Астана сәулетінде жамбылдықтардың да қолтаңбасы бар
Астана сәулетінде жамбылдықтардың да қолтаңбасы бар
Бас қаламыз Астананың 20 жылдығы біз үшін де үлкен қуаныш. Елордамыздың күннен-күнге жаңарып, жайнап, әлем алдында абыройының асқақтағанына біз де марқая түсеміз. Оған облысымыздың да үлес қосып келе жатқаны біз үшін мақтаныш. Мәселен, Жамбыл жерінен өңіріміздегі бір ғана «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ел жүрегі Астананың ең танымал құрылыс компаниялары саналатын «BI Group», «Сембол Улусларарасы Ятырым Тарым Пейзаж Иншаат Туризм Санайи ве Тиджарет Аноним Ширкети», «ABC Холдинг» акционерлік қоғамдары мен «Кахан Астана», «СК Элит Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне жылтыратылған тақталар қаптауы, қырланған кеспе тастар, гранит бордюрлер, термоөңделген тақталар және граниттік брусчатка өнімдерін жөнелткен. Және бұл бес өнімнің де көлемі ауқымды. Мәселен, граниттік брусчатканың бір өзі 20000 шаршы метр аумақты жаба алса, жылтыратылған тақталар қаптауы 26500 шаршы метрлік жерге жетеді екен. Ал біздің басқарма ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Тараз қаласының коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырды. Онда 16,4 миллион теңгені құрайтын 25,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері өткерілді. Елордада ұйымдастырылған жәрмеңкеде жалпы құны 1 миллиард 622 миллион теңгені құрайтын 2571 тонна ауыл шаруашылығы тауары ұсынылды. Астананың айналасында азық-түлік белдеуін құру және біздің өңір мен Астана қаласы арасында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту аясында былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің 8 жәрмеңкесі өтті. Аталған іс-шараларда облыстың маңызды 50-ден аса тауар өндірушілері 40-тан астам түрлі өнімді апарып, үлкен көлемде 1,2 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін, ет өнімінің 140 тоннасын және 60 тоннадан аса сүт өнімдерін сатты. Өткізілген әрбір жәрмеңкеде облыстың тауар өндірушілері азық-түліктерін тұтынушыларға тікелей, делдалсыз өткеруге мүмкіндік алды. Нәтижесінде тауарлардың бағалары нарықтағыға қарағанда 10-20 пайыз төмен болды. Ұйымдастырылған әр жәрмеңкеде облыстағы шығармашылық топтардың концерттік бағдарламалары ұсынылды. Арнұр МҰХАМЕТЖАНОВ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы.