Еуропа лигасындағы Қазақ командаларының қарымы қандай?
Еуропа лигасындағы Қазақ командаларының қарымы қандай?
«Қайрат» пен «Тобыл» жанкүйерлердің сенімін ақтады Футболдан Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі ойындар қыза түсті. Кәрі құрлық клубтары арасындағы додада ел намысын Алматының «Қайрат» командасы мен Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы абыроймен қорғап келеді. Еуропа лигасының екінші кезеңінің бірінші ойынында «Қайрат» голландиялық «АЗ Алкмар» командасын қабылдап, маңызды жеңіске қол жеткізді. «АЗ Алкмар» футбол клубы еурододаларда тұрақты өнер көрсететін, әбден ысылған, тәжірибелі ұжым саналады. Бір сөзбен айтқанда осы жұптағы екі кездесу қорытындысы бойынша «АЗ Алкмардың» бәсі басым түсуі ықтимал екенін көпшілік жақсы түсінген. Дегенмен қазақстандық команда футболшылары фаворитті қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақтылауды мақұл көрді. Төреші ысқырығы естіле салысымен екі клубтың футболшылары ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, есеп ашудың жолдарын қарастырды. Әйткенмен «Қайрат» футболшылары шалт қимылдарымен қарсыластарынан айласын асыруға тырысты. Қазақстандық команда жылдам гол да соғып үлгерді. Ойынның 12-минутында Адеринсола Эсеола «АЗ Алкмардың» қорғаушыларының арасынан сытылып шығып, мергендігімен көзге түсті. Кездесудің бірінші кезеңінде екі тараптан да өткір шабуылдар ұйымдастырылғанымен, таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Ойынның бірінші бөлігінде жылдам гол соғып, басымдыққа ие болған алматылықтар екінші кезеңде есепті еселеуге тырысты. Нәтижесінде 49-минутта Адеринсола Эсеола екінші мәрте қанжығасын майлап, кездесудің қаһарманы атанды. Бұдан кейін алаң қожайындары да, қонақтар да есепті өзгертуге тырысқанымен, әрекеттерінен түк өнген жоқ. Осылайша «Қайрат» 2:0 есебімен басымдылық танытып, жанкүйерлерді желпіндіріп тастады. Қазақстандық команда енді сырт алаңда өтетін екінші ойында да әдемі ойын өрнегін көрсетіп, келесі кезеңге өтеді деген ойдамыз. Оған мүмкіндік те бар. Еуропа лигасында сынға түсіп жатқан қостанайлық «Тобыл» футбол клубы Арменияның «Пюник» футбол клубын қабылдап, жеңіс тойын тойлады. Ойынның 49-минутында Максим Федин тамаша гол соғып, есеп ашса, 80-минутта Азат Нұрғалиев есепті еселеді. 90-минутта «Пюник» шабуылшысы Руслан Корян бір голдың авторы атанды. Қорытынды есеп 2:1. «Тобылдың» пайдасында. Қостанайлық команда да қарымта матчта басымдықты қолдан сусытпай, келесі кезең жолдамасын иеленеді деген үміттеміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.