Экономика

ЕАЭО-ның Оңтүстік Америка нарығына шығар күні алыс емес

ЕАЭО-ның Оңтүстік Америка нарығына шығар күні алыс емес

Ресей, Беларусь және Қазақстанның Оңтүстік Американың жалпы нарығына шығуына негіз қалар сәт те жақындап қалған сыңайлы. Атап айтқанда, Оңтүстікамерикандық жалпы нарықпен Еуразиялық экономикалық одақ (Ресей, Беларусь, Қазақстан) арасындағы келісімге 2015 жылдың басында қол қойылуы мүмкін. Бұл туралы күні кеше ғана Бразилия президенті Дилма Руссефпен кездесуден соң Ресей мемлекетінің басшысы Владимир Путин мәлім еткен болатын. «Біз оңтүстікамерикандық жалпы нарықпен (МЕРКОСУР) ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделіміз. Осыған сәйкес тиісті құжатқа 2015 жылдың басында біздің Қазақстан мен Беларусь арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісіміміз күшіне енгеннен кейін қол қойылады деген сенімдеміз»,- деді ол. Путин өз сөзінде «Оңтүстікамерикандық мемлекеттер одағымен экономикалық байланысты жолға қоюға Бразилияның қолдауына Ресейдің мүдделі екендігін еске салып өтті. Бұл арада МЕРКОСУР-дың әлемдік экономикада алар орнын айта кеткен жөн. Ұйымның аты испандық Mercado Común del Sur, яғни «оңтүстікамерикандық жалпы нарық» дегенді білдіреді. Біріккен нарықты құруға алғашқы қадам - Аргентина мен Бразилия арасында 1986 жылы еркін сауда жөніндегі келісім болды. Ал 1990 жылы бұл келісімге Парагвай мен Уругвай елдері қосылды. МЕРКОСУР-да Латын Америкасы және Кариб бассейні елдері халқының 55.3 пайызы (300 млн. адамнан астам), тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайызы, аймақ елдерінің сыртқы саудасы көлемінің 33 пайызы шоғырланған. ЖІӨ жиынтығы 3.3 трлн. АҚШ долларын құрайды. Экономикалық әлеуеті мен көлемі жағынан ЕО-дан кейін екінші орында. Еуразия экономикалық комиссиясының мүшесі (министр) Татьяна Валоваяның пікірінше, тараптар мүдделілік танытса, Еуразиялық экономикалық одақ болашақта МЕРКОСУР-мен арада өзара іс-әрекет жөніндегі меморандум жасар еді. Оның сөзіне қарағанда, іскерлік байланыс екі ұйымға мүше елдердің арасындағы нақты экономикалық және инвестиция жағынан тығыз қарым-қатынасқа жол ашпақ. Бұл туралы Уругвай астанасы Монтевидеода 14 шілдеде болған Беринг-Беллинсгаузен институты ассамблеясының құрылтайында айтылды. Алқалы жиында Т.Валовая конференцияға қатысушыларға Еуразиялық экономикалық одақ 170 млн. адам тіршілік кешіп жатқан Ресей, Беларусь және Қазақстанды біріктіретіндігін, қазірдің өзінде бірегей экономикалық кеңістік құрылғандығын атап өткен болатын. Сондай-ақ, ол үш елдің арасында ешқандай кедендік төлем жоқтығын, сыртқы бірегей кедендік тариф және бірегей кедендік кодекс қолданылатындығын атап өтті. Мұндай қолайлы ахуал экономикасын өрлетуді көздеген мемлекеттердің өкілдерін елең еткізгендігі де анық. Еуразиялық экономикалық комиссия мүшесінің айтуынша, бүгінгі таңда Армениямен арадағы келіссөз аяқталуға таяу, ал Қырғызстанмен диалог жүріп жатыр. Және таяу болашақта одақ осы 5 мемлекеттен құралуы мүмкін. «Бұл жүйе біздің экономикалық тәуелсіздігімізге қол жеткізеді және әлемде біздің мемлекеттеріміздің әрқайсысының ықпалын күшейтеді». Бұл арада жуырда Бразилияда ҚР елшілігінде болған Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуына орай болған бірлескен арнайы брифингті де еске сала кеткен орынды болар. Бұл шараның модераторы Қазақстан Республикасының елшісі Бақытжан Ордабаев қатысушыларға келісімнің негізгі принциптерін таныстыра келе, оның басты мақсаты, экономикадағы алар орны жайлы жан-жақты хабардар еткен еді. Ал оған қатысқан бразилиялық «TV Supren» телеарнасының бас директоры Улиссес Риедел Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді жақтарына тоқтала келе, өз елінің іскерлер тобының 170 млн. астам адам тұратын нарықты игеруіне жол ашатындығын атап өткен болатын. Ол сондай-ақ ЕАЭО мен МЕРКОСУР арасындағы тығыз экономикалық байланыстың орнатылуына ерекше мүмкіндік жасалатындығын да тілге тиек еткен. Ендеше, Қазақстанның да Оңтүстікамерикандық жалпы нарықты игеруіне шығар сәт те қыр астында десек, артық айтпаған болармыз.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz