Әлеумет

Тәрбие - тәуелсіз еліміздің ең шешуші факторы

Тәрбие - тәуелсіз еліміздің ең шешуші факторы

Кез келген азаматтың жетістігі – қоғамның табысы, ал орын алған келеңсіздік сіз бен біздің кезінде елеусіз қалдырған кемшілігіміздің, немқұрайдылығымыздың салдары шығар, бәлкім. Қоғам батыры үшін де, тентегі мен телісі үшін де жауапты. Абайша айтсақ, кімде-кім жаман болса, оған замандасының бәрі виноват! Күні кеше ғана ұсақ-түйек ұрылардың қолынан қапияда қаза тапқан Қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімі – көптің көкейіне осындай ой салғандай. Осы жағдайдан кейін жұрттың пікірі екіге жарылып, түрлі ойлар айтылды. Қоғамдық сананы қалыптастыруда қай жерден ағаттық кетті, тәрбие мәселесінде неге немкетті қарадық? Жұрттың жабыла іздегені – осындай сауалдардың жауабы. Осы оқиғадан соң жамбылдық зиялы қауым өкілдері, қоғамның белсенді мүшелері, жастар және жастар тәрбиесіне жауапты мекемелер мен ұйымдардың жетекшілері де бас қосып, осы тақырыпты талқыға салды. Көпті толғандырған мәселені қоғам талқысына салуға облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастамашы болғанын айта кету керек. Берік УӘЛИ, модератор – Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы: – Күні кеше ғана қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Азия ойындарының чемпионы, Сочидегі Олимпиаданың қола жүлдегері, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі Денис Тен бұзақы-ұрылардың қолынан мезгілсіз қаза тапты. Осы жас өлімнен кейін қоғамда түрлі пікірлер айтылып, әлеуметтік желілерде, жалпы елдің пікірі екіге жарылды десе де болады. Біз де бұл жайтқа бейжай қарай алмаймыз. Денис Тен қайтыс болған күні бірден өңір басшысы Асқар Мырзахметов марқұмның отбасына, туған-туыстарына Жамбыл жұртшылығының атынан қайғырып көңіл айтып, жеделхат жолдаған болатын. Одан кейін облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағында арнайы баннер құрылып, әулиеаталықтар сүйікті ұлдарымен қоштасты. 500-ден астам адам жиналды. Азалы гүл шоқтарын қойды, шырақтарын жақты, шарлар ұшырылды. Елі-жұрты чемпионды лайықты аза тұтып, соңғы сапарға шығарып салды. Асқар Исабекұлының тікелей тапсырмасымен идеология жөніндегі орынбасары Ерқанат Манжуов Алматыға арнайы барып, Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу қаралы жиынына қатысып қайтты. Дегенмен біздің арқамызды аяздай қарып тұрғаны Денистің өліміне себепкер болған қос күдіктінің бірі – Жамбыл облысының тумасы екендігі болып отыр. 1994 жылы дүниеге келген Нұралы Қиясовтың қылмысын сот орындары, құқық қорғау орындары анықтай жатар. Бірақ осы жағдайға Жамбыл жұртшылығы өзін кінәлі сезініп, жүзі төменшіктеп қалғандай. Біз қай жерден мүлт кеттік? Жастарымызды дұрыс жолға салуымыз үшін тәрбие жұмыстарын қай тұстан, қалай жүргізуіміз керек? Осы мәселелерді қоғам талқысына салып, ой елегінен өткізуіміз керек. Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы: – Бүгінгі кездесуіміздің өзі кездейсоқ емес. Біздің басқосуымызға тәрбие жұмысындағы кейбір кемшіліктеріміз себеп болып отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған сананы жаңғырту жолдары – дер кезінде көтерілген дұрыс мәселе екені дәлелденіп отыр. Мұндай қылмыс – сананың кеселі деп бағалауымыз керек. Қоғамдық санаға серпіліс керек. Ол үшін жүйелі қалыптасқан жұмыс жүргізуіміз қажет. Тәрбие мәселесі – тәуелсіз мемлекетіміздің ең шешуші факторына айналуы тиіс. