- Advertisement -

Алауыздықты тыятын ақсақалдар қай қоғамға да қажет

172

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жоғарғы Соттың бастамасымен «Татуласу сотқа дейін, сотта» жобасы қолға алынған еді. Ондағы мақсат – халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді шешу. Осы жоба шеңберінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде кездесу өтіп, «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» тақырыбы кеңінен қаузалды.
Кездесуге арнайы келген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен мен «Бірлесе даму әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту» қоғамдық қорының президенті Нұргүл Қарағойшина облыс зиялы қауым өкілдерімен еркін форматта әңгімелесіп, ойларын ортаға салды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, ғалымдар және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, облыстың Құрметті азаматтары, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысып, бітімгершілік жүйесін дамытуда нақты нәтижеге жету жолын бірге талқылады.
– Жоғарғы Сотта жыл басынан жобалық менеджмент әдісімен 7 топ жұмыс істеуде. Олар: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «Е-сот» және «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобалары. Бұл бағдарламалар жаңа жүйені қалыптастырып, түбегейлі өзгерістер енгізуді қолға алып отыр. Дерекке сүйенсек, біздің елде адам басына шаққанда әрбір төртінші азамат дауға тартылып, соттасады екен. Жамбыл облысында басқа өңірлермен салыстырғанда даукестік деңгейі төмен. Дегенмен соттасушы адамдар саны тұрғындардың 4 пайызын құрап отыр. Қылмыстық істерді есепке алмағандағы көрсеткіш осы. Статистикалық мәліметтерге сай, өршіп тұрған даулардың көбі отбасылық. Оның ішінде неке бұзу, ата-ана, баласын асырау үшін алимент өндіру даулары. Қазіргі кезде елімізде әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып, некелері бұзылатыны жасырын емес. Жамбыл облысында 2017 жылы – 3280, 2018 жылдың 6 айында 1600 отбасы ажырасқан. Соның әсерінен жылына 6 мыңға жуық бала отбасында толыққанды тәрбие алмауда, – деді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен.
Отбасы – қоғамның алтын діңгегі. Ұлттық тәрбиенің ошағы, мемлекеттің тірегі. Негізі сот ерлі-зайыптыға тек татуласуға мерзім берумен ғана шектеліп, олардың арасында түспейді. Қарым-қатынас жасап, үгіттей алмайды. Ал бұған қоғам қарсы тұра алады. Жастарды райынан қайтаруға солардың ортасы ықпал етеді. Сондықтан осы әлеуметтік құбылыспен қоғам болып күресу қажет. Жиында осы мәселені сөз еткен зиялы қауым өкілдері медиация жүйесін қажет ететін даулардың бірі отбасылық жанжал екенін ашық айтты.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі жоба аясында қоғамда қалыптасқан даукестік деңгейін төмендетудің 4 жолын айтып өтті. Бірінші – үгіт-насихат жүргізіп, жұртқа дауды шешудің балама әдістерін үйрету. Екінші – татуласу орталықтарын ашып, халыққа тегін, сапалы, кешенді қызмет көрсету. Үшінші – билер институтын жаңғыртып, оны дауды шешудегі балама әдіс ретінде қолдану. Төртінші – болмашы даулар бойынша сотқа дейінгі медиацияны заңнамаға енгізу. Бұл даулардың сотсыз шешілуіне мүмкіндік береді және қоғамдағы даукестік деңгейін азайтады.
Бұл жүйені дамытуда ақсақалдар кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтердің, жастар саясатымен айналысатын ұйымдардың жүйелі көмектері қажет.

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support