Астың дәмі «Асыл тұз» өнімінде
Астың дәмі «Асыл тұз» өнімінде
Aзық-түлік өнімдepінің ішіндe ac тұзының мaңызы зop. Тұз индуcтpияcы өнepкәcіптің xимия, мұнaй жәнe энepгeтикaлық caлaлapындa, кoммунaлдық шapуaшылық пeн мaл шapуaшылығындa қолданылатын cтpaтeгиялық шикізaт көзі ғана емес, сонымен бірге йод жетіспеушілігі ауруларының алдын алудың кеңінен таралған әдісі. Бүгінде ел аумағында жабық және ашық әдіспен өндіруге болатын жерасты және жер бетінде жатқан қоры аса бай тұз кен орындары да аз емес десек, солардың бірі ретінде Сарысу ауданының төменгі Шу бойындағы Қамқалы ауылдық округіндегі Майдакенкөл, Итім, Шұңқыркөл сияқты кен орындарын айтуға болады. Осыдан біраз жыл бұрын ішінара жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері негізінде жасалған болжам бойынша онда барлығы 12 миллион тоннадан астам сапалы натрийлі тұздың бар екені анықталған-ды. Осыған дейін өңіріміздегі аталмыш тұз кен орнынан шикізатты өзгелер тасып, өндіріп, пайдасын көрсе, енді, міне, сол игілікті істі өзіміз қолға алудамыз. Сарысу ауданындағы «Асыл тұз» компаниясы» ЖШС ас тұзын өндіріп қана қоймай, алғашқы өнімін экспортқа шығарып та үлгергені сөзіміздің дәлелі бола алады. Жуырда ғана іске қосылған жобаның жалпы құны 710 миллион теңгеге айналса, өндірістік қуаттылығы жылына 50 мың тоннаны құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2020» мен Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларының аясында салынған зауыттың тұз өндіру аумағы – 4 гектар. Бүгінгі таңда онда 65 адам қызмет етеді десек, қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Болашақта жұмыс орнын үш есе арттыру жоспарда бар екен. Негізгі құрылтайшысы «L-Capital» холдингінің «ALLTRANS» көлік компаниясы зауытты арнайы техникамен қамтамасыз етуге атсалысқан. «Асыл тұз» компаниясының директоры Әділбек Ақназаров тұз өндіру зауытын өңірімізден ашуды көптен бері жоспарлап, жоспарын жүзеге асыруды екі жыл бұрын шындап қолға алғанын айтады. – Мен өзім 1995-2008 жылдар аралығында Қызылордадағы «Арал тұз» кәсіпорнында жұмыс істедім. Онда қатардағы менеджер, бөлім басшысы, комерциялық директорға дейінгі қызметтік сатылардан өттім. Сонда жинаған тәжірибемді пайдаланып, Сарысудағы тұз кендерін тиімді пайдаланып, оны өндіруді көптен бері мақсат етіп, қолға алуды жоспарлап жүрдім. Жоспарымды жүзеге асыруға арнайы бағдарламалар мен жергілікті әкімдік қолдау білдіріп, 2016 жылы зауыттың құрылысын бастадық. Ағымдағы жылы сәуір айында зауытты іске қосқанымызбен, Астана күні қарсаңында ресми ашылуын өткіздік, – деген Ә.Ақназаров облыс, аудан басшылығы тарапынан қажетті жер көлеміне қол жеткізгенін, ендігі кезекте темір жол тұйығын салуға, электр жарығымен қамтуға көмек көрсетілетінін айтты. Бүгінде айына 1 мың тонна өнім өндіріп отырған кәсіпорын өзінің толық қуатына жету үшін алдағы уақытта бұл көрсеткішті 3-4 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлауда. Алайда бұл жолда кездесіп отырған кедергілер де жоқ емес. Нысанның жұмысын жандандыруда, жобаның толық қуатына шығуда шикізат көзінің жеткілікті болуы бәрінен маңызды екені белгілі. Қазіргі кезде қажетті шикізатты сатып алып, екі жүз шақырымдық қашықтықтан тасып жатқан зауыт бұл мақсатқа бес жүк көлігін жұмылдырған. Әлбетте, оның тиімсіздігін талдап айтпасақ та түсінікті. Сондықтан кәсіпорын басшылығы өздері жақын жерлердегі тұз кендерін барлау және игеру жұмыстарын бастауға ниетті. Ол үшін тиісті тұлғалар жерді пайдалану жөніндегі мәселені шешіп береміз деп уәде еткен көрінеді. Егерде бұл мәселе жуық арада тезірек оң шешімін табатын болса, нысандағы тұз өндіру ісі жандана түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ зауытта білікті мамандар тапшылығы да кей жұмыстардың жүйелі орындалуына қолбайлау болып отыр. Айталық, зауытта тұз майдалау, жуу, кептіру, илеу, қаптау секілді шаруалар арнайы автоматтандырылған құрылғылармен жүзеге асады. Десе де бұл жұмыстарды үйлестіруде, әсіресе қаптау құрылғысын басқаруда маман тапшылығы туындауда. Білікті кадрларды тартумен кәсіпорын басшысы Әділбек Ақназаров өзі белесене айналысуда екен. Ол бұл саладағы тәжірибесі мол «Арал тұз» мекемесінің мамандарымен келісім жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. Цех басшысы Жандос Шұғаев өндіріс кезінде тұзға йод қосылатынын, ол тұтынушылардың денсаулығына зор пайдасын тигізіп, йод дефицитінің алдын алатынын жеткізді. – Тұзды өндірудің кез келген сатысында йодтауға болады және йодтау технологиясы қарапайым әрі тез әсер береді. Сол технологияны да дұрыс ұйымдастыра білу сапалы йодталған тұз алудың негізгі факторы болып табылады. Біз осыған баса назар аударып, мұқият мән береміз. Жұмыс жеңіл болу үшін Украина мен Ресей Федерациясынан әкелінген құрылғылар қойылды. Барлығы да автоматтандырылған. Өндіріс орнының тұз сақтайтын өз қоймасы да бар. Бүгінде тұзды өз облысымыздан бөлек, Қарағанды, көрші Қырғыз Республикасына экспорттап жатырмыз, – дейді Ж.Шұғаев. Иә, қалай десек те бұл жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді және өндіріс өрісін одан әрі кеңейте түседі. Сондай-ақ аталған кәсіпкерлік нысан тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік жағдайды жақсартуға, салық қазынасын толықтыруға да оң әсерін тигізеді. Бүгінгі таңда аталған серіктестік 65 адамды жұмыспен қамтып отырса, олардың орташа айлық жалақысы – 60-80 мың теңге. Осы уақытқа дейін «Қазфосфат» арқылы фосфор өндірумен, «ЕуроХим» арқылы химиялық тыңайтқыштарды өңдеумен аты шыққан Сарысу ауданы енді ас тұзын өндіруде де жоғары жетістіктерге жетеді деп үміттенеміз.
Жанғазы АХМЕТ
Сарысу ауданы.