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз алған білім қауіпті» деген сөзді бекер айтпаған. Қылмысқа баратындардың бәрі мектеп бітірген, білімі бар. Бірақ ол білім –адамның сана-сезімінің деңгейін, адамгершілігін көрсете алмай отыр. Айналамыздағыларды жақын тартып, мейіріммен қарасақ деймін. Үлкенді сыйлау, өзінің шыққан жерін, тегін білу – оны қадірлеу деген сөз. Берік УӘЛИ: – Қазіргі таңда бір таңғаларлық мәселе – мұндай жағдай туындаған кезде көбінесе барлығымыз бір адамды кінәлауға ұмтыламыз. Билік кінәлі, ата-ана кінәлі, құқық қорғау органдары кінәлі. Жалпы біздің қоғам неге безбүйрек боп кетті? Айта берсек жалғаса береді, бірін-бірі пышақтап, атып жатқан, баласын сатып немесе туа сала әжетханаға тастап кеткендер... Осының бәрі ойландыруы керек деп ойлаймын. Статистикаға жүгінсек, қоғамда осындай безбүйректер өте көп, бірақ біз соған бейжай қараймыз, тіпті реакция жоқ. Осындай жағдай болып жатыр десең, «а-а» деп аңырайып қарайтын күйге жеттік. Уәлихан СЕКСЕНБАЕВ, Облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция майоры: – Денис Теннің өліміне байланысты факті бойынша айтатын болсақ, күдікті Меркі ауданының тумасы Нұралы Қиясов мектепте орташа оқыған. 3-тен жоғары баға алмаған. 2011 жылы 9-сыныпты оқып жүрген кезінде, әке-шешесі бұл баланың ҰБТ тапсырмайтынына көзі жетіп, сол ауылдағы колледжге оқуға түсіреді. Онда «дәнекерлеуші» мамандығын алып шығады. Бұл мамандыққа бүгінгі таңда сұраныс көп. Бірақ ол осындай сұранысқа ие мамандықты алып шықса да, жұмыс істемей жүрген. 2013 жылы әкесі мен шешесі арадағы түсініспеушілік бойынша ажырасқан. Ол анасының қолында қалған. Көршілерінің айтуы бойынша, сол кездің өзінде бұл бала отбасында ешкімді тыңдамайды екен. Көбінесе үйінде болмайтын көрінеді. Тек қана түнеуге келіп отырған. Әке тәрбиесін көрмеген. Колледжді бітіргеннен кейін, 18 жасында Алматыға кеткен. Ал анасы баласының қандай мекен-жайда тұрып жатқанын, не жұмыс істеп жүргенін де білмейді. «Менің білуімше, құрылыста немесе басқа жерде істеп жүр» дейді анасы. Берік УӘЛИ: – Бұдан шығатын қорытынды – ата-ана жауапкершілігінің жоқтығы. Өздеріңізге мәлім «Неке және отбасы» туралы Кодексінің 70-бабының 2-тармағында былай жазылған: «Ата-аналардың өз баласын тәрбиелеуге құқы бар және солай етуге міндетті». Алайда біз балабақшада тәрбиешіні, мектепте мұғалімді, университетте оқытушыны жауапты санаймыз. Сондай көзқарас қалыптасқан. Ал ата-ана үнемі сыртта қалып отырады. Неге? Өзіңіз әлеуметтанушысыз, осы мәселелерді зерттеп жүрсіз. Бұл туралы не айтасыз, Фарида ханым? Фарида МАМЕДОВА, «Жастар зерттеу» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, әлеуметтанушы: – Бұл мәселе бір ғана өңірдегі өзекті жайт емес, еліміздегі қоғамдық ортаға қатысты. Рас, қазір отбасылық құндылықтар тым төмендеп кетті. Ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтін болды. Әрине, тек қана «ақша тап» деп айта берсе, жастар оқуға, өз белсенділігін арттыруға көңіл бөлмейді. Қоғамдағы кез келген келеңсіздіктің себебі – рухани құндылықтарымызды жоғалтып алғанымыздың салдары. Қылмыскердің кәсіби білімі бар, сөйте тұра ол оңай олжа табудың жолын іздейді. Біздің аға буын жұмыс істеп, ақшаны күреп тауып, баюды емес, қоғамға қандайда бір пайда келтіруді ойлайтын. Ал кісі өліміне себепші болған мына 2 қылмыскер ұрлық жасап, табыс табуды ойлаған. Біз нені уысымыздан шығарып алдық? Бұл – алдымен қоғамның рухани дағдарысы дер едім. Біз жастар арасында әлеуметтік сауалнама жүргіземіз. Сонда олардың 15 пайызы дін институттарына сенетінін айтады. Көпшілігі соттардың төрелігіне, полицияға сенімсіздік танытады. Осыдан келіп мемлекетке деген сенім азаяды. Шетелге кеткісі келетіндер көбейеді. Отбасында баланы білім алуға итермелеуден гөрі, қалай көп табыс табудың жолын үйретудің себебі де сонда. Отбасындағы, қоғамдағы рухани