйылатын болса, ол адам міндетті түрде пайдасын көреді. Оразаны өткізіп алу – орны толмас өкініш. Оразада сансыз пайда бар. Ораза тұтпауға өзіңді алдап, түрлі себеп-сылтау тауып алуға болады. Мысалы, «кешке дейін жұмыста отырамын, аш болсам, басым істемей қалады» деген сылтаулар бар. Кофе ішіп, маңдайың жіпсіп отырғанда да басың істемейтін уақыттар болады. Он сағат ұйықтап тұрсаң да, миың мең-зең болып жүретін кездер болады. Сылтау бітпейді ғой, ал келесі Оразаға аман жетеміз бе, жоқ па, оны Алла біледі... – Бәрекелді! Әңгімеңізге рахмет.

 14Әңгімелескен

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.