- Advertisement -

Алты айдағы жұмыста ауыз толтырып айтатын нәтиже бар ма?

190

- Advertisement -

Талап қатал болса, жұмыс нәтижелі болады. Сондай-ақ кез келген салада толайым табыстарға қол жеткізудің негізгі шарты ол – қызмет жауапкершілігін жете сезініп, қолда бар әлеуетті толық пайдалану. Екі жақты жасалған нақты келісім де нағыз көрсеткіштерді анықтауға зор мүмкіндік бермек. Әйтпесе, құрғақ уәде, қағаздағы «бәрі жақсы» деген жаттанды есептер жан жадырататын жемісті жұмыстарға сеп бола алмайды.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов алты айдың қорытындысы бойынша аудандарда өтіп жатқан актив жиналыс­тарында жауапты тұлғаларға осыны баса ескертіп, өз жұмыстарына жүрдім-бардым қарамауды нықтап тапсыруда. Бүгінге дейін тоғыз ауданда болған өңір басшысы жыл басында бекітілген міндетті межелердің орындалуымен қатар, экономиканың даму деңгейін, әлеуметтік мәселелердің шешілу барысын барлап, берілген тапсырмалардың қалай атқарылып жатқандығына да көз жеткізуде. Бейсенбі, жұма күндері өткен жиындарда Т.Рысқұлов, Меркі және Мойынқұм аудандарындағы жарты жылдықтың жұмысы қаралып, кемшіліктерді жою қатаң тапсырылды.

Шаруашылықтардың
«қара тізіміне» кімдер енеді?

Т.Рысқұлов ауданы жыл басында белгіленген межелердің деніне қол жеткізіп, тоғыз көрсеткішті орындауда ғана олқылыққа жол берген. Өткен жылмен салыстарғанда да бірқатар салаларда айтарлықтай өсім бар. Ауданның дамуында да оң динамика сақталып отыр. Сәйкесінше аудан өз әлеуетін мүмкіндігінше пайдаланып отыр деуге болады. Үш бағыт бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде қанағаттанарлық бағасы берілгенімен, аймақта шешімін күткен шаруалар да жоқ емес болып шықты. Олардың бірқатарын облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев баяндады.
– Бүгінгі таңда жер телімін алу кезегінде аудан бойынша 2 831 азамат тұр. Биылғы жылы 650 жер телімі берілуі жоспарланған. Аталған мәселені шешу мақсатында жаңа алқаптарды белгілеп, инженерлік-инфрақұрылыммен қамту бойынша жұмыс жүргізу қажет. Білім саласы бойынша Қарақат ауылындағы Октябрь Шаруа орта мектебінде спорт зал, пән кабинеттері, мәжіліс залы және қазандықты газбен қамтамасыз ету жобасы келісімшартқа сәйкес 2014 жылы маусым айында басталып, сол жылы қыркүйек айында аяқталу керек болатын. Сондай-ақ ауызсу саласы бойынша Ақыртөбе ауылында су жүйесінің құрылысы келісімшартқа сәйкес осыдан бес жыл бұрын аяқталуы тиіс еді. Әйтсе де бұл екі жоба бойынша бүгінге дейін сараптаманың қорытындысы алынбай отыр, – деген басқарма басшысы тағы екі жобаның сметалық құжаттарын мемлекеттік сатып алу конкурсына қоюда облыстық басқармадан келісім болмағанын жеткізді.

Бұл бойынша жауап берген аудан әкімінің тиісті орынбасары «жұмыс істеп жатырмыз» деуден әрі аса алмады.
Шынын айту керек, ауданның ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктер аз емес. Бүгінгі таңда ауданда 3400 гектар суармалы жер бар. Жеті кооператив тіркелсе, оның бесеуі ет, екеуі сүт бағытында жұмыс істеуде. Биыл бес жүз гектарға қант қызылшасын отырғызған, әлеуетке байланысты оны екі есеге өсіруге мүмкіншілік мол екен. Алайда егін шаруашылығына бейім ауданның кейбір шаруалары облыс басшылығы тарапынан шешілген тегін минералды тыңайтқышты пайдалануда белсенділік танытқанымен, оны көрші Қырғыз Республикасының шаруаларына сатып пайдаға кенелуді әдетке айналдырғаны анықталған. Асқар Исабекұлы осы жөнсіздікті қатаң сынға алды.
– Мен ақпан айында осында іссапармен келгенде тыңайтқыштармен қамту деңгейін 4000 тоннаға жеткіземіз деп уәде бергенсіңдер. Ал кейін жоспар 2000 тоннадан аспай қалған. Сол тыңайтқыштың өзін көрші елдің шаруаларына сатып, пайдаға кенеліп жатқан шаруалар бар екен. Бұл неге бақылаусыз қалған? Бұл ретте де құрылыс саласындағыдай шаруашылықтардың «қара тізімін» құру керек. Сосын ондай шаруашылықтарды сол тізімге енгізіп, барлық жеңілдіктерден, субсидияларды қағып тастап, жазалаған дұрыс. Осыны өздеріңіз тексеріп, шара қабылдап, жүйелеу керек едіңіздер. Біз келіп, сіздерге айтпасақ, бұл келеңсіздіктермен кім күреседі? – деген Асқар Мырзахметов сексен пайыздық субсидиямен қазылып жатқан отыз жеті ұңғыманың қажеттіліктеріне назар аударуды ескертті.
Сонымен қатар ауылдық округтер маңынан 220 мың гектар жайылымдық жердің қажеттілігі туындап отырғаны белгілі болған. Аудан басшылары оның жартысын шешуге болатынын айтып ақталғанымен, бұл бағытта ешқандай талдау шаралары, нақты жоспардың жоқтығы көңілді күпті етті. Елді мекендер төңірегіндегі жайылымдық жерлердің тапшылығы жыл өткен сайын өзектілігі артып бара жатқанын тілге тиек еткен облыс басшысы ауданның сылбыр жұмысын сынға алды.
Ауызсу мәселесі де ауданның «бас ауруына» айналғандай. 42 елді мекеннің 25-іне ауызсу құбырлары тартылғанымен, оның екеуінде ғана тұрғындар толығымен тіршілік көзін тұтынуда. Алайда отыз мыңға жуық халық тарифтің қымбаттылығына байланысты көшелеріне келген ауызсудың игілігін көре алмауда. Бұл бағытта облыс басшылығы тарапынан шешілген жеңілдікті ауылдықтарға жеткізуде түсіндіру шараларының әлсіздігі көзге ұрып тұр. Тіпті бір ауылдық округтің әкімінен басқасы оның қандай жеңілдік екенінен мүлде хабарсыз кейіп танытты. Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров ол туралы аудандағы тиісті басшыларға әлдеқашан мәлімет бергенін айтып, тек ары қарай түсіндіріп, мәселені шешуге құлықсыздық танытқан тұлғаларға тәртіптік шара қолдану керек деген ұсынысын жеткізді.
– Біз бұл мәселені тиісті орындармен келісе отырып елу пайыздық жеңілдікпен шешу жолын қарастырғанбыз. Яғни көшедегі ауызсуды үйіне тарту құны тоқсан мың теңге болса, жеңілдікпен елу мыңға кіргізе алады. Егер елдің бәрі бұдан хабардар болса, жаңағы отыз мың халық қуана келісер еді. Алғысын айтады. Бірақ сендер бұл бойынша жұмыс жасамағансыңдар. Бәрін қағаз бойынша сумен қамтыдық деп қатырып қойған ешкімге керек емес. Ең бірінші тұрғындардың тілегіне, жанайқайына айналған осындай өзекті мәселелерді шешу керек. Сонда жұмыс көрінеді, – деді Асқар Исабекұлы. «Көгілдір отын» тартуда да осындай кемшіліктер бар болып шықты. Нәресте өлімінің, алаяқтық қылмыстың өсуі, санитарлық тазалықты сақтамаушылық секілді мәселелер жиын барысында кеңінен көтерілді. Белгіленбеген жерге қоқыс тастау деректері бойынша 259 ескерту жасалынғанымен, бірде-бір рет айыппұл салынбағаны күмәнді ойға жетелейтіні сөзсіз.

Құрғақ уәде
жұмысқа қарқын бермейді

Меркідегі межелі міндеттердің орындалуында да айтарлықтай кемшіліктер болмағанымен, ауданның әлеуетін пайдаланып, жемісті жұмыстар жүргізуге ынталыларды табу мұң болды. Ауданның ауыл шаруашылық саласындағы сан сауалға тиісті орынбасар мен бөлім басшысы қисынсыз жауап беріп, қиыспайтын сылтауларды алға тартқаны көңілді күпті етті. Бос жатқан ауыл шаруашылық жерлерін айналымға енгізу көрсеткіші 43 пайыздан аса алмағаны, егістік жерлерді мақсатты пайдалану жұмысы да ақсап тұрғаны қынжылтты. Алты кооператив бар десек, оның екеуі жұмыс істемейді. Саланы қаржылай қолдау шаралары қарқынды деп айтуға ауыз бармайды. Екі ірі сүт зауытының жүктемелігі елу пайызға да жетпейді. 227 гектар жер сұрап отырған шаруаларды қанағаттандыру ісі де ілкімді емес.
Иә, экономиканы дамытудағы негізгі бағыттарының бірі саналатын ауыл шаруашылығына бейім аудандағы саланың ахуалы мәз емес. Бірқатар индикаторлық көрсеткіштер салыстырмалы түрде өсімге ие болғанымен, әлеуетті аймақтың мүмкіншілігі мүлде ескерусіз қалғандай. Облыс басшысы бұл мәселелерді жіті барлап, өз салалары бойынша көкейтесті көп сауалдарға жауап бере алмаған басшыларды сынға алды.
– Ауданның әлеуеті мол. Бірақ жұмыс жоқ. Екі ғана сүт өңдеу зауыты болғанымен, олардың өзі жүктемесінің жартысын да атқара алмай отыр. Оған не қолбайлау болып отыр? Қосымша кәсіпорын салмай-ақ қой, қолда барды ұқсата білсеңдер болды. Әр ауылдан бір кооператив құрып, осы бағытта жүйелі жұмыс атқаруға қауқарлысыңдар, десек те бұған ешкім бас ауыртқысы келмейді. «Бәрін жасаймыз, жұмыс жүргіземіз» деген құрғақ уәдеге тойдық. Жұмыс жасаймыз деп жүргенде жарты жыл артта қалды. Ал қайда атқарылған шаруалар? – деді А.Мырзахметов.
Агро сектордан бөлек ауданда кәсіпкерлік саласында да жұмысқа тежеулер көп. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10-ақ пайызға орындалса, кәсіпорындардың қажеттілігін зерделеу мақсатында ешқандай сауалнама жүргізілмеген. Сондай-ақ табиғатты қорғау саласына да серпіліс керектігі байқалды. Аудандағы отыз елді мекеннің он төртінде қоқыс тастайтын полигон жоқ болса, тағы тоғызында бар полигондардың қоршауы орнатылмағаны анықталған. Жасыл белдеу негізінде көгеріштендірілген аумақтың арамшөпке тұнып қалғаны да фотосурет арқылы дәлелденіп, көшеттерді күтіп-баптауда дәрменсіздік танытып отырғандардың жауабы тыңдалды.
Қазіргі кезде суармалы егістік алқабы 20100 гектарды құраса, оны ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда екен. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы баяндады. Ол төрт су қоймасын салу арқылы көрсеткішті 2600 гектарға арттыруға болатынын жеткізді. Ал Андас батыр ауылындағы «Кеңес» су қоймасы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 4109 аудан тұрғыны тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрса, әзірге оларға берілетін жер алқаптары жоқтың-қасы. Өйткені оған инфрақұрылым жүргізу үшін қаржы қарастырылмағаны қолбайлау болып отыр. Құрылыстағы он үш «сақалды» жобаның мәселесі өз алдына.
Облыстық салалық басқарма басшылары аудандағы жұмыстар туралы баяндауларында осындай өзекті шаруаларды көтеріп, ол туралы ұсыныс-шешімдерін білдірді. Әлбетте, бұл орайда атқарылған шаралар туралы ұзақ-сонар баяндаулардан гөрі осындай түйінді түйткілдерді айтып, оның жай-жапсарына тереңірек үңілу облыс басшысының барлық аудандарға қатысты тікелей тапсырмасы болатын. Демек, Меркі ауданында кезегін күткен шаруалар аз емес. Оларды рет-ретімен, уақыт создырмай тезірек шешуді жүктеген Асқар Исабекұлы талап қатал болғанда, тірлік тындырымды болатынын еске салды.
Жиында сөз алған аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков кездесіп отырған мәселелердің себеп-cалдарына тоқталып, кейбір басқармалардың мәліметтерімен келіспейтіндігін айтты. Сонымен қатар Мейірхан Азатұлы аудан мен ауылдық округтер арасындағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысын бағалап, төменгі орындағы тұлғалардың қызметіне сәйкестігі қаралатынын, жұмыстарды жүйелейтініне сендірді.

Жоспары жоқтың
шаруасы қайдан оңады?

Мойынқұмдық шенеуніктердің де экономиканы дамытып, шаруашылықты шалқытуға мойны жар бермеген. Бір кездері өркендеген мал шаруашылығымен даңқы алысқа тараған ауданның бүгінгі аxуалы сын көтермейді. Жарты жылдықтың қорытындысы қаралған аудан әкімдігінің актив жиналысында бұл мәселелер жан-жақты қаузалды. Жыл басында белгіленген межелі индикаторлардың он бірі орындалмаған аймақтағы агросектордың барлық бағыты кемшіліктен көз ашпай отыр десек те болады. Тіпті кейбір жұмыстар тұралап қалған. Атап айтар болсақ, өсімдік шаруашылығын өркендетуде міндетті межеге қол жеткізілмесе, қолданылмаған егістік алқаптарды игеру елу пайыздан аспаған. Бұл орайда игерусіз жатқан 3694 гектар Биназар, Кеңес, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай ауылдарына тиесілі десек, оның 653 гектары 59 шаруа қожалығының жерлері болып шыққан. Минералды тыңайтқышпен қамту шаралары әлі күнге қолға алынбаған. Ет өндіру отыз-ақ пайыз орындалған. Сондай-ақ тіркелген бес кооперативтің төртеуі енді ғана жұмысын бастауда, несиелендіру ісінде де ілгерілеу байқалмайды. Ауданда әлі күнге бірде-бір қайта өңдеу кәсіпорнының жоқтығы жанға батады.
Осындай олқылықтарды жіпке тізгендей баяндаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев егістік жерлерді игеруге құлықсыздық танытқан ауылдық округ әкімдерінің жұмысқа сәйкестігін қарауды ұсынды. Саладағы өзекті жайттар туралы өңір басшысы Асқар Исабекұлының сауалына жауап берген аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов өзіне қатысты кейбір жұмыстардың барысынан мүлде xабарсыз болса, тағы бірі сан түрлі сылтаулар айтып, ақталып бақты. Тиісті бөлім басшысы да мардымды жауап бере алмады.
– Басқарма басшысының ұсыныстары xаттамаға енгізіледі. Мен мамыр айында іссапармен келгенде ауданның ортасын кесіп ағатын Шу өзенінің әлеуетін пайдаланып, суармалы егістік жерлердің көлемін ұлғайту мүмкіншілігін зерделеуді ескерткенмін. Ол бойынша он бесінші шілдеге дейін жоспар құруды тапсырған едім. Тапсырма орындалмаған. Суармалы жерлерді игерудің де нақты шаралары, жоспары бекітілмеген. Минералды тыңайтқыштарды алуға ешкім қызығушылық танытпаған. Басты саладағы ешқандай көз сүйсінтетін көрсеткіштерді көріп тұрғаным жоқ. Демек, жұмыс жасалынбаған. Сонда жауапты аудан басшылары, азаннан кешке дейін не істейсіңдер? Ауылдық округ әкімдері не қарап отыр? – деген Асқар Исабекұлы қайта өңдеу кәсіпорнын салуға ешкімнің ынта танытпағанына да баса назар аударды.
Бүгінде ауданның білім саласындағы мекемелерін азық-түлікпен қамту үшін 136 миллион теңге бөлінген болса, бұл бағытта жекеменшік үш кәсіпкер керекті азық-түліктерді жеткізумен айналысуда. Олар ауданда сүт, ет секілді басқа да керекті өнімдерді өндірушілер болмаған соң аталған тауарларды дүкендерден сатып алуда.