құндылықтардың құлдырап кеткені осыдан. Қылмыстық әрекеттердің алдын алудың бір жолы – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру, яғни барлық қоғамдық орындарға бейнебақылау қондырғыларын орнату керек. Мәселен, әрбір мешітте бейнебақылау камералары орнатылған. Мешітте ұрлық көп жасалмайды. Ал қоғамдық орталарда түрлі қылмыстар көп орын алуда. Берік УӘЛИ: – Сандық жүйеге көшу – бұл мәселенің алдын алудың бір жолы деп ойлаймын. Мысалы, Астана қаласында жол ережесін бұзушылардың саны бейнебақылау камералары қойылғаннан кейін бірден азайды. Яғни адам өзін-өзі саналы түрде тәрбиелей бастады. Өйткені әркім жолды қиып өтсе, үйіне айыппұл қағазы келіп тұратынын біледі. Сондықтан бақылау құрылғыларын орнату дұрыс. Сонда қоғамдық сананы өзгертуге септігі тиетіні анық. Жалпы құндылықтардың өзгеруі – санаға байланысты. Мәселен, кеше ғана өткен футболдан әлем чемпионатын алайықшы, жапондар ойын біткен соң стадионды шашып кеткен жоқ, жинап кетті. Футболшылары киім ілетін жерін тазалап, рахметін айтып, табличка қойып кетті. Ал біз жер көлемі жағынан әлемде 9-орынды аламыз деп кеудемізді көтереміз. Алыс шетелді былай қойғанда, көрші Өзбекстанды алайық, әр азамат таңғы 4-те тұрып ауласын сыпырып, тазалайды. Әркім өзінен бастайды. Ал бізде мұның барлығын қоқыс тазалаушы істеуі керек, әйтеуір кінәні өзгеден іздеуге құмармыз. Неге өзімізден бастамаймыз? Уәлихан БОЛАТБЕК, Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы: – Біз 2 жыл болды «Сәтті қадам» деген жобаны қолға алып, жастармен кең ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жобаның екі бағыты бар. Біріншісі – ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, екіншісі – ҰБТ тапсырмаған немесе шекті деңгейден өтпей қалған түлектер. Осы екі топтағы жеткіншектердің жүріс-тұрысын, немен айналысып жатқанын зерделеп, сараптама жасадық. Қай бала қайда жүр? Өйткені мектеп бітіргеннен кейін мектеп, мұғалім өз жауапкершілігінен құтылады. Университетте де дәл солай. Ары қарай сол жастың жұмысқа орналасуына көңіл бөлініп жатқан жоқ. Берік УӘЛИ: – Осы жерден сөзіңізді бөлейін, жұмысқа қатысты болғаннан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтен қазіргі кезде біз жастарға қанша жұмыс орнын ұсынып жүрміз, соны сұрай кетсек. Жорабек БАУБЕКОВ: – Алдымен мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып өтсем, қазір еңбек нарығы елімізде тұрақты деп айтуға болады. Елбасының бастамасымен тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды шаралар қолға алынды. Осыған дейін айқындалған «Жұмыспен қамту – 2020», «Жол картасы», ал қазіргі таңда Елбасының бастамасымен іске асырылып жатқан «Еңбек», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама кәсіби білім беруден бастап, тұрақты жұмыспен қамтуға дейінгі барлық мүмкіндікті туғызып отыр. Мәселен, биыл облыста 4100 адамды қысқа мерзімді курстарда оқытамыз. Негізінен – жұмысшы мамандықтар. Қазір осы мамандықтың мәртебесін көтеру туралы мәселе көтерілуде. Әлемде жұмысшы – жалақысы жоғары мамандықтардың бірі. Себебі, олардың еңбегі нақты бағаланады. Ал бізде 40-50 мың теңгеден басталады да, көбісі содан қашады. Біз бағдарламаның екінші бағыты бойынша тегін бизнес курстарын да оқытып, кәсіпкерлікпен айналысуға үйретеміз. Бизнес жоспарын жасауға көмектеседі, бұл бағытта ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірге атқарылып жатқан бағдарлама бар. Осының нәтижесінде жеңілдетілген несие алады. Берік УӘЛИ: – Қазір облыс әкімі аудандарды аралауда. Жамбыл ауданына барған кезде естідім, ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 60 адамды кәсіптік даярлауға ақша бөлінген. Бірақ барып тексерсе 9 адам ғана оқып отыр екен. Сонда 51 адамның ақшасы қайда кетті? Оқып жатқан баланың ата-анасы «Сен оқуға неге бармайсың?» деп неге сұрамайды? Қадағалау жоқ. Сонда мемлекет бөлген ақша желге ұшып жатыр ма? «Жұмыс жоқ» деп жүргендердікі жай сылтау болғаны ғой. Бұл қалай сонда? Жорабек БАУБЕКОВ: – Қазір жұмыс бар. Электрондық биржада күніне 150-200 бос жұмыс орны жарияланады. Біреуінің мамандығы сәйкес келеді, біреуінікі келмейді. Бүгінде министрлік енгізген бағдарламалар бойынша бүкіл Қазақстан бойынша қандай вакансиялар бос, сол ашық көрсетіліп тұратын болған. Бірақ соған ұмтылып жатқан адамды көрмейміз. Елімізде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бағдарламалар жеткілікті. Рас, оқуға жолдама алғандардың бәрі бірдей сабаққа бармайтыны анықталды. Сондықтан өңір басшысының тапсырмасына сай бүкіл оқу курстары тексеріліп шықты. Нәтижесінде сабаққа бармай отырған 265 бала оқудан шығарылды. Жаңа сіз Жапонияны мысалға келтірдіңіз. Жапонияда балабақшада еден жуушы жоқ. Онда балаларды ерте жастан еңбекке баулиды. Мәселен, кеңестік кезеңде бізге 3-4-сыныптан бастап бақша өнімдерін жинатты. Ал қазіргі кезде «балалар еңбегін пайдалануға болмайды» деген талап шықты. Мұндай талапты алып тастау керек. Ұл-қызымызды кішкентайынан еңбекке баулымасақ, көп нәрседен ұтыларымыз анық. Таңертеңнен кешке дейін жұмысқа жегіп қой демеймін, бірақ бала еңбекпен тапқан нанның дәмін сезініп өсуі тиіс. Өзі ақша тауып, соған бір зат алса, оның құны қымбат болады. Берік УӘЛИ: – Тәрбие мәселесінде нені уысымыздан шығарып алдық. Расында барды қадірлей алмай жүрміз бе? Сіз Ауған соғысының ардагерісіз, қазіргі тілмен айтқанда «соғыс көрдіңіз» ғой. Қазір, Құдайға шүкір, елімізде бейбітшілік заман. Сөйте тұра бізге не жетіспейді? Айдың-күннің аманында жастардың бір-біріне пышақ ала жүгіретіні неден? Дүкенбай ЕРМЕКБАЕВ, Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы: – Қоғамға тәртіп керек. Балабақша да, мектеп те өз жұмысын істеп жатыр. Мәселе – ата-ананың жауапкершілігінің төмендігінде. Біздің қоғамда бала оқымай келсе де мұғалімнен көретін, бірдеңені бүлдірсе де мектепке жаба салатын үрдіс қалыптасып қалған. Мұның барлығын бір жүйеге қою керек деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, келеңсіздіктердің бір себебі – жұмыссыздықта жатыр. Жастардың тең жартысынан көбі жұмыс істемейді. Мұны мойындауымыз керек. Жұмысқа барып орналасқаннан кейін де айлықтарын ала алмай жүреді. Компанияларға жалданып жұмыс істейді. Ол жерлерде айлығының жартысын береді де, жартысын бермейді. Себеп тауып оларды қуып шығады. Осының барлығы келеңсіз жағдайларға апарады. Осының барлығын түрлі органдар тексеретіндей бір жүйеге қоюымыз керек. Жастарды да кінәлай беруге болмайды. Қазақта «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген сөз бар. Мынау кедейдің, мынау байдың, мынау шенеуніктің баласы деген көзқарас болмауы керек. Ешкім ешкімнен артық емес. Бәрін бір Алла жаратқан. Мықты машина мінген байдың балалары жолда ереже бұзып, жазадан сытылып кетіп жүргенін де көріп жүрміз. Қылмысты кімнің жасағанына қарамастан жауапкершілікке тарту керек. Берік УӘЛИ: – Жастар тәрбиесіне жауапты мекемелер ғана емес, қоғам болып атсалысып, күресуіміз керек. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор. Халықпен тығыз қарым-қатынастағы қоғамдық бірлестіктер жауапкершілікті арттырудың қандай жолын ұсынады? Жанна МАМАШЕВА, «БАҚ қызметкерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі: – Бәрі тәрбиеге байланысты. Бұрын біздің әкеміз «ел аузынан тастамайтын жақсы азамат бол» деп құлағымызға құйып отыратын. Ал қазір қоғамдағы сыйлы орынды адамның байлығымен өлшейтіндей деңгейге жеттік. Ата-ана баласына тек «ақша тап» дейді. Кешегі күдіктінің Меркіден шыққан ауыл жігіті екені белгілі бола салысымен, әлеуметтік желіде «ауылдан шыққан, мамбетизм» деп айыптап шыға келді. Сонда қала баласы қылмыс жасап жатқан жоқ па? Бұл дұрыс емес. Ауыл мен қала арасын өйтіп бөлуге болмайды. Елбасыдан бастап, елге белгілі азаматтардың барлығы ауылдан шыққан. Тәрбиенің өзегі негізінен ауылда жатқан жоқ па? Жастар жеңіл табыс табуды көздейді, жұмыс істегісі келмейді дейміз. Әлеуметтік желілерде 14-15 жастағы балалар «жұмыс керек» деп жазады. Жұмыс керек, бірақ жұмысым жоқ екен деп қылмысқа бару – бұл тәрбиенің осалдығынан. Берік УӘЛИ: – Осыдан екі ай бұрын менің де машинамның айнасын ұрлап кетті. Ол үшін полицияға хабарласып, өтініш жазбадым. Көпшілігі сөйтеді, «бір айна не тұрады сол, садақа» деп қолды сілтей салады. Бәрі сол ұсақ қылмысты елемегендіктен, жазсаң да бәрібір табылмайды деген полиция жұмысына деген сенімсіздіктен шығады. Негізі қалада ұрланған айналарды базарда сататын арнайы орны болады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері сол сатушымен жұмыс жүргізіп, ұрылардың бұл жүйесін неге бұзбайды? Уәлихан СЕКСЕНБАЕВ: – Сөзіңіздің жаны бар, көпшілігі ұрланған затын «садақа» деп қоя салады. Бұл – қоғамды немқұрайдылықтың билеп алғанының салдарынан. Тұрғындар «полиция жұмыс істемейді» деп жазғыратыны да рас. Ал қылмыскер Нұралыға келейікші, алдыңғы 2 ұрлық фактісі бойынша да бұл жігіт ұсталды. Алайда жәбірленушінің кешірімімен босатылды. Біз ұстауын ұстадық, алайда шағым білдіруші кешіре салды. Заң солай. Сондықтан ол біліп алған бәрібір соттамайтынын. Сондықтан ол қылмыс жасауын тоқтатқан жоқ. Берік УӘЛИ: – Яғни бізде түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз ғой. Мына Түркістан облысында (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) бұдан 4-5 жыл бұрын акция жүрген еді. Ол кезде сол өңірді Асқар Исабекұлы басқарып тұрған, әкімнің бастамасымен кешкі сағат 9 бен 10-дарда облыстық телеарнадан сол уақытта көрсетіліп жатқан бағдарлама немесе фильмді үзіп, экраннан «Құрметті ата-ана! Сіздің балаңыз қазір қайда жүр? Немен айналысуда?» деген сауал шығатын. Осыдан кейін теледидар көріп отырған кез келген көрермен сол уақытта баласының қайда екенін іздей бастайды. «Шынымен менің балам қайда жүр?» деп ойланатын болды. Осындай жүйені енгізіп, неге қоғамды тәрбиелемеске? Білім саласын басқарып отырсыз, бұл туралы Рахия ханым не айтар едіңіз? Рахия ТҰРМАХАНБЕТОВА, Облыстық білім басқармасының басшысы: – Біз құқықтық мемлекетпіз. Сондықтан кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге заңды сыйлауды үйретуіміз қажет. Мысалы, Корея мемлекетін алатын болсақ, онда бала 19 жасқа толмайынша, бірде-бір мекемеге жұмысқа тұра алмайды. Қызым Кореяда оқып жүр. Ол оқи жүріп, жұмыс істегісі келген. Бірақ қызым 19-ға толмай, еш жерге жұмысқа тұра алмады. Біздің қоғамға жетпейтіні де – осы. Әр жасқа өз баламыздай қарауға тиіспіз. Сонда тәртіп те сақталады, тәрбие де уысымызда болады. Заңсыздыққа жол берілмейді. Мұндай қылмысқа қоғам кінәлі ме, мемлекет кінәлі ме, деген сауалдар туындамауы керек. Қоғам болып отбасылық құндылықтарды дәріптеуге тиіспіз. Бүгінде мемлекет тарапынан бағдарламалар көп. Біз сөз етіп отырған қылмыскер Нұралы қолында дипломы бола тұра мамандығына сай жұмыс іздеді ме екен? Бұл жерде отбасы тәрбиесінің ақсап тұрғаны көрініп тұр. Мен мектеп тәрбиеге жауап бермейді деуден аулақпын. Мектеп те, мұғалім де тәрбиеге жауапты. Мұғалім бала бойындағы қасиетін байқап, дарынын дамыту бағытында тиісті жұмыстар жүргізеді. Оның бойындағы талантын ұштайды. Бірақ оған «сен темекі тарт, ұрлық жаса немесе біреуді өлтір» деп айтпайды ғой. Ата-ана мен ұстаздың бірлескен одағы қажет бізге. Қазір интернеттің заманы. Бала біткеннің бәрі смартфоннан бас алмайды. Анасы ас үйде жүреді де, баласының не істеп жатқанын бақыламайды. Балаға талап қойып, бос уақытын қалай өткізетінін қадағалауды ұмытпаған жөн. Берік УӘЛИ: – Жоғарыда Нұралының қандай бала, ата-анасы кімдер екені айтылды. Ата-анасы ажырасқан, бала оларды тыңдамайды. Сонда бұрыс жолға түскен жеткіншекке дұрысын айтар ешкім болмағаны ма? Баяғыда біздің елімізде түрме деген жоқ еді. Ақсақалдар алқасы тентегін тезге салып, тәрбиелеп отырды. Біз осы дала заңынан неге ажырап қалдық? Қазірде ақсақалдар алқасы, ауыл әкімі, дін саласының мамандары, полиция бар, бәрі неге бірлесіп жұмыс істемейді? Әлібек ӘМЗЕҰЛЫ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері: – Қоғамдық талқылау деген өте дұрыс бастама. Өкініштісі, қоғамдағы мәселелер – бұдан біраз жыл бұрын баланы тастап кеткен, әжетханаға лақтырып кеткен анасын талқыладық, тағы басқа түйткілді мәселелерді қаузадық. Бірақ бәрі айтылады да, сол жерде қалады. Біз қашанға дейін өз ауруымызды жасырамыз?! Өркениетті елдер тән жарасының өзін қандай дәрумен жетпегендіктен шыққанын зерттеп, соны емдейді. Елімізде талай Денис Тендер зардап шегіп жатыр. Олар танымал болмаған соң, бізге беймәлім. Қорасынан жылқысын, табындап сиырын айдап кеткендер бар. Олар шағым айтып баратын жеріне барады, бірақ нәтиже шыққан жоқ. Ұры ұсталса, кешірім бере салады. Сонымен қайта қылмыс жасалады. Біз қоғамның ортасында жүретін белсенді азаматтардың, ауылдық жерлерде ақсақалдар алқасын құруымыз керек. Берік УӘЛИ: – ХХІ ғасырда әлеуметтік желі – үлкен күш. Қоғамдық сананы қалыптастыру үшін әлеуметтік желіде азаматтар белсенді жұмыс жүргізуі керек, солай емес пе? Ихтияр МЫРЗАХМЕТОВ, блогер: – Облыс тұрғындарының 60 пайызы ауылдық жерде тұрады. Ауылдың жастары қалаға келеді, қаланың жастары Алматыға барып жұмыс істейді. Ал ақпарат ағыны толассыз жүруде. Ақпарат көбейген сайын рухани дағдарыс болады. Әр халықта өзіндік көзқарас қалыптасқан. Біздің ұлттық болмысымыздың ерекшелігі – «сіз-біздігіміз». Үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйлауымызда. Біз осыны жоғалтып алғандаймыз. Қазір көшеге шықсақ баяғыдай ата-апаларымыз жоқ. Басынан ақ жаулығын тастамайтын, көшеден көрген баланы шақырып алып қолына кәмпит ұстатып, айналып-толғанып отыратын апаларымыз жоқ. Қазіргі ағаларымыз үлгі көрсетудің орнына түнгі клубтарда жүретін секілді. Біз ұсақ нәрселерге еліктеп кеттік. Еуропаның үлгілері келсе де, біз өзіміздің мәдениетімізден ажырамауымыз керек. Гүлшат ҚҰЛАБЕКОВА, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің проректоры: – Маған қатты бататыны, қазақ ұлдарының осындай әрекетке баратыны. Соңғы уақытта бізде ер балалардың тәрбиесі төмен деңгейге түсіп бара жатыр. Ұрлық-қарлық, басқа да қоғамға жат әрекеттер – соның нәтижесі. Бұрын ауыл боп, тентегін тезге салатын. Бүгінгі қоғамға да шежірелі қарттар, аналар мектебі, әжелер мектебі керек. Бүгінде толық емес отбасылар бар. Ондай жанұяның балаларына әкенің, иә болмаса ананың тәрбиесі жетіспейді. Біз мәселе көтергенмен, оны зерттеп, зерделеп жатқанымыз жоқ. Мәселен, ер балалардың тәрбиесі мықты болса, жауапкершілігі мол, намысқой болады. Сөзі мен ісін үйлестіре білмейтін ынжық баладан шаңырақ иесі, ел ағасы шықпайды. Сондықтан отбасы тәрбиесі – ең негізгі мәселе. Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ, Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы: – Біз атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрді жоғалтып алғандаймыз. Қазақ қандай ел еді, үлкенді сыйлаған, кішіні құрметтеген, жесірін жылатпаған, жетімін қорғаған, қарттарын сыйлаған. Қазіргі кемшілігіміз – кінәні біреуге итере салатын, бойкүйездігімізде. Бабалар салған ізгі жолмен жүру үшін алдымен сананы тазартуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» да негізгі мақсаты – сол. Қоғамдық сана қалыптастыру үшін осы бағытта жан-жақты жұмыстар жүргізілгені дұрыс. Ол үшін телеарналардан ой саларлық түрлі бейнекөрсетілімдер көрсетілсе, одан мейірімділіктің сәулесі ұшқындап тұрса. Баяғыдай бір-бірін іздейтін бауырмалдық, адамгершілік қасиеттер қайда кетті? Міне осы мәселелерді ата-ана да, мұғалім де, үлкендер де айтып отыруы тиіс. Берік УӘЛИ: – Ислам – кісінің алажібін аттамауға үндейтін ізгі дін. Адам өміріне қиянат жасағандарға не дейміз? Ержан АМАНБАЕВ, Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы: – Негізінде қасиетті Құран Кәрімде нақақтан-нақақ адам өлтіру кешірілмес күнә екені айтылған. Адамның қылмысқа баруы – ары мен иманының жоқтығы. Алла тағала Құран Кәрімде: «Ей, иман еткендер, қиямет күні балаларыңның тәрбиесінен сұраласыңдар» деп жазылған. Яғни балаларыңды жалындаған оттан қорғаңдар дейді. Ата-ана баласының әрдайым өмір деген үлкен өзен екенін, адамның мақсаты сол өзенде ағыспен аға бермей, біреудің құқығына қол салмай, имандылықпен өмір сүруді үйренуі керектігін ескертіп отыруы керек. Сонда мұндай қылмыстар болмайды. Қазір бар кінәні біреуге итеруге құмармыз. Ал негізінде, қоғамның дертіне бәріміз кінәліміз. Кез келген азамат басқа үйдің тентегі болса да, біздің тентек деп қараса, иншаалла қоғам түзеледі. Ауыл, қала деп бөлмей, бір жұдырықтай жұмылсақ, біздің құндылығымыз, ғасырлар бойы жалғасып келген ислами тәрбиені сақтап қаламыз. Исламбек ДАСТАН, «ТұранИнфо» ақпарат агенттігінің директоры: – Нұралы Қиясов Меркі ауданынан екенін білген соң, мен оның оқу орнына бардым. Ол «дәнекерлеуші» емес, «машинист» мамандығын оқыған. Неге ол мамандықты оқыған? Себебі, әкесінің шаруа қожалығы бар, сонда жұмыс істеу үшін. Бірақ ол қожалықта еңбек етпей, Алматыға кетті. «Неге?» деген сұрақ туындайды. Қиясовтың кураторының, көршілерінің айтуы бойынша, әке-шешесі ажырасқаннан кейін шешесімен бірге Алматыға кетіп, сонда автомойкада жұмыс істепті. Кейін әкесі келіп, әйелін ілестіріп, баласын тастап кеткен. Осыдан бастап бала бұзыла бастаған. Берік УӘЛИ: – Денистің өлімінен кейін ұсталған қылмыскерлер туралы ақпарат құралдарының бәрі шулап жазып жатты. Әсіресе әлеуметтік желілер жылдамдық танытты. Сонда сол қылмыскерді жамбылдық деп астын сызып тұрып көрсеткендер көп болды. Негізінде қылмыскер ұлтқа, жерге бөлінбейді. Оны қылмыскер деп қана білеміз. Болды! Сондықтан ақпарат құралдары ақпарат таратқан кезде, қылмыскердің ұлтын, туған жерін айтып, ұлтараздықты тудыратын мәселелерді таратудан абай болуы керек. Жастардың бос уақытын пайдалы іске арнаса, мұндай келеңсіздіктер азаяр еді. Біз жастарға спортпен шұғылдануына жағдай жасап жатырмыз ба? Ауылда, өңірімізде қанша спорт нысаны бар? Нұрбол ЖҮНІСБЕКОВ, Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: – Облыста 46 спорт мекемесі бар. Оның барлығы тікелей жастармен жұмыс жасайды. Бізге балаларын алып келген ата-ананың айтатыны, «баламыз интернеттен көз алмайды. Әлеуметтік желіден әрнені көріп, ойы бұзылғанша, спортпен шұғылдансын» дейді. Жас ұрпақты патриот болуға тәрбиелейтін бірден-бір сала – спорт. Денис Тен де 5 жасынан бастап спортпен айналысқан. Әлемдік аренада еліміздің көк Байрағын көкке көтерген спортшымыз. Ата-ана баласы бос селтеңдеп жүрмесін десе, спортпен айналысуына жағдай жасауы керек. Бұған өңірімізде барлық жағдай жасалған. Елді мекендерде спорттық база бар. Мәди МӘТЕН, Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы: – Бүгінгі бағдарламада жастарға қатысты салмақты ойлар айтылды. Ең мықты тәрбие негізі – отбасында. Сондықтан тәрбие мәселесінде отбасы бірінші орында тұруы тиіс. Жалпы қазір жастардың бойында селқостық басым. Біз аудандарды аралаймыз, түрлі іс-шараларға жастарды қинап тартқандай боламыз. Ауылды жерлерде, тіпті үй-үйді аралап жастарға түрлі жобалар ұсынып, бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік барын түсіндіреміз. Алайда бәрі енжар. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Білім алса да, спортпен шұғылданса да, қоғамдық шараларға қатысса да – бәріне жол ашық. Бірақ талпыныс аз. Дәулет ҚОЛАҚАНОВ, Жасөспірімдерге арналған арнайы мектеп директорының орынбасары: – Біздің мекемеде тәрбиеленетін балалар 11 жастан 18 жасқа дейінгілер. Олардың көпшілігі толық отбасынан емес. Әке-шешесінің қадағалауынсыз қалған балалар не істеп, не қойғанын білмейді. Берік УӘЛИ: – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы рухани жаңғыруды ғана емес, сананы жаңғыртуды көздейді. Біз сананы қалай жаңғыртуымыз керек? Денис Тен өмірден озды. Қоғамда үлкен мәселе қалды. Сол мәселенің түйінін тарқатуымыз үшін істі неден бастауымыз керек? Фарида МАМЕДОВА: – Біз қоғамда мәдениеттілікті қалыптастыруымыз керек. Мәдениет – ол біздің ауызбіршілікті нығайту, қоғамдық тәртіпті сақтау. Адам қанша еңбектенсе, соған сай сыйын алады. Сондықтан баланы еңбекке баулу қажет, сонда әр нәрсенің қадірін біледі. Уәлихан СЕКСЕНБАЕВ: – Бүгінгі түйткіл – қоғамдағы мейірімділіктің азайып бара жатқанынан. Әлеуметтік желілерде біреу бір сөз айтса, жабыла талайды. Мәселен, жол-көлік оқиғалары болса, тас-талқан боп машина тұрады, жерде мәйіт жатады, ал осы тұстан өтіп бара жатқан адам әлеуметтік желіге салу үшін телефонына түсіріп алып жатады. Бірақ ешқайсысы келіп көмектеспейді. Қансырап жатқан адамды көріп, ешкім тоқтайын демейді. Бәрінің ойлайтыны, «бәлесінен аулақ». «Бұл – полицияның проблемасы» дейді. Ұрлық болып жатса да, егер өзінің дүниесі болмаса, біреуі хабарласпайды. Сондықтан әркім ішкі дүниесін тәрбиелеп, мейірімді болуы керек. Уәлихан БОЛАТБЕК: – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл әлем Германияны жек көрді. Сонда сол елдің бір азаматы «біз көшені тазалаудан бастайық» деді. Сол бір ғана сөз елдің дамуына жол ашты. Біз де солай нақты жұмыстан бастауымыз керек. Кез келген мәселеге сараптама жасап, оның түп-төркініне үңілуіміз қажет. Сонда ғана негізгі мәселені шешуге үлес қосар едік. Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ: – «Рухани жаңғыруымыздың» өзегі – негізгі құндылықтарымызды құнттау. Егер біз оны белгілі дәрежеге жеткізе алсақ, онда мақсатымызға жеткеніміз. Өйткені идеология халықтың рухани сұранысымен біте қайнасып жүрген кезде ғана нәтижесін береді. Берік УӘЛИ: – Қазақтың «Ауруын жасырған өледі», «Жауырды жаба тоқуға болмайды» деген сөздерінің мәнін осындайда түсінеміз. Шыны керек, чемпионымыздың өлімі қоғамның ең өзекті мәселесін алдымызға кесе-көлденең тартты. Бұдан жасайтын қорытынды біреу – сыннан қорытынды шығару. Жапонды жақсы көріп, оларға қызыққанымызбен, олар бізге жақсысын бермейді. Жақсы қоғам құру – халықтың өзіне қажет. Билік бізге мүмкіндікті беріп отыр. Ақсақалдарымыз, жастарымыз бар – қоғамның әр саласының мүшелері осы бағыттағы жұмысты жалғастырсақ, дамыған, мықты мемлекет құру өз қолымызда. Бүгін бәрі айтылды, тек содан қорытынды шығарайық.