Ауданның кәсіпкерлік саласында да тұралау көп. Оған төрт кәсіпорынның тоқтап тұрғанын, 21 кәсіпорынның паспорты әзірленбегенін, олар жайлы нақты мәліметтердің түзілмегенін айтсақ та жеткілікті.
Тұрғындарды таза ауызсумен қамту бойынша жиырма елді мекеннің он төртіне орталықтандырылған су құбыры жүйелері тартылғанымен, бар-жоғы екі ғана ауылда бұл мәселе жүз пайыз шешімін тапқан. Қалған елді мекендердегі 9231 xалықтың көшесінен жүргізілген құбыр болса да, тіршілік көзін өз үйіне тартуға тариф қымбаттылығы тежеу болып отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров арнайы субсидияның жеңілдік жолдарынан тұрғындардың xабарсыз екендігін тілге тиек етті. Бұл бойынша ауданның тиісті бөлім басшысы xабардар болғанымен, түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбеген. Тіпті қажет кезде бөлім басшысының жұмыс орнынан табылуы, ұялы телефонын көтеруі де мұң екен. Осыған орай басқарма басшысы жұмысты жүйелей алмаған бөлім басшысының қызметіне сәйкестігін қарастырып, оның орынбасары мен аудандық «Мөлдір» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысына сөгіс беру ұсынысын білдірді.
Сонымен қатар аудандағы балық шаруашылығын дамытуда, жұмыспен қамту, санитарлық тазалықты сақтау, көгеріштендіру шараларында да мәселелер шаш-етектен. Білім, денсаулық сақтау саласында кездесіп отырған түйткілдер де жоқ емес.
Соңында барлық саладағы кемшіліктер жөнінде жауап берген аудан әкімі Бақытжан Нүркенов басқармалардың бірқатар деректерімен келіспейтінін айтып, ескертпелер бойынша жұмыс жүргізетініне сендірді. Ал облыс басшысы кемшіліктерді жоюды тапсырып, ұсыныс-шешімдер хаттамаға енетінін жеткізді.
– Жалпы жиын барысында аудандағы мәселелер туралы аз айтылған жоқ. Иә, біз жыл басында бекіткен индикаторларға жүгінеміз. Десек те, тек сол межелі міндеттерге қол жеткізумен шаруа бітпейтінін көріп отырмыз. Индикаторлардың сыртында қанша өзекті мәселелер, түйінді түйткілдер қозғалып, олардың шешімі мен себеп-салдары талқыланып жатыр. Қағаз жүзіндегі келісімді жоспарларды орындап, нақты мәселелер шешілмесе онда жұмыс атқарылмаған боп есептелінеді. Яғни баға индикаторлық көрсеткіштерге ғана қарап берілмейді. Ауданның ахуалын арттыруда, экономиканы дамытып, әлеуетке орай жемісті нәтижелерге қол жеткізудің қорытындысына қарап бағалайтын боламыз, – деді Асқар Исабекұлы.

Жанғазы АХМЕТ

Т. Рысқұлов, Меркі және
Мойынқұм аудандары.

Суреттерді түсірген
Алтынбек Қартабай